Қоғам

Қаржы пирамидаларының қақпаны қауіпті

Соңғы жылдары қаржы пирамидаларына алданып, ақшасынан айырылған азаматтардың саны артып келеді. Сондықтан халықты алаяқтардан сақтандыру, қаржылық сауаттылығын арттыру мемлекет үшін маңызды міндет. Әдетте алаяқтар «Елу берсең, жүз аласың» деген сөз тіркесін желеу етіп, жеңіл ақша табу жолын ұсыну арқылы азаматтарды алдап, атына несие рәсімдесе, енді бірі артынан адам тарту әрекеті арқылы алаяқтық іске жасырын серіктес етіп алады. Елімізде жыл басынан бері мұндай 36 қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылған.

«Бір жылдың ішінде адам танымастай байып кетесің». Иә, бұған сенуге болады. Дегенмен сөздің жалғандығы жасырын қалып, алдау фактісі орын алып жатқанын ақшадан қысылып жүрген жандардың байқамайтыны анық. Құлаққа жағымды естілген бұл сөздің жетегіне еріп, бар ақшасынан айырылған адам көп. Әлі қанша адамның ауызы күйетіні де белгісіз.

Қазіргі таңда қаржы пирамидалары ашық жұмыс істеуде. Өздерін арнайы кәсіпорын ретінде таныстырып, алғашында белгілі бір айлық беруге уәде етіп, екі-үш кездесуден кейін көп табыс табу жолын үйрететіндерін айтады. Бұл барлық қаржы пирамидаларының басты қаруларының бірі. Яғни келушілердің осал тұсын, қаржыға деген қиыншылық деңгейін біліп, айтқандарына көндіріп алады.

Елімізде Қаржы мониторингі агенттігі қаржы пирамидаларының қызметін анықтау және тоқтату бойынша жүйелі жұмысын жалғастыруда. Мәселен, жыл басынан бері жалған инвестициялық жобалар туралы ақпарат таратқан 7 мыңнан астам интернет-сайттың жұмысын тоқтатып, бұғаттаған. Сонымен қатар жалпы аудиториясы 276 мың адамды құраған «Instagram» және «Telegram» желілеріндегі 43 заңсыз чат жабылған. 86 мыңнан астам азаматты тартқан 36 қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылған. Бүгінде 19 қаржы пирамидасына қатысты 46 сотқа дейінгі тергеу аяқталып, 12,5 миллиард теңге сомасына мүлікке тыйым салу арқылы келтірілген шығынды өтеу қамтамасыз етілген.

Айта кету керек, 2021 жылдан бері 100-ден астам қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылған. 227 ұйымдастырушы нақты мерзімге бас бостандығынан айырылған.

Мысалы, осы жылы Бас прокуратураның үйлестіруімен және Қаржы мониторингі агенттігінің жүргізген тергеу шаралары нәтижесінде «Asar Baspana» қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылды. Ұйым тұтынушылық кооператив ретінде жасырын жұмыс істеп, 86 мыңнан астам азаматтан 12,4 миллиард теңге жинаған. Салымшыларға ай сайын 30 пайызға дейін пайда уәде етілгенімен, шын мәнінде нақты бизнес жүргізілмеген. Барлық төлемдер жаңа қатысушылардың қаражаты есебінен жүзеге асқан.

Тергеу барысында пирамида ұйымдастырушылары «Құрылыс материалдарын өндіру, тігін цехын ашу және тұрмыстық, медициналық техника шығаратын зауыт жұмыс істеп жатыр» деген жалған ақпарат таратқаны анықталған. Шынтуайтына келгенде, тауарлар үшінші тарап жеткізушілерінен сатып алынып, «Asar Baspana» логотипімен таңбаланған.

2024 жылдың желтоқсанынан бастап салымшылардың сенімі азая бастағанда, ұйымдастырушылар автосалон ашып, ресми дилерлермен әріптестік орнаттық деп хабарлаған. Алайда көліктер салымшылардың ақшасына алынып, ұйымдастырушылардың туыстарының атына рәсімделген. Қызметі әшкерелене бастаған сәтте ұйым жетекшісі сайтты «техникалық режимге» ауыстырған. Дегенмен серверлік деректер қалпына келтіріліп, «Gold» деңгейіндегі 15,5 мың салымшының тек біреуі ғана пәтер алғаны, ал «Platina» бағдарламасындағы 15 мың үміткердің арасынан тек бір салымшыға ғана көлік берілгені белгілі болған.

2025 жылғы 9 ақпанда 49 кеңседе және 81 күдіктінің үйінде тінту жүргізіліп, 1,1 миллиард теңге, сондай-ақ «Toyota Land Cruiser 300» және «Lexus 570» сынды 10 премиум-класс автокөлігі тәркіленген. Сонымен қатар 1,2 миллиард теңгеден астам қаражатқа шоттарға тыйым салынған. 2025 жылғы 11 ақпанда пирамида жетекшілеріне қатысты 2 айға қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданған.

Міне, барлық қаржы пирамидаларының алдау схемасы бір жүйе бойынша жүзеге асады. Жоғарыда айтылғандай басты қару «көп табыс табу» деген жалған сөз. Сондай-ақ алаяқтар өз-өздерін жасырын ұстау арқылы қылмыс жазасынан жалтарып кетіп, өзге қаржы пирамидасының іргесін қалайды. Бұл елімізде қаржы пирамидаларының көбеюіне сеп болуда.

Өз өңірімізде де қаржы пирамидаларымен күрес қарқынды жүргізілуде. Облыс бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті 2025 жылдың алғашқы алты айында қаржы пирамидасын және заңсыз ойын-сауық бизнесті ұйымдастыру деректері бойынша 6 қылмыстық іс тіркеген. Аталған департамент басшысы Руслан Касимовтың айтуынша, қаржылық пирамиданы құру және оған аумақтық жерлерде басшылық ету құқықбұзушылығы үшін 5 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы белгіленсе, қаржылық пирамида қызметін жарнамалау әрекеттері үшін 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Сонымен қатар департамент басшысы қаржы пирамидалары аясында тіркелген қылмыстық істерге де тоқталды. Ол департаментке облыс азаматтары тарапынан күмәнді қаржы ұйымдарына салынған ақша қаражаттарын қайтара алмауы фактілері бойынша арыздар-шағымдар көптеп келіп түсетінін айтады.

Қаржы мониторингі агенттігінің мамандары берген мәліметке сүйенсек, кез-келген компанияның қаржы пирамидасына қатысы бар-жоғын «Baiqa, piramida!» атты «Telegram»-ның боты арқылы оңай тексеруге мүмкіндік бар. Өкінішке қарай, «оңай олжаға кенелемін» деген үмітпен ақшасынан айырылып, сан соғып қалған азаматтар аз емес. Сондықтан егер сіз осындай алаяқтықтың белгілерін байқасаңыз немесе естісеңіз, бірден экономикалық тергеп-тексеру департаментіне хабарласыңыз. Бұл өзіңізді ғана емес, жақындарыңызды да қаржылық қылмыстың қақпанына түсуден қорғаудың ең сенімді жолы.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ