Экономика

Электр желілері жаңғырса – елге пайда

Өңірде жұртшылықты сапалы әрі үздіксіз электр энергиясымен қамту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Бұл ретте «Жамбыл электр жүйесі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі аймақтағы электр инфрақұрылымын жаңғыртуға, желілердің қуаттылығын арттыруға баса мән беріп отыр. Өткен жылы және биыл атқарылған жұмыстардың нәтижесінде тұрғындарды электрмен жабдықтау сапасы жақсара түсіпті. Мәселен, соңғы жылдарда ауқымды жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, жаңа техникалар мен заманауи технологиялар қолданысқа енгізілуде.

Цифрлық жүйе үдеріске енуде

Аталған серіктестікте жалпы 2 526 адам еңбек етіп жүрсе, оның 198-і – әкімшілік қызметкер, қалғаны өндірістік персонал. Серіктестік директоры Жұмағали Сабалақовтың айтуынша, кәсіпорын қолданыстағы заңнамаға сәйкес табиғи монополия субъектісі және сонымен қатар қоғамдық маңызы бар нарық субъектісі ретінде электр энергиясын беру және электрмен жабдықтау қызметін жүзеге асырады. Бүгінде оған қарасты облыс аумағында кернеуі 0,4-220 кВ-ты құрайтын 13 421,93 шақырым электр желілері және жалпы қуаты 1 918,8 МВА болатын трансформаторлық қосалқы стансалар жұмыс істеп тұр. Кәсіпорын құрамында 11 орталық өндірістік қызмет, 1 қалалық бөлім және 11 аудандық құрылымдық бөлім бар екен. Олардың әрқайсысы бокс, шеберхана және басқа да әкімшілік және өндірістік жайлармен жабдықталыпты. Анығын айтқанда, жеке жөндеу-өндірістік базалары бар, автокөлік, арнайы механизмдермен, қажетті материал және жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Инвестициялық бағдарлама орындалуда

Инвестициялық бағдарламаның уақытылы орындалуы серіктестік үшін де, облыс үшін де аса маңызды. Өйткені аймақтың энергетикалық инфрақұрылымын жетілдіру осындай бағдарлама арқылы жүзеге асатыны анық. Бұл ретте жоспарланған ауқымды жобалар уақытылы орындалып, электр желілерінің қуаты айтарлықтай артқан. Мәселен, электр беру желілері (ЭБЖ) және қосалқы стансалар (ҚС) салынып, реконструкцияланған. Сондай-ақ облыстың электр тұтынушыларының бір фазалы есептеуіш құралдары тұрмыстық деңгейдегі электр энергиясын коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесі (ЭКЕАЖ) бағдарламасы бойынша жаңа типтегі ddz 1513 құралдарына ауыстырылыпты. Тарқата айтқанда, 2021 жылы 31,311 шақырым 6/10 кВ әуе желісі, 9,582 шақырым 0,4 кВ әуе желісі және 0,983 шақырым 6/10 кВ кабель желісі тартылған. Сонымен қатар 200 дана комплектілі трансформаторлық қосалқы станса және тарату пункті орнатылған. Тұрмыстық деңгейде электр энергиясын коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесін енгізу мақсатында дерек жинақтағыш 200 концентратор және 7 858 дана бір фазалы (DDZ 1513) көпфункциялы есептеуіш қойылыпты. 2022 жылы 17,82 шақырым 6/10 кВ әуе желісі мен 63,599 шақырым 0,4 кВ әуе желісі жүргізілген. Бұған қоса 10 концентратор және 7 282 дана бір фазалы көпфункциялы есептеуіш орнатылыпты. Бұрнағы жылы 81,23 шақырым 0,4 кВ әуе желісі тартылып, 100 дана комплектілі трансформаторлық қосалқы станса және тарату пункті іске қосылған. Электр энергиясын коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесі аясында дерек жинақтағыш 8 концентратор және 6 662 дана бір фазалы есептеуіш пайдалануға берілген. Өткен жылы 101,48 шақырым 0,4 кВ әуе желісі жаңартылып, 60 дана комплектілі трансформаторлық қосалқы станса және тарату пункті орнатылыпты. Сонымен қатар 200 концентратор және 13 933 дана бір фазалы көпфункциялы есептеуіш қолданысқа енгізілген.

Осы жылы 250 шақырым 0,4 кВ әуе желісін тарту, 200 концентратор және 14 750 дана бір фазалы көпфункциялы есептеуіш орнату жоспарланыпты.

Көппәтерлі үйдің жалпы қажеттіліктері үшін есептеуіш құралдарды орнату кезінде жиі кездесетін мәселелер бар көрінеді. Атап айтқанда, энергия беруші ұйым есебінен орнатылатын (бұрын орнатылған) есептеуіштердің жұмысын қадағалап, мерзімінде күтім жасайтын пәтер иелері кооперативі немесе мүлік иелерінің бірлестіктері секілді жауапты тұлғалардың болмауы жұмыс жүргізуге кедергі келтіруде.

Тараптардың пайдалану жауапкершілігі шекарасында электр қуатын есептеу құралын орнату үшін көппәтерлі үй жертөлелерінде орналасқан электр қондырғыларына жетуді (кіру-тарату құрылғылары, кернеуі 0,4 кВ кіру шкафтары) қамтамасыз ету де қиындық тудырады. Мысалы, тұрғындардың болмауы немесе жертөле кілтін бермеуі осындай жағдайға себеп болады екен.

Тараз қаласындағы «Ұлы дала» шағынауданы көппәтерлі үйлерінің жылыту жүйесіндегі циркуляциялық сорғы тұтынатын (бұрын тұтынылған) электр энергиясы үшін төлем жасауға қатысты шешілмеген мәселелер де бар. «Ұлы дала» шағынауданында барлығы 93 үй тұрғындарының бір бөлігі (шамамен 33 пайыз) қолдан мәселе тудырып жатқан сыңайлы. Нақты айтқанда, сорғының электр энергиясын тұтыну көрсеткішінің жоғарылығы, сондай-ақ кейбір пәтер иелерінің циркуляциялық сорғы тұтынған электр энергиясы үшін төлем жасаудан бас тартуы көп іске кедергі келтіріп тұр. Бір циркуляциялық сорғы қуатына байланысты айына 500-750 кВт сағ. шамасында электр энергиясын тұтынады. Жылыту кезеңінде сорғылар жылыту жүйесінде тиісті температура мен қысымды сақтап тұру үшін тәулігіне 24 сағат жұмыс істейді. Арыз-шағымдардың көптеп түсуі, сондай-ақ әлеуметтік шиеленістің орын алуына жол бермеу мақсатында жылу беру кезеңінде (2024-2025ж.ж.) кейбір үйлерде (үйлердің жалпы санының 33 пайызы) орнатылған циркуляциялық сорғылар үйдің жалпы қажетіне жұмсалған электр қуатын есептеу құралдарынан уақытша ажыратылыпты.

Бүгінгі таңда үйішілік электр желілерінің монтажы және тұтынушылармен өзара есеп айырысуды жүзеге асыру үшін пайдаланылатын есептеуіш құралдарды орнату жұмыстары «Астана» шағынауданының көппәтерлі үйлерінде жүргізіліп жатыр екен.

Автокөлік паркі мен аспаптар жаңаруда

Бекітілген тарифтік смета және инвестициялық бағдарлама аясында 2021-2025 жылдары «Жамбыл электр жүйесі» ЖШС автопаркі 30 пайызға жаңартылыпты. Қызметтер мен құрылымдық бөлімдер үшін 1 165 848,1 мың теңгеден астам арнайы мақсаттағы автокөлік сатып алынған. Атап айтқанда, 12 экскаватор-тиегіш, 11 манипулятор, 8 автомұнара (оның ішінде төртеуі – 16 метрлік), 1 фронталды тиегіш, оперативтік персоналға арналған 12 жеңіл автокөлік, 1 өтімділік деңгейі жоғары автомұнара алынған. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында 48 000,00 мың теңгеге 2 эксковатор, 71,428 мың теңгеге 25 тонналық 1 жүккөтергіш, жалпы сомасы 200,000 мың теңгеге 2 тягач және 2 жартылай тіркеме, жөндеу бригадалары мен қызметтері облысымыздың адам аяғы жетуі қиын өңірлеріне баруы үшін 15 пикап көлігі сатып алыныпты. Осы жылдың соңына дейін автокөлік паркін одан әрі жаңарту және облыстың қарлы аудандары үшін «снегоход» көліктерін сатып алу жоспарланған екен.

Тиісті қызметтер тапсырмаларды жедел орындауы үшін жалпы сомасы 7 764,304 мың теңгеге түрлі жабдықтар мен аспаптар алынған. Тарқата айтқанда, сандық UT512 мегаомметрі, сандық ut620в тұрақты ток микроомметрі, сандық UT521 жерге тұйықтау құрылғыларының өлшеуіші және облыстың жету қиын жерлерінде орналасқан электр желілерін бақылауға арналған квадрокоптер. Сондай-ақ қолданыстағы техниканы күтіп ұстау және жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр.

«Жамбыл электр жүйесі» ЖШС 2025 жылы бірқатар іс-шараларды орындауды жоспарлапты. Тарқата айтсақ, 220/110/6кВ «Маханов» қосалқы стансасы, 110/35/10кВ «КС-5» қосалқы стансасы, 35/6кВ «Сахзавод» қосалқы стансасы, 220/35/10кВ «Бурное» қосалқы стансалары реконструкцияланады. Сондай-ақ Сарысу, Жуалы, Байзақ аудандарындағы ғимараттар мен құрылыстар күрделі жөндеуден өтеді, Шу АЭЖ жаңа әкімшілік ғимаратының құрылысы салынады. Кейінгі жылдары 2 дана 110/35/10кВ қосалқы станса, 4 дана 35/10кВ қосалқы стансаны қайта жаңарту жұмыстары жүргізілетін болады. Сондай-ақ АЭЖ ғимараттары мен құрылыстарын күрделі жөндеу жұмыстары жалғасатын болады.

Бұдан өзге, Қордай ауданында «Қордай-220» ҚС-нан 110кВ қосалқы стансаға дейін электр әуе желісін тартып, «Қордай-220/110/10кВ» қосалқы станса құрылысының жобасы іске асырылады. Оның ішінде Қордай ауылына дейін ӘЖ-110кВ құрылысы және қосалқы станса құрылысын салу көзделіпті. Жобаның сметалық құны – 12 082,203 миллион теңгені құрайды екен.

«Жамбыл электр жүйесі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің атқарып отырған жұмысы көңілден шығарлық. Электр беру желілері жаңартылып, заманауи трансформаторлық қосалқы стансалар орнатылуда, есептеу жүйелері толық автоматтандыруға көшірілуде. Болашаққа құрған жоспар да ауқымды. Облыстың барлық ауданын тұрақты әрі сапалы электр энергиясымен қамтамасыз ету, жүйені цифрландыру және қуат көздерін жаңғырту жұмыстары алдағы уақытта да кезең-кезеңімен жалғасады.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ