Қоғам

Бала құқығын қорғау – маңызды міндет

Бала құқығын қорғау – маңызды міндет

Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында бала құқығын қорғау тақырыбында брифинг өтті. Онда облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Айдын Досыбаева өскелең ұрпақ – жарқын болашақтың ең басты байлығы, асыл қазынасы, келешектің кепілі саналатынын сөз ете отырып, облыста Балалар жылы аясында салада атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды.

Облыстық білім басқармасы «Бала құқықтары туралы» халықаралық конвенция негізінде балалардың білім саласындағы құқықтарын қорғау жұмыстарын жүргізетіні белгілі. Осыған орай биыл шілдеде облыс әкімінің өкімімен балалардың құқықтарын қорғау уәкілі тағайындалыпты. А.Досыбаеваның айтуынша, қазіргі таңда өңірде балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және балалардың өмір сүру сапасын жақсартуға айрықша басымдық берілген. – Бүгінде облыста жасы 18-ге дейінгі балалар саны – 442 276. Оның 1 245-і – жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар. 930-ы Тараз қаласы мен аудандардағы қорғаншылық пен қамқоршылықтағы балалар болса, 135-і патронаттық тәрбиеде. 20 қабылдаушы отбасында 75 бала тәрбиеленуде. Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығында 64 бала бар. Кәмелетке толмаған ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды анықтау және оларды есепке алу мақсатында бүгінде жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл бойынша осы жылы 120 бала анықталып, бастапқы есепке алынды. Олардың 78-і қорғаншылық пен қамқоршылыққа, біреуі патронаттық тәрбиеге беріліп, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мекемелерге 34 бала орналастырылды. 8 бала жаңадан анықталып, отбасына орналастыру жұмыстары жүргізілуде. Биыл арнайы мекемелерден 9-сыныпты бітіріп шыққан 7 түлек өз қызығушылықтары бойынша мамандықтар таңдап, колледждерге грант есебінен оқуға түсті. Бала құқығын қорғау – қорғаншылық және қамқоршылық функцияларын жүзеге асыратын білім бөлімі жұмысының бірден-бір бағыты. Қазіргі таңда мектепке дейінгі ұйымдар саны 570 болса, онда 57 мың 75 бала тәрбиеленеді. 1-6 жас аралығындағы мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылғандар үлесі 91,5 пайыз. Ал 2-6 жас аралығындағылар – 94,1 пайыз, 3-6 жас аралығындағылар – 100 пайыз. 443 күндізгі мектепте 237 641 оқушы білім алуда. 2022 жылы оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді және қосымша оқу құралдарын сатып алу үшін 2,9 миллиард теңге қаржы бөлінді. Биыл жалпыға міндетті білім беру қорынан аталған санаттағы балалар үшін 5,2 миллиард теңге қаралды, – дейді Айдын Орынбекқызы. Қазіргі таңда балалардың қосымша білім алуына ерекше назар аударылған. Мектептен тыс мекемелердің саны соңғы 3 жылда 4 бірлікке артыпты. Оқушылардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында облыс бойынша 78 мектептен тыс мекемеде 68 570 оқушы қосымша білім берумен қамтылған. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 774 балаға көбейгенін көрсетеді. – Өздеріңізге белгілі, биыл Тараз қаласында «Бақытты болашақ» оқушылар сарайы пайдалануға берілді. Аталған мекемеде 8 000-ға жуық оқушы түрлі үйірмелермен қамтылған. Мектептердегі 3 543 түрлі спорт секцияларына 101 356 оқушы барып жүр. Жалпы облыс бойынша қосымша білім берудің барлық түрімен қамтылған оқушылар үлесі 83,7 пайызды құрайды. 2022-2023 оқу жылында ерекше білім алуды қажет ететін 7 898 бала анықталған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда өзгеріссіз қалып отыр. Оның ішінде 3 066 баланың мүгедектігі бар. 7 898 баланың 3 398-і мектеп жасына дейінгі балалар, 4 500-і оқушылар. Оның 5 702-сі біліммен және тәрбиемен қамтылды, – дейді А.Досыбаева. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты мәселе. Сондықтан бұған да баса мән берілген. Мәселен, облыстағы 443 мектептің, 438 балабақшаның барлығына 100 пайыз бейнебақылау камералары орнатылыпты. Облыс бойынша бейнебақылау камералары орнатылған 443 мектепте 9 296 дана бейнебақылау камерасы бар. Олардың 3 371-і ғимараттың сыртында болса, 5 925-і нысан ішінде. Облыс бойынша 65 мектепке турникеттер қойылған көрінеді. Өңірдегі 443 мектептің 137-сіне «Дабыл түймелері» орнатылған екен. Айдын Досыбаева бүгінгі ұрпақтың ертеңгі күні мықты азамат болып өсуі үшін балалар құқығы тиісті деңгейде қорғалуы керектігін меңзеді.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ