Жаңалықтар

Енді Kaspi.kz арқылы смартфондардың заңдылығын тексеруге болады

Қазақстанда мобильді құрылғыларды тіркеу қағидаларына өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды arainfo.kz

Енді смартфондардың бұғатталмауы үшін олар міндетті түрде мемлекеттік деректер базасында тіркеліп, расталған IMEI-кодтарға ие болуы қажет.

Осыған байланысты, Kaspi.kz азаматтардың және Kaspi Магазин серіктестерінің смартфондарды сатып алу және сату процесіндегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жаңа тексеру қызметін іске қосты.

Аталған қызметтің көмегімен Kaspi Магазин серіктестері тапсырысты рәсімдеуге дейін құрылғының IMEI-кодын енгізіп, оның мемлекеттік деректер базасында тіркелуін тексере алады.

Сондай-ақ, смартфон сатып алғаннан кейін әрбір сатып алушы Kaspi.kz суперқосымшасындағы "Тапсырыс мәліметтері" бөлімі арқылы құрылғының IMEI-кодын өз бетінше тексере алады.

Бұл мүмкіндік Kaspi Магазин арқылы сатылатын барлық смартфондардың ресми түрде әкелінгеніне, тіркелгеніне және Қазақстан аумағындағы кез келген ұялы байланыс операторымен кедергісіз жұмыс істеуге дайын екеніне тұтынушылардың сенімді болуын қамтамасыз етеді.