Жаңалықтар

Есірткіге қарсы күрес: Үкімет жанынан республикалық штаб құрылды

Президент тапсырмасы аясында есірткіге қарсы республикалық штаб құрылды, деп хабарлайды arainfo.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қауіпсіздік Кеңесі отырысында берген тапсырмаларын іске асыру шеңберінде Премьер-министрдің өкімімен нашақорлықтың алдын алу және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бойынша мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру жөніндегі Республикалық штаб құрылды.

Штабқа Премьер-министр басшылық етеді. Оның орынбасарлары ретінде Премьер-министрдің орынбасары мен Ішкі істер министрі белгіленді.

Штабтың негізгі міндеттері:

  • мемлекеттік органдардың нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес бойынша іс-қимылдарын үйлестіру;
  • алдын алу шараларының тиімді жүйесін әзірлеу және іске асыру;
  • есірткіге тәуелді азаматтарды профилактикалау, емдеу және оңалту жүйесін жетілдіру.

Штаб құрамына Бас прокуратураның, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Қаржы мониторингі агенттігінің, Ұлттық банктің, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілдері, сондай-ақ бірқатар жауапты министрліктердің басшылары енді.

Сонымен қатар Премьер-министрдің өкімімен облыстарда, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларында өңірлік штабтар құру көзделген.