Жаңалықтар

«Ашық есік» күні өтті

ҚР ІІМ ҚАЖК «№58 мекеме» республикалық мемлекеттік мекемесінің аумағында орналасқан РМК «Еңбек-Тараз» филиалында жеке кәсіпкерлерді тарту және сотталғандардың қолымен жасалған дайын өнімдерді көпшілікке таныстыру мақсатында «Ашық есік» күні өтті, деп хабарлайды arainfo.kz

Іс-шараға Жамбыл облысы прокуратурасының қызметкерлері, «Атамекен» Жамбыл облыстық кәсіпкерлер палатасы, Жамбыл облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы, Тараз қаласы әкімдігі, сондай-ақ «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының өкілдері мен өңірдегі шағын және орта бизнес субъектілері қатысты.

Қонақтар мекеме аумағында орналасқан өндірістік цехтармен танысып, сотталған азаматтардың қолымен жасалған өнімдер көрмесін аралады. Көрме барысында қолөнер бұйымдары, тұрмыстық заттар және басқа да дайын өнімдер ұсынылды.

Сонымен қатар, кәсіпкерлерге бос тұрған өндірістік ғимараттар көрсетіліп, оларды тиімді пайдалану, жалға алу және бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктері түсіндірілді.
Іс-шара аясында тараптар өзара тиімді ынтымақтастықты жолға қою, өндірістік әлеуетті кеңейту және сотталғандарды еңбекпен қамту арқылы олардың қоғамға қайта бейімделуіне жағдай жасау жөнінде пікір алмасты. Шара соңында кәсіпкерлер ұсынылған мүмкіндіктерге қызығушылық танытып, болашақта серіктестік орнатуға дайын екендерін білдірді.

Бұл бастама тек қана өндірістік дамуға емес, сонымен қатар сотталған азаматтарды еңбекке баулу және қайта әлеуметтендіру ісіне үлес қосатын маңызды қадам болып саналады.