Жаңалықтар

Сотталғандарға құқықтық түсіндірме жұмыстары жүргізілді

ҚАЖД №58 мекемесінде сотталғандарға құқықтық түсіндірме жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды arainfo.kz

Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №58 мекемесінде ҚР Қылмыстық кодексінің 428, 428-1 және 429-баптары бойынша түсіндіру шарасы өткізілді. Іс-шараға мекеме бастығының міндетін атқарушы, әділет подполковнигі А.Т. Ниязымбетов пен мекеменің жеке құрам қызметкерлері қатысты.

Түсіндірме жұмыстары барысында аталған баптар бойынша заң талаптары түсіндіріліп, арнайы дайындалған бейнероликтер көрсетілді. Шараға мекемеде жазасын өтеп жатқан сотталғандармен қатар, карантин бөлімшесіне жаңадан түскен сотталғандар да қатысты.
Мұндай құқықтық ағарту іс-шаралары сотталған азаматтардың заң алдындағы жауапкершіліктерін тереңірек ұғынып, құқықтық сауаттылықтарын арттыру мақсатында жүйелі түрде өткізіліп келеді.

Сондай-ақ, жазасын өтеу барысында мемлекетке, мекемеге немесе жеке және заңды тұлғаларға материалдық залал келтірген жағдайда, сотталған азаматтар материалдық және қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны ескертілді. Сонымен қатар, өз денсаулығына қасақана зиян келтіріп, соның салдарынан мемлекет есебінен емделуге мәжбүр болған жағдайда, емдеу шығындарын өтеу міндетті екені де түсіндірілді.

Іс-шара соңында сотталғандар тарапынан қойылған сұрақтарға толыққанды жауаптар берілді.