Ұстаз – ұлттың темірқазығы
Негізінде кісі баласына ақыл айтып, оны дұрыс тәрбиелеу, ұстаздық ету көрінген адамның қолынан келетін іс емес. Өйткені шәкіртті тұлға ретінде қалыптастыру үшін ұстаздың өзі соған лайық болуы керек. Бала тәрбиелеумен қатар ұстаздың өзі сол жолда өзінің әдебі мен іс-әрекеті арқылы алда жүруі тиіс. Сонда ғана ұстаз өзінің ақылы, білімі, даналығы арқылы өзгеден биік тұрады.
Қазақ халқы талай қиындықты бастан өткерді ғой. Мүмкін тәуелсіздіктің елең-алаң шағындағы қаржылық қиындық кезінде ұстаздар өз беделін өзі түсіріп алды ма екен? Әлде КСРО құрамындағы мемлекеттер ыдырап, әлем елдеріне шекара ашылғанда небір жат ағым мен жағымсыз үрдістер есігімізден ентелей еніп, есесіне ар-ұят, әдеп, кісілік, адамдық қасиеттермен бірге ұстазға деген құрмет те ортайды ма? Не болмаса бір кездері мектепті үшпен әзер оқығандар сырттай диплом алып, өз мектебіне мұғалім болып барғаннан кейін қоғам ұстазға деген көзқарасын өзгертуге мәжбүр болды ма? Мүмкін мұғалімдерді негізсіз жұмысқа жегу, сабақтан тыс міндеттер жүктеу, сайлау науқанында үй аралату, тазалықты желеу етіп сенбілікке шақыру ұстаз мәртебесінің төмендеуіне себеп болған шығар. Не десек те әйтеуір, ұстазға деген құрмет бәрібір бұрынғыдай емес. Егер мәселе біз сөз етіп отырғандай болмаса, елімізде 2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» арнайы заң қабылданбас еді. Аталған заңның қабылдануына осы тектес көптеген мәселе түрткі болғаны анық. Соның бірі – мұғалімдерге оқушының қол көтеруі, ата-ана тарапынан қоқан-лоқы көрсетілуі. Бір кездері әлеуметтік желілерде мұғалімдерді әжуалаған бейнежазбалар да тараған болатын. Осындай жағдайлардан кейін «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды деуге толық негіз бар. Ал дәл қазіргі жағдай қандай? Ұлт ұрпағын ұлылар жолына жетелейтін мұғалімнің құқығы лайықты қорғалып жатыр ма? Біз осы және басқа да сауалдарға жауап алу үшін облыстық білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбековпен тілдескен едік. Ол мұғалімге күш көрсету қоғамда әлі де бар екенін айтады. Сондықтан олардың құқығын қорғау, ұстазға қоқан-лоқы көрсеткендерді қатаң жазалау мәселесі Үкімет тарапынан талқыланып жатқан көрінеді.
Қоғамда педагогтің мәртебесін көтеру арқылы ғана біз білім беру сапасын жақсартатынымыз ақиқат. Өйткені мұғалім өзін қауіпсіз әрі сыйлы сезінсе ғана ол өз міндетін шығармашылықпен, шын ықыласпен атқара алады. Мұғалімнің құқығын қорғауға ата-ананың белсенділігі, мектеп әкімшілігі әсер етеді.
Әріптестерін құрметтеп, құқығын қорғау мәселесімен айналысып жүрген ұстаздың бірі – Гүлбағира Наушабаева. Ол Меркі ауданындағы №5 Ақарал жалпы орта білім беретін мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.
Ұстаз – ұлттың темірқазығы. Қоғам мұғалімді сыйлағанда ғана, сапалы ұрпақ өседі. Сондықтан ,қоғамды ойласақ, мұғалімдердің сапалы білім, саналы тәрбие беруіне қоғам болып атсалысқан жөн. Педагог мәртебесі жайлы өз ойын білдіруде ата-аналар да белсенді.
Осы ретте біз мұғалімді басынғысы келгендерге қандай шара қолданылатынын облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Алишер Қалышевтен сұрадық.
Педагог мәртебесі тек заңмен емес, қоғам қолдауы болғанда ғана биіктейді. Ұстаздың еңбегі әрқашан еленіп, лайықты деңгейде бағалануы үшін оларға барлық жағдай жасалуы, ал мұғалім өз беделін өзі төмендетуге жол бермеуі керек. Себебі ұстаздың беделі биік болғанда ғана ұлт ұрпағының бойынан білімнің, парасаттың, адамгершіліктің айқын бейнесі көрінеді.
Сымбат ҚУАНЫШ