Әлеумет

Өмір сынағын самғау деп қабылдаған рухты жандар

Олар мүмкіндігі шектеулі бола тұра, адам мүмкіндігінің шексіз екенін дәлелдеп, биіктен көрінген тұлғалар Анар Бексұлтанова мен Зүлфия Габидуллина. Қос қолы жоқ Анар өнері арқылы танылса, Зульфия спорт арқылы қоғамның жүрегіне үміт нұрын шашты. Екеуі де қайсарлық пен сенімділіктің символына айналған жамбылдық жарық жұлдыздар. Анардың аяқ саусақтарымен игеріп, кестелеген ою-өрнегі, Зульфияның жүзудегі табандылығы мен жоғары рухани болмысы еліміз үшін мақтан тұтар ең ұлы мысал. Олардың болмысы жас буынға шабыт сыйлап, мүгедектікке деген көзқарасты өзгертеді. Бұл қос әйелдің тағдыры қиындыққа қарсы тұрудың жеңіс жолы болса, жүріп өткен ізінде сенімі мен үміті жатыр. Бұл қос арудың еңбегі Қазақстанда инклюзивтілікке апаратын ұлттық күш. Анар мен Зульфия биіктен көрінген нағыз батырлар екенін бүгінде қазақ даласы мойындап қойған.

Табандылықтың тірегіне айналған Зульфия Ғабидуллина

Ол Тараз қаласында 1965 жылы дүниеге келген. Бес жасында автокөлік апаты салдарынан омыртқа мен бас-жұмсақ тіні жарақаттанғанының салдарынан жүру қабілеті шектелгенімен, жігері өшпеген қайсар қыз бұл. Арбаға таңылса да өмірді жаңа қырынан таныған жан. 1990-жылдардан бастап бірнеше спорт түрімен айналысып, арбадан жүгіру жарыстарында түрлі жеңістерге жетті.

2007 жылы кәсіби түрде жүзу спортын таңдаған. Осы шешімі оны оң бақытқа бастады. 2012 жылы Лондонда өткен Паралимпиадада алғаш рет сынға түсті, жарыс жолы сәттілікке толы болды. 2013-2015 жылдары әлем чемпионаттарында бірнеше медальға қол жеткізіп, өзінің шеберлігін дәлелдеді. 2014 жылғы Инчхон Азия Пара ойындарында 50 метрге еркін жүзуден әлемдік рекорд орнатып, алтынға қол жеткізді. 2015 жылы Глазгода өткен әлем чемпионатында екі қола медальді иеленді. 2016 жылы болса Рио-де-Жанейрода 100 метрлік еркін стильде алтынға қол жеткізіп, Қазақстанның Паралимпиададағы тұңғыш алтын медалін жеңіп алды.

2016 жылы «Барыс» орденінің ІІ дәрежесіне ие болды және облыстың Құрметті азаматы атанды. 2017 жылы Германияда өткен жарыста 200 метрде әлем рекордын жаңартты. 2018 жылы Джакартадағы Азия ойындарында бірнеше медаль иеленіп, ел спортшыларының арасында әйгілі тұлғаға айналды. Сол жылы қазақстандықтар таңдаған «Жыл спортшысы» атағына ие болды. 2024 жылы Париж Паралимпиадасында 50 метрге жүзудің S4 санатынан финалға өтті, бұл оның төртінші Паралимпиадасы еді. Финалда 42,85 секундтық нәтижесімен жетінші орынға ие болды.

Биыл Зульфия Қазақстанның Паралимпиада құрамасының капитаны және тәжірибелі жаттықтырушылардың бірі ретінде танылды. Қайсар қыз бизнес және қайырымдылық саласында да белсенділік танытып келеді. Ол көптеген қоғамдық бастамаларға демеу болуда. Табандылығы арқылы Қазақстандағы мүгедектер спорты мен мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған ортаны қалыптастыруда үлгіге айналды.

 

Ерік пен жігердің өлшеусіз иесі

Дүниеге екі қолсыз келген Анар 20 жыл облыстық музейде жұмыс істеген. Бүгінде қыз жасауын тігіп, көпке іскерлігімен, батылдығымен және өжеттілігімен танылып отыр. Ол ең алғаш «Janome» тігін машинасымен құрақ құрап, көрпе тігуді үйреніпті. Әлі күнге сол тігін құралымен жұмыс істеп, еңбек етуде. Екі қыздың анасы бүгінде аяғымен ине-жібін сабақтап, тігін тігіп, шағын кәсібін дөңгелетіп отыр. Жалғыз өзі қос қызғалдағын бағып-қағып, бірнеше адамның табыс табуына мүмкіндік беріп отырған кәсіпкер.

Анар «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 3 миллион теңге қайтарымсыз грант ұтып алып, тігін цехын ашқан болатын. Содан бері елден тапсырыс алып қыз жасауын тігуде. Бір аптада бес-алты қыз жасауы тапсырысын қабылдап, оны уақытылы тігіп беріп, елдің ақ тілегін алып отырған ісмер.

Бір жылдары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облысымызға жұмыс сапарымен келгенде Тараздағы «Arai Plaza» бизнес орталығында облыстың зиялы қауымы, ардагерлер, қоғамдық бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдар мен этно-мәдени бірлестіктердің өкілдерімен және жастармен кездесу өткізген болатын. Сол жиын барысында Анардың қос қолы болмаса да, жетістікке жетіп отырғанына сүйсініп, қолдау білдірген еді.

Расында Анардың ісі тек табыс көзі емес, шығармашылық самғау, ерлік пен табандылықтың ұлттық символы ретінде іске асырылып келеді.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ