Денсаулық

Вакцинацияның мәні неде?

Халық арасында вакцинация, яғни екпе жайында көптеген қарама-қайшы пікір бар. Біреулер оған мүлдем қарсы болса, енді біреулер қолдайды. Мысалы, «Балаңа екпе салдырма, кейін сал ауруына ұшырап қалады», деген сөздерді естуіңіз мүмкін. Алайда шындық мынадай: вакцинация – соңғы жүзжылдықтағы адамзат өмірін құтқарған ең маңызды медициналық жетістіктердің бірі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, жыл сайын вакцинация арқылы, яғни иммунизация көмегімен 5 миллионнан астам адамның өмірі сақталады.

Вакцинацияның мәні неде? Вакциналар – ауру тудыратын микроағзалардың әлсіретілген немесе бейтараптандырылған формасы. Олар адам ағзасына енгізілгенде иммундық жүйе арнайы антиденелер түзіп, болашақта нақты ауру қоздырғышына қарсы тиімді қорғаныс қалыптастырады. Нәтижесінде адам не ауырмайды, не ауырған жайда ол жеңіл түрде өтеді. Вакцинация кезінде ағзаның сау болуы маңызды. Егуден толық бас тартуға арналған көрсеткіштер - барлық вакциналар үшін осы вакцинаны алдыңғы енгізудің асқынуы, қатерлі ісіктер, тірі вакциналар үшін иммунитет тапшылығы жағдайы.

Вакцинациялау немесе профилактикалық препараттарды енгізу 20 инфекциялық ауруға қарсы жүргізіледі.

Статистика не дейді?

Қазақстанда 2024 жылы 1 жасқа дейінгі балалардың 98 пайызы вакцинацияланды. Вакцинация арқасында полиомиелит, дифтерия, қызылша секілді қауіпті аурулар жойылу алдында тұр. COVID-19 пандемиясы кезінде вакцина алған адамдардың ауруханаға түсу ықтималдығы 70 пайызға төмендеген. Әлемдік медицина мамандары коронавирусқа қарсы 6-8 түрлі (соның ішінде Қазақстанда біреу) вакцина шығарып, сынақтан өткізгені белгілі. Бұл елеулі табыс. Бірақ, біраз уақыттан кейін вирустар, бактериялар аталған вакциналарға төзімді болып, мутацияланады және жаңа түрлері (штаммдары) пайда болады.

Вакцинацияның тиімді екенін туберкулез ауруының азайғанынан білуге болады. Бұгінде  бұл   дерттің көрсеткіштері елімізде әжептеуір төмендеп, оған арналған диспансерлер саны қысқартылып жатқаны жайлы мәліметтер бар. Бұл  - медицина қызметкерлерінің айтулы жеңісі. Туберкулездың алдын алу шаралары, оны дер кезінде анықтау, емдеу тәсілдерінің жетілдірілуі арқасында сондай нәтижеге қол жеткіздік. Туберкулезді болдырмау іс-шараларына вакцинация жатады. Еліміздегі қолданыстағы негізгі құралдардың бірі – БЦЖ вакци­нациясы. Халықаралық стандарт­тар мен мәліметтерге сәйкес, 5-6 жас аралығындағы ревакцинация тоқ­татылды. Бүгінде екпе тек бала туған­нан кейін бір мәрте салынады. Былтырғы және ағымдағы жылдың алғашқы 6 айының қорытындысы бойынша жаңа туған нәрестелердің 97 пайыздан астамы БЦЖ вакцинасын алған. Вакцинаның артықшылығы – аурудың күрделі, кең таралған түрлерін болдырмауға мүмкіндік береді. Егер бала науқастанып қалса, онда ауру жеңілірек өтеді.

Енді халық арасында екпе жайлы жиі айтылатын мифтер мен шындық туралы сөз қозғап көрелік.

Көпшілік  арасында «Вакцина бедеулікке әкеледі» деген қанқу сөз бар. Ол шындыққа жанаспайды. Ғылыми дәлелденбеген. Вакциналар репродуктивті жүйеге еш әсер етпейді.

Сонымен қатар «Табиғи иммунитет күшті», деген де пікір айтылып жүр. Иә, бірақ ол ауырғаннан кейін қалыптасады. Ал ауру адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін. «Балаларға екпе салдыру қауіпті», деген сөзді де жиі естуге болады.  Керісінше, олар үшін иммундық қорғаныс өте қажет.

«Вакциналарда чип болады»,  дейтіндер де кездеседі.  Бұл ғылыми негізсіз жалған ақпарат.

Сондықтан вирустармен ауырғандарды тікелей емдеумен қатар тосқауылда адами-табиғи шараларды міндетті түрде жүзеге асыру керек. Оған уақыт бар және жастарымыз жұмыла кірісуі керек. Өйткені алдағы 50-100 жылда аталған жастар және олардың ұрпақтары өмір сүреді. Қолайлы экологиялық жағдай, вирустық, бактериялық індеттері жоқ микроклимат соларға керек. Бірақ алда әлі уақыт көп деп босаңсуға тағы болмайды, оны қазіргі жағдай көтермейді. Халқымыздың сапасы (генефонды) нашарлап, вирустар індетімен ауырып, саны күрт азаюы мүмкін. Қазақстан үшін бұл стратегиялық тұрғыдан өте зиянды құбылыс. Алдын ала сақтанғандарды ғана Алла сақтайды.

Вакцинация – қоғам денсаулығының кепілі. Уақытылы жасалған екпе – бір ғана баланың емес, тұтас ұлттың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қадам. Жалған ақпаратқа емес, ғылым мен медицинаға сену – әр ата-ананың, әр азаматтың міндеті. Вакцина – таңдау емес, жауапкершілік.

Езіміздегі  балаларға олар  тіркелген емханада міндетті профилактикалық егулер тегін жүргізіледі. Атап айтқанда, туберкулезге (БЦЖ), гепатитке, полиомиелит, көкжөтел, дифтерия және сіреспе (АКДС), b типті гемофильді инфекция, пневмококк инфекциясы, қызылша, қызамық және паротит (шошқалар) және басқа да инфекцияларға қарсы екпелер қамтылады.

Қазір ауылдық жерлерде вакцинацияның рөлі ерекше. Себебі шалғай елдімекендерде медициналық көмекке уақытылы қол жеткізу мүмкіндігі шектеулі. Сондықтан екпе аурудың алдын алудың ең тиімді жолы болып табылады. Иммунизацияның арқасында жер бетінде шешек жойылды. Иммундау дифтериядан, сіреспеден, көкжөтелден және қызылшадан жыл сайын 2-3 миллион өлімнің алдын алады.

Қазақстанда жұқпалы ауруларға қарсы иммундау балалардың және бүкіл халықтың денсаулығына мемлекеттің кешенді қамқорлығының бір бөлігі болып табылады. Вакцинациялаудың тимді бағдарламаларының нәтижесінде өкпемен басқарылатын көптеген инфекциялар айтарлықтай азайды. Полиомилит мүлдем жойылды; 2003 жылдан бері дифтерия сырқаттанушылығы тіркелген жоқ.  Қызамық, қызылша, эпидемиялық паротит, көкжетел, сіреспенің тек бірлі-жарым жағдайлары тіркелуде. «А» жане «В» вирусты гепатитінің аурушылдығы 60-100 есеге дейін төмендеді.

Вакцинацияның тимділігі екпені уақытылы және толық алуға тікелей байланысты. Иммундау көрсеткішінінің төмендеуі жұқпалы ауруларды қабылдағыш адамдардың көбеюіне әкеліп соқтыруы мүмкін.

Бүгінде ежелден келе жатқан бактериялар дәуірі өтіп, олардың орнын вирустар батыл баса бастаған кезеңде тіршілік етудеміз.   Ауру туғызатын вирустар адамдарға кез-келген жерде ұшырасуы әбден мүмкін. Сондықтан денсаулығымызға әркез сергектікпен қарап, әртүрлі жұқпалы аурулардан сақтанып жүргеніміз абзал. Алдын алу шараларын сақтау арқылы денсаулыққа қауіпті әртүрлі вирустың таралуын азайтуға болады. «Сақтансаңыз – сау боларсың!», - деп қазақ бекер айтпаған. Мына жарық дүниеде денсаулықтан ештеңе  жоқ. Сол есімізде болсын!

Толқын АЙМАХАНОВА,  
«Тараз-Болашақ»
жоғары медициналық колледждің оқытушысы