АҚШ-тың қосымша тарифтер енгізуінің мәні неде?
Кей елге салынатын санкциялар немесе тарифтік шектеулер көбіне тек нысанаға алынған мемлекетке бағытталғандай көрінеді. Алайда жаһандық экономика жағдайында мұндай шаралар бір ғана елмен шектелмей, онымен тығыз сауда, транзит немесе қаржы байланысы бар үшінші мемлекеттерге де жанама түрде әсер етеді. Қазақстанның қазіргі сыртқы экономикалық қарым-қатынасы да осы қағиданың нақты мысалына айналып отыр.
Мәселен, АҚШ тарапынан қосымша тарифтік шектеулер енгізу мәселесі Қазақстанға да айтарлықтай соққы болып тиді. Бұл ретте еліміз келіссөздер арқылы жағдайды реттеуге талпынып отыр. 2025 жылдың маусым айында ҚР Сауда және интеграция министрлігінің өкілдері АҚШ тарапымен екіжақты кездесу өткізіп, саудадағы өзара тиімділік пен әділ бәсекелестік шарттарын сақтау қажеттігін алға тартты. Қазақстан өз ұсыныстарын АҚШ Президенті Дональд Трамптың 2025 жылғы 2 сәуірдегі Жарлығына және соған енгізілген түзетулерге сай әзірлеп ұсынды.
Келіссөздерде қос тарап сауда-экономикалық қарым-қатынастарды дамытудың нақты жолдарын қарастырды. Қазақстан сындарлы әріптестікке дайын екенін мәлімдеді, ал АҚШ тарапы өз кезегінде диалогты жалғастыруға ниетті екенін жеткізді. Бұл өзара тиімді шешімдерге жол ашуы мүмкін.
Қазақстан үшін санкция мен тарифтік шектеулер сыртқы саудадағы икемділіктің, саяси тұрақтылықтың және әртараптандырудың маңызын айқын көрсетті, былайша айтқанда бұл біз үшін үлкен сабақ. Әлемдік нарықта тек өнім сапасы емес, логистика, заңдық кедергілер мен геосаяси ахуал да шешуші рөл атқарады. АҚШ-пен арадағы келіссөздер Қазақстанның ұлттық мүддені қорғауда белсенді әрі ашық саясат ұстанатынын аңғартады. Жаңа тарифтер кейбір тауар түрлеріне әсер еткенімен, экспорттың негізгі бөлігі шектеусіз сақталып отыр. Бұл үдеріс еліміздің жаһандық сауда жүйесіне бейімделіп, сенімді серіктес ретіндегі орнын нығайта түсуіне жол ашатыны анық.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ