Санкциялық шектеулердің салқыны
Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, қандай да бір елге салынған санкциялар тек сол мемлекетке ғана емес, онымен экономикалық байланысы бар үшінші елдерге де әсер ететіні белгілі. Әсіресе географиялық жағынан жақын, транзиттік тәуелділікте отырған елдер қосымша шығынға тап болып, логистикалық қиындықтарға тіреледі немесе нарықтан айырылып қалу туындайды. Мысалы, шектеу қойылған елдің порттары, банктік жүйесі немесе көлік инфрақұрылымы арқылы тауар тасымалдайтын мемлекеттерге жанама қысым түседі. Бұл өз кезегінде үшінші елді сыртқы саудасын қайта қарауына, балама бағыттар іздеуге және саяси-экономикалық тепе-теңдікке бейімделуге мәжбүрлейді. Сондықтан санкцияны жаһандық экономикалық қатынастарға ықпал ететін негізгі фактор деуге болады.
Мысалы, 2025 жылдың ақпанында Еуропалық одақ Ресейге қарсы 16-санкциялық пакетті бекітіп, Ресей порттарымен кез келген келісімге тыйым салған болатын. Бұл шектеу Қазақстан көмірін Еуропаға жеткізуде айтарлықтай қиындық тудырғаны рас. Өйткені Усть-Луга секілді ресейлік порттар ұзақ жылдар бойы отандық көмірді Еуропаға жөнелтудің негізгі транзиттік нүктесі ретінде пайдаланылып келген болатын. Қалыптасқан жағдайға байланысты Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі Сыртқы істер министрлігі және Еуропалық одақ жанындағы тұрақты өкілдікпен бірлесіп, еуропалық тараппен келіссөздер жүргізді. Аталған одақ Комиссиясына ресми түрде санкциялық ережелерге өзгеріс енгізу туралы өтініш жолданды. Нәтижесінде, Еуропалық одақ 2025 жылғы 18-санкциялық пакет аясында Қазақстан көмірі үшін бірқатар ресейлік порттарды пайдалануға қатысты шектеуді алып тастады. Алайда бұл жеңілдік нақты талаптармен шектелетінін айта кетуіміз керек. Мәселен, көмір Қазақстаннан болуы тиіс, жүктің иесі санкцияға іліккен елдердің резиденті болмауы шарт. Порт тек транзиттік мақсатта қолданылуы қажет, яғни порт аумағында көмірді сату немесе өңдеуге болмайды.
Анықтама үшін айта кетейік, 2022 жылы Қазақстаннан Еуропа елдеріне 4,4 миллион тонна көмір экспортталып, оның құны 419,2 миллион АҚШ долларын құраған екен. 2023 жылы бұл көрсеткіш 6,1 миллион тоннаға (382 млн доллар), ал 2024 жылы 5,2 миллион тоннаға (312,5 млн доллар) жеткен. 2025 жылдың алғашқы бес айының өзінде ЕО-ға 1,6 миллион тонна көмір жөнелтіліп, экспорт көлемі 82,9 миллион долларға тең болғанын көрсеткен. Бұл жалпы көмір экспортының 38,5 пайызына тең.
Көмір экспорты көлемінің уақытша төмендеуіне қарамастан, санкциялық шектеулердің жұмсаруы Қазақстанның Еуропамен энергетикалық ынтымақтастығын сақтап қалуына мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар бұл шешім экспорт бағыттарын әртараптандыру мен логистикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге жол ашады.
Сауда және интеграция министрлігі еліміздің сыртқы сауда мүдделерін қорғау, ұлттық экспортты қолдау және негізгі серіктестермен экономикалық байланысты дамыту жұмыстарын жалғастыратынын мәлімдеді.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ