Жаһандық сауданың жай-күйі
Әлемдік экономика үнемі құбылып, геосаяси ахуал жиі өзгеріске ұшырап жатқан мына заманда қазақ елі үшін халықаралық нарықтағы өз орнын айқындап, елдік мүдде тұрғысынан табысты стратегия қалыптастыру – басты міндеттің бірі. Өйткені сыртқы сауданың ең басты талаптарынының бірі – жаһандық бәсекеге қабілетті болу. Сондықтан да еліміз үшін ішкі тұрақтылықты сақтап, сыртқы сауда саясатын сауатты жүзеге асыру- аса қажетті іс.
Соңғы жылдары еліміз халықаралық сауда әріптестерімен өзара тиімді келісімдерге қол жеткізіп, шикізаттық емес экспорт көлемін арттыруға бет бұруда. Әсіресе агроөнеркәсіп, жеңіл өнеркәсіп салалары бойынша алыс-жақын шет мемлекеттермен арадағы экономикалық байланыс жандана түсті. Бұл өз кезегінде ел экономикасының әртараптануына оң серпін беруде. Әлемдік нарықта орын алып отырған саяси және қаржылық тәуекелдерге қарамастан, Қазақстан дамудың ұзақ мерзімді мақсаттарына сай әрекет етіп келеді. Міне, осындай ілкімді істер, яғни ұлттық экономика мен халықаралық сауда қатынастарының жұмысын тиімді үйлестіру мемлекетімізді табысқа жетелейтіні анық. ҚР Сауда және интеграция министрлігі экономиканы ілгерілету департаментінің директоры Бауыржан Болганысовтың айтуынша, елдегі шикізаттық емес экспорт саласының жай-күйі көңіл көншітерлік деңгейде. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның шикізаттық емес тауар айналымы 84,6 миллиард АҚШ долларын құрап, бұрнағы жылмен салыстырғанда 2,8 пайызға жоғары болған.
Қазақстан Республикасының Елшіліктері жанынан шетелде отандық сауда өкілдерінің жұмысы да жанданып жатқанын айта кету керек. Бүгінгі таңда Сауда және интеграция министрлігінің Түркия, Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері, Үндістан және Ирандағы сауда өкілдері тағайындалыпты. Басты сауда серіктестерінің бірі болып саналатын Қытай Халық Республикасының нарығына ерекше назар аударылып отыр. Осы орайда «QazTrade» сауда ұйымы Үрімші қаласында өкілдік ашты. Сондай-ақ Нанкин қаласында да тиісті инфрақұрылым дамып келеді.
Ал өз облысымыздың экспорт көлемін сөз етсек, шетелге тауар жөнелту ісі жыл басынан бері бірқалыпты өсіммен жалғасып келеді. Ресми деректерге сүйенсек, 2025 жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығында облыстың Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне шығарған өнімі 53,4 миллион АҚШ долларын құрапты. Алайда одан кейінгі айларға арналған нақты статистикалық мәліметтерді Ұлттық статистика бюросы ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі әзірге жариялаған жоқ. Десе де өңір экспортының басым бөлігін минералды өнімдер, химия өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы тауарлары құраған.
Жалпы, сыртқы сауданың мән-жайына келетін болсақ, экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) 2025 жылға арналған сауда рәсімдерін жеңілдету индикаторларының «Trade Facilitation Indicators» (TFI) жаңартылған нұсқасын ұсынып отыр. Бұл жаһандық зерттеу шекарадағы сауда үдерістерін жетілдіруге бағытталған елдердің озық тәжірибелерін айқындап, мемлекеттік саясаттың тиімділігін бағалауға мүмкіндік береді. Ең бастысы – «Trade Facilitation Indicators» деректері Қазақстан үшін оң нәтижелерді көрсетіп отыр.
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының «Trade Facilitation Indicators» көрсеткіштері алғаш рет 2013 жылы енгізілген еді. Содан бері әр екі жыл сайын жаңартылып, бүгінде әлемнің 163 елін қамтитын ірі халықаралық бағалау құралына айналды. Ұйым деректеріне сүйенсек, соңғы онжылдықта Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ) сауда рәсімдерін жеңілдету туралы келісімі аясында атқарылған реформалар нәтижесінде халықаралық сауда шығындары орта есеппен 5 пайызға төмендеген. Бұл – цифр түрінде көрінгенімен, шын мәнінде шекарадағы ұзын-сонар кезектер мен құжаттық сергелдеңдердің айтарлықтай азайғанын білдіреді.
Өткен жылғы есепте ЭЫДҰ Еуропа мен Орталық Азия аймағының озық реформатор елдері қатарында Қазақстанды және өңірдегі өзге де мемлекеттерді, яғни Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстанды ерекше атап өтіпті. Сондай-ақ Сербия, Румыния, Черногория, Молдова, Босния және Герцеговина, Солтүстік Македония сияқты Балқан түбегінің елдері де оң динамика көрсеткен. Сарапшылар бұл жетістікті бірнеше негізгі бағыттағы айқын өзгерістермен байланыстырады. Атап айтқанда, шекаралық ведомстволар арасындағы ішкі өзара әрекеттестікті жақсарту бағытында Орталық Азия елдерінің 81 пайызы ілгері қадам жасаған. Сонымен бірге ақпараттың ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету ісінде айтарлықтай прогресс тіркелген.
2023-2024 жылдар аралығында Қазақстанда TFI индикаторының барлық бағыттары бойынша жүйелі жұмыс жүргізілгені мәлім. Соның ішінде ақпараттық қолжетімділік бағыты ерекше назар аударарлық. Сауда және интеграция министрлігінің үйлестіруімен Қазақстанда экспорт, импорт және транзит рәсімдерін егжей-тегжейлі сипаттайтын ұлттық сауда ақпараттық порталы іске қосылды. Бүгінде бұл платформада көлік түрлеріне қарай бөлінген 80-нен астам тауар тобы бойынша рәсімдер толық сипатталған. Порталдың басты артықшылығы қарапайым кәсіпкерден бастап, ірі тасымалдаушыға дейін қажетті мәліметті қолжетімді түрде таба алатындығында болып тұр. Бұл өз кезегінде парақорлық пен бюрократиялық кедергілерге жол бермейді, ал кәсіпкерлер үшін сенімділік пен жағдайды болжамдай алуға мол мүмкіндік береді.
ЭЫДҰ есебінде Қазақстанның Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне қосқан үлесі де атап өтілді. Каспий теңізі арқылы өтетін бұл бағыт қазіргі уақытта Қытай мен Еуропа арасындағы тауар тасымалын жылдам әрі сенімді түрде жүзеге асырудың баламалы жолына айналып отыр. Осы ретте Ақтау теңіз порты мен Құрық портының инфрақұрылымдық мүмкіндіктері кеңейіп, сауда рәсімдерін рәсімдеу үдерістері жеңілдетілді. Барлық рәсімдер тиісті мемлекеттік органдардың верификациясынан өтіп, заңнамалық негізде бекітілді.
Тағы бір маңызды мәселе- Қазақстанның трансшекаралық қағазсыз сауда рәсімдерін енгізуге бағытталған халықаралық келісімге қосылу процесін бастауы. Бұл бастама электронды құжат алмасу жүйесін жолға қойып, логистикалық үдерістерді жеделдетуге және шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Сарапшылардың болжауынша, қағазсыз сауда форматына көшу орта мерзімді кезеңде тауар айналымының 25 пайызға артуына және бизнес шығындарының 28 пайызға қысқаруына әкелуі мүмкін.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ