Әлеумет

Қызмет көрсету сапасы артады

Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексіне сәйкес, әйелдерге көрсетілетін амбулаториялық-емханалық деңгейдегі қызметтер жетілдіріліп, олардың қолжетімділігі мен сапасы арттырылуда. Соның жарқын мысалы ретінде Тараз қаласындағы «Almaz Medical Group» ЖШС емханасында әйелдерге кеңес беретін жаңа бөлімшенің ашылуын айтуға болады. Әйелдер консультациясы алғашқы медициналық-санитариялық көмекті жаңғырту бағдарламасы аясында іске асырылып отыр.

Бөлімшенің салтанатты ашылу рәсіміне облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек қатысып, жаңа орталықтың маңыздылығына тоқталды.

Жаңа бөлімше заманауи медициналық құралдармен жабдықталып, жоғары білікті мамандармен қамтамасыз етілген.

Бөлімшеде акушер-гинекологтар, ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ) мамандары, отбасын жоспарлау жөніндегі кеңесшілер қызмет атқарады. Сонымен қатар, болашақ аналарға арналған арнайы мектеп, психологиялық және заңгерлік көмек те қарастырылған. Бағдарламаның негізгі бағыттары- жүктілік кезіндегі асқынуларды ерте анықтау, перинаталдық скрининг пен генетикалық зерттеулер жүргізу, психопрофилактика, қашықтан кеңес беру және патронаж ұйымдастыру.

Өмірлік қиын жағдайға тап болған әйелдерге психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсету де басты назарда. Сондай-ақ, репродуктивті денсаулықты сақтау, түсік жасатудың алдын алу, басқа медициналық мекемелермен тығыз байланыста жұмыс істеу және ана мен бала өлімін азайту мақсатында нақты шаралар жүзеге асырылуда.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ