Жамбылдық жампоз Грек-рим күресінен Сурдлимпиялық тұңғыш әлем чемпионы атанды
Жерлесіміз Нұржан Асан тәуелсіздік жылдарынан бері тұңғыш рет грек-рим күресінің сурдлимпиялық бағыты бойынша әлем чемпионы атанды, деп хабарлайды arainfo.kz
Байрақты бәсеке 2023 жылы 2–8 қыркүйек аралығында Қырғызстанның Бішкек қаласында өткен болатын.
Жаңа салмақ дәрежесіне енді ғана ауысқанымен, Нұржан алғашқы жарысында-ақ жасындай жарқылдап, төрткүл дүниені мойындатты. Жарыстың алғашқы айналымында ол 2021 жылғы Сурдлимпия ойындарының жеңімпазы, тәжірибелі украин спортшысы Roman Iashchenkoдан 2:2 есебімен басым түсіп, жанкүйерлер назарын өзіне аударды.
Келесі кезеңде Азия және әлем чемпионаттарының жүлдегері, ирандық балуан Reza Esmaeili-мен белдесіп, 4:1 есебімен айқын басымдықпен финалға жолдама алды.
Ақтық сын психологиялық тұрғыда оңайға соқпады. Түркия елінің тәжірибелі балуаны Bayram Aksu-мен болған шешуші белдесуде Нұржан еш мүмкіндік қалдырмай, 11:1 есебімен таза жеңіске жетіп, әлем чемпионы атанды.
Жас спортшының бұл жеңісі ел үшін ғана емес, бүкіл сурдоспорт саласы үшін тарихи жаңалық болды. Бапкері Ринат Исмайлов шәкіртін осы деңгейге жеткізу үшін ұзақ жылдар тер төкті.