Қоғам

«Заң мен тәртіп – әділетті қоғам» облыстық ардагерлер форумы өтті

Қазақ ерте заманда жартылай отырықшы, жартылай көшпелі өмір салтын ұстанып жүріп-ақ ар мен ұятты бәрінен биік қойған. Ешкімнің ала жібін аттамаған, ұя бұзбаған, сертке берік, досқа адал болған. Ұрлық-қарлық, бәле-жаладан аулақ жүрген. Бұған сөз жоқ дала заңы мен әр әулиеттің ақсақалдары тентегін тыйып, елге ақылшы, бас-көз болуы айтарлықтай септігін тигізді. Бүгінде құқық бұзушылыққа кез келген жерде жол беріліп жатқаны жасырын емес. Басқаны былай қойғанда, ұят-аятты ысырып қойып, әлеуметтік желіде ел алдында түрлі қаралым жинау үшін оғаш қылыққа баратындар да көбейгенін көзіміз көріп отыр. Құқықбұзушылықпен қатар мәдениет пен ұлттық болмысқа кереғар келетін осы тектес әрекеттер қоғамда белең алып бара жатқаны шындық. Ал осындай келеңсіздік пен жалпы құқықбұзушылықтың алдын алу отбасындағы, қоғамдағы тәртіпке, әр азаматтың заңды сыйлауына байланысты екені анық. Жалпы заңға бағыну, тәртіпке мойынсұну бүгінде Президент мінберінен де ұдайы көтеріліп келе жатқанын айта кетуіміз керек. Бұл ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң мен тәртіп» қағидатын өмірдің өзегіне айналдыру, қоғамда көрініс табуына үлес қосу, әділеттіліктің қамтамасыз етілуіне атсалысу – басты міндет. Бұл бағытта еліміздің әр аймағында жүйелі істер қолға алынуда. Соның бірі – өз облысымызда өткен «Заң мен тәртіп – әділетті қоғам» атты облыстық ардагерлер форумы.

Аймақ ардагерлері Президент айқындаған бағдарға қолдау білдіріп, жастарға үлгі көрсетуді, құқықтық тәртіп пен қоғамдық тұрақтылықты нығайтуға атсалысуды басты міндет санайды. Сол үшін, яғни аталған форум қоғам болып заң мен тәртіп қағидатын жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылып отыр.
Жиынды облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов ашып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында айтқан «Заң алдында – бәрі бірдей. Бұл – баршаға ортақ мызғымас қағида» деген сөзін еске салды. 


Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң мен тәртіп» қағидатына ерекше мән беріп отырғанына тоқталды. Қазақ халқы ежелден заңға бағынған, дала заңын берік ұстанған ел екенін, «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Жеті жарғы» секілді қазақ елінің өз конституциясы мемлекеттілігімізді нығайтып, қоғамдағы тәртіп пен әділдікті қамтамасыз еткенін тілге тиек етті. Қазіргі заманда да осы қағидаттар өзектілігін жоймағанын, әдеп пен тәртіп әр отбасынан басталатынын, сондықтан заңды сақтау тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін жеткізді. Ардагерлер қауымы осындай істен шет қалмайтынын, мұндай іс-шараларға қатысуда белсенділік танытып келе жатқандарын атап өтті.


Форум барысында облыс прокурорының орынбасары Нұрбек Ұласбекұлы мен облыстық полиция департаментінің басшысы Бақытжан Малыбаев, «Заң мен тәртіп» қағидаты – қоғамдық тәртіпті сақтау мен заңдылықты орнықтырудың кепілі» тақырыбында баяндама жасады. Олар қоғамдық тәртіп пен заңдылықты қамтамасыз етудің маңыздылығын, «Үлгілі ауыл», «Арақсыз ауыл» секілді жобалардың арқасында қылмыс біршама азайғанын сөз етті. Облыстың бас имамы Асқар Сатылғанов «Дін – қолдана алсаң қасиетің, қолдана алмасаң қасіретің» тақырыбында ой бөлісіп, адам жаратылғалы дін де бірге жасасып келе жатқанын, діннің мақсаты Аллаға құлшылық ете отырып, адамды ізгілікті, мейірімді, тәрбиелі, ибалу болуға жетелейтінін, ардагерлердің қоғамда атқарып жатқан жұмысы дінге де, қоғамға да пайдалы екенін айтты.
Балуан Шолақ ауылында соңғы 2,5 жылда бірде-бір құқықбұзушылық дерегі орын алмапты. Өйткені осы ауылдың өрендері үлкендерден үлгі алады. Ал аға буынның айтқаны жастар үшін бұлжымас заң іспетті. Осы ретте Шу ауданы, Балуан Шолақ ауылдық округі ардагерлер ұйымының төрағасы Есенкелді Текебаев «Біздің ауыл қалай тәртіпті болды» деген тақырыпта сөз сөйлеп, ауылы өзгеге үлгі болған үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан марапат алғанын, өз тәжірибелері облыстық «Ғұмыр-дария» газетінде жарияланғанын әңгімеледі.

Форумда ардагерлер облыс халқына үндеу жолдап, жиын соңында ауылдық округтердегі бастауыш ардагерлер ұйымы мен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағалары, ардагерлер кеңесі жанынан құрылған әкелер кеңесінің мүшелері, сондай-ақ ауылдық округтердің учаскелік полиция инспекторлары секілді белсенді азаматтарға құрмет көрсетілді. Олар облыстық полиция департаментінің Алғыс хат және облыстық ардагерлер кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды. 

Нұрым СЫРҒАБАЕВ