Үйден оқыту үмітті үкілейді
Әрбір бала – болашақтың иесі, ал білім – сол болашаққа апарар алтын көпір. Еліміздегі барлық азамат білім алуға құқылы, бұл – адамның негізгі қажеттіліктерінің, құндылықтарының бірі. Мемлекет біліммен қамтуда ешбір жеткіншекті назардан тыс қалдырмайды. Әсіресе ерекше білім беруді қажет ететін балалар қай кезде де қамқорлық құшағында.
Үйден оқитын оқушылар – көбінесе денсаулығына байланысты мектепке бара алмайтын, бірақ білім алуға зор ықыласы бар ерекше санаттағы жеткіншектер. Олардың кейбірі ауыр әрі созылмалы дертке шалдықса, енді бірі тірек-қимыл жүйесінің бұзылуына немесе психологиялық-физиологиялық шектеулерге байланысты жалпы мектеп өміріне толық араласа алмайды. Бірақ олардың білім алуға деген ниетін шектемейді.
Бүгінде мемлекет тарапынан үйден оқитын балаларға арнайы жағдайлар жасалып отыр. Олар үшін жеке білім беру жоспарлары құрылып, арнайы педагогтер, психологтар, дефектологтар мен логопед мамандары жұмыс жасауда. Арнайы білікті мамандардың қолдауымен балаларды үйден оқыту жүйесі жүргізілуде. Сондай-ақ әрбір балаға ыңғайына бейімделген бағдарламалар ұсынылып, оқу процесі олардың денсаулығы мен қабылдауларын ескеріле отырып жасалады. Көп жағдайда мұғалімдер тікелей баланың үйіне барып сабақ береді немесе қазіргі заман талабына сай онлайн платформалар арқылы қашықтан оқыту әдісін көптеп пайдаланады. Апталық оқу сағаттары бірнеше сабақтарды ғана құрағанымен, сабақ мазмұны баланың толыққанды түсінуіне, үйренуіне бағытталады. Сондай-ақ мұндай балалар да тоқсандық және жылдық қорытынды аттестациядан өтеді, яғни олар өз сыныптастарымен бірдей деңгейде білім алады. Облысымызда 2024-2025 оқу жылында мүгедектігі бар 9468 баланың 1572-і үйден оқытылыпты.
Қазіргі уақытта елімізде үйден оқытуды жақсарту бағытында бірқатар жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мәселен, сабақта интерактивті құралдар мен онлайн платформалар қолданылуда. Мұғалімдерді үйден оқитын балаларға арналған әдістемелік семинарлар мен біліктілікті арттыру курстарына қатыстыру, ата-аналарға түсіндіру шарасын жүргізу, дәрігерлердің кеңес беруін жүйелеу секілді жұмыстар жүзеге асырылуда. Осы орайда біз облыстық білім басқармасының бас маманы Набира Сүймановамен тілдестік.
Көп жағдайда үйден оқитын балаларда жалғыздық, қоғамнан бөлектену сезімі байқалуы мүмкін. Сондықтан оларға ата-анасынан, мұғалімінен тек білім ғана емес, әлеуметтік қолдау мен жылы қарым-қатынас ауадай қажет. Мұғалімнің жай ғана сабақ өткізуші емес, шабыттандырушы, қолдаушы, сенімді дос ретіндегі рөлі ерекше болады. Үйден оқитын балаларға сабақ берудің қыр-сыры қандай болатынын білу үшін Талас ауданындағы Шона Смаханұлы атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жанат Айдаралиевамен байланыстық.
Сонымен қатар үйден оқытудың нәтижелі болуы отбасы, мектеп және медицина қызметкерлерінің бірлескен жұмысына да байланысты. Ата-ананың белсенділігі, мектеп әкімшілігінің ұйымдастырушылық қолдауы және дәрігерлердің тұрақты бақылауы баланың дамуына, тезірек оңалуына әсер етеді. Үйден оқитын баланы өсіріп, оңалуын тілеп отырған ананың бірі Айымхан Халелова.
Үйден оқу ерекше балалар үшін үлкен мүмкіндік. Дегенмен бұл қадам ата-ана мен мұғалімнің ерен еңбегін талап етеді. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп Абай Құнанбаев жырлағандай, әрбір педагог ата-анамен бірлесе отырып, баланы түсіну мен қолдаудан аянып қалмаса болғаны.
Сымбат ҚУАНЫШ