Цифрлық әлем – шексіз мүмкіндіктер мекені
Бүгінгідей цифрлық дәуірде интернет пен технологиялар адам өмірінің барлық саласына терең еніп келеді. Әсіресе мүгедектігі бар адамдар үшін бұл жаңалық ерекше маңызға ие. Оларға бұл тас қопарардай үлкен сенім ұялатады. Себебі күнделікті қиындықтарды жеңуге, қоғамға араласуға және өз мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады. Дегенмен технологиялардың қолжетімділігі мен тиімділігі әрқашан бірдей емес. Мұқтаж жандардың қажеттіліктері мен ерекшеліктерін ескере отырып, осы саланы әлі де дамыту маңызды екеніне көзің жетеді. Әлеуметтік желілер мен мобильді қосымшалардағы түрлі бағдарламалар мүгедектігі бар жастардың белсенділігін арттырады. Технология осы санаттағы жандар үшн жаңа жұмыс табуда үлкен көмек көрсете алады. Біз осы материалды дайындау барысында интернет пен технологиялардың мүгедектігі бар азаматтардың өміріндегі рөлін, кездесетін қиындықтарын және мүмкіндіктерін қарастырып көрдік. Осылайша, саналы қоғам құрудағы цифрлық теңдік мәселесіне назар аударуға тырыстық.
МҰҚТАЖ ЖАНДАРҒА АШЫЛҒАН ЖАҢА КЕҢІСТІК
Бүгінгі таңда интернет пен мобильді қосымшалар – тек байланыс үшін ғана қажет емес, өмірдің барлық саласына ықпал ететін қуатты құралға айналды. Бұл әсіресе мүмкіндігі шектеулі жандар үшін үлкен мүмкіндік, тіпті үміт көзі десе де артық емес. Бұрын қоғамнан шет қалып, үйде оқшау отыруға мәжбүр болған жандар енді цифрлық әлем арқылы еркін тыныстай бастады. Смартфон мен интернет – олар үшін дүние есігін ашатын жаңа терезе, тәуелсіздік пен еркіндіктің символы сияқты.
Мүгедектігі бар жандардың көпшілігі күнделікті өмірде түрлі кедергілерге тап болады. Мысалы, қарапайым ғана дені сау жандарға білінбейді, алайда мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін жаяу жүргіншілер жолында (тротуар) пандустың жоқтығы, қоғамдық көліктегі қолайсыздықтар, тіпті адамдардың бейқам көзқарасы да олардың кеудесін басып, үйде отыруға итермелейді. Бірақ интернет бұл шектеулерді бұзып, адамның өз ісін өзі атқаруына мүмкіндік беріп отыр. Бүгінде мобильді қосымшалар арқылы азық-түлік тасу, дәрігерге жазылу, банктік қызметтерді пайдалану – мүгедектігі бар жанның басқалармен тең дәрежеде өмір сүруіне жол ашып отыр.
Көру қабілеті төмен жандар үшін экран оқушы, мәтінді дыбыстау сияқты технологиялар шынайы көмекшіге айналды. Енді олар интернеттегі кез келген мақаланы оқиды, әлеуметтік желілерде белсенді бола алады, тіпті онлайн білім алып жүргендер де жетіп артылады. Қолдарын пайдалана алмайтын жандарға арналған дауыспен басқару тетіктері, мысалы «Siri», «Google Assistant» деген жүйелер бар. Бір ауыз сөзбен гаджетті басқару –күнделікті өмірдің бөлігіне айналды.
Есту қабілеті шектеулі адамдар үшін бейнемазмұнға субтитрлер қосу немесе жазбаша сөйлесу мүмкіндігі де үлкен жеңілдік. «WhatsApp», «Telegram» секілді қосымшаларда олар өз ойларын еркін жеткізе алады. Кейбір платформалар ымдау тілін танитын жасанды интеллект жүйелерін де енгізіп жатыр. Бұл да қарым-қатынасты бір саты жоғары көтеріп отыр. Бұрын тек қолмен ымдап түсіндіретін жандар енді сөзсіз де сөйлей алады.
Әлеуметтік желілер қимыл-қозғалысы шектеулі жандар үшін жай ойын-сауық құралы емес, өзін танытып, қоғаммен байланыс орнатудың шексіздік арнасына айналды. Олар блог жүргізіп, өз өмірлері мен күнделікті алға қадам жасау үшін жасалған күресін жариялап жүр. Бұл тек мотивация емес, қоғамның мүгедектікке деген көзқарасын өзгертудің тәсілі болып тұр. Олар үнсіз, қимылсыз, қорғансыз қалған топтың дауысын жеткізуде.
Цифрлық кеңістік жұмыс істеу мүмкіндігін де кеңейтті. Үйден шықпай-ақ фриланс, онлайн кеңес беру, мәтін аудару немесе графикалық дизайн сынды салаларда жұмыс істеп жүрген мүгедектігі бар жандар саны артып келеді. Онлайн курстар мен вебинарлар арқылы олар жаңа біліммен сусындап, өз кәсіптерін бастауға мүмкіндік алуда. Қолөнер бұйымдарын сату, контент жасау, SMM жүргізу – бәрі де интернеттің арқасында қолжетімді болды.
Онлайн білім беру платформалары да жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Бұрын кембағал студенттер қала ауыстырып, көптеген қиындыққа төтеп беруге мәжбүр болса, қазір олар өз үйінде отырып-ақ жоғары білім ала алады. Онлайн университеттер, курстар, тіл үйрену бағдарламалары – ерекше қажеттілігі бар жастардың интеллектуалдық әлеуетін толық пайдалануға жағдай жасап отыр.
Денсаулығына байланысты жиі сыртқа шыға алмайтын жандар үшін онлайн кітапханалар мен аудиокітаптар рухани азық пен тыныштықтың қайнар көзіне айналды. Кез келген кітапқа, әлем әдебиетіне, тіпті ғылыми еңбектерге қол жеткізу енді бір ғана қосымша арқылы мүмкін болғаны баршаға аян. Міне, осындай қолжетімділік мүгедектігі бар жанның өзін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуіне ықпал етеді.
Цифрлық карталар мен навигация жүйелері де олардың күнделікті қозғалысын жеңілдетеді. Қай жерде пандус бар, қай жерде жол жабық деген мәселе бойынша бәрін алдын ала біліп, ыңғайлы бағытты таңдай алады. Бұл тек жол бастаушы ғана емес, олардың емін-еркін жүріп-тұруына да септігін тигізуде. Әрине, барлық жағдай мінсіз деуге келмейді. Ауылдық жерлерде интернет сапасының төмендігі, заманауи құрылғылардың қымбаттығы, цифрлық сауаттың жеткіліксіздігі – әлі де шешімін табуы тиіс мәселеге жатады. Бірақ технология дамыған сайын бұл кедергілер де біртіндеп жойылуда. Ең бастысы ниет пен даму бар. Қысқасы, озық технология арқылы қоғамда адамгершілік пен әлеуметтік әділеттілік көрініс табуда. Қарапайым сайттың құрылымы да біреудің еркін өмір сүруіне себепкер болуы мүмкін.
Интернет пен мобильді қосымшалар тек технология емес, тең мүмкіндіктер әлеміне апарар жол. Ол – қоғамға қатысудың, білім алудың, жұмыс істеудің, өзін дәлелдеудің жолы. Егер бұрын мүгедектік оқшаулау мен шектеудің синонимі болса, қазір ол – күрес пен мүмкіндікке айналып отыр. Бұл өзгерістің мәні – технологияны кемшілігі бар адамға бейімдеп, оның өмірін жеңілдетуде жатыр.
Осы орайда «Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін интернет пен технологиялардың қолжетімділігі зиян ба әлде пайдалы ма?», «Интернет пен мобильді қосымшалар мұқтаж жандардың күнделікті өміріне қалай әсер етеді?» деген сұрақтарды психолог Айткүл Аманғазинаға қойған едік.
ОНЛАЙН ҚЫЗМЕТТЕРДІ ОҢАЙ ЕМЕС
Тағдыр теперішін тартып жүргендер үшін цифрлық сервистер заман талабына сай өмірдің ажырамас бөлігіне айналып отыр. Алайда бұл мүмкіндікті толыққанды пайдалану әрдайым жеңіл болмайды. Психологиялық және техникалық кедергілер – олардың жолындағы басты тосқауылдар. Көптеген мүгедектігі бар жандар интернеттің, мобильді қосымшалардың, онлайн қызметтердің өзіне сәйкес келмейтінін сезеді. Мұндай жағдайларда олар өздерін қоғамнан шеттетілгендей сезініп, технологияға деген қызығушылығын жоғалтады. Психологиялық тосқауылдардың бірі – өзіне сенімсіздік. Мүгедектігі бар адамның қолданыстағы технологияларды меңгеруге деген қорқынышы көбіне жеке тәжірибесінен туындайды. Егер алғашқы қадамдар сәтсіз аяқталса, олар технологиядан бойын аулақ ұстайды. Мұндай қорқыныш әлеуметтік кемсітушіліктің салдарынан туындайды.
Қысқаша айтқанда, цифрлық сервистерді қолданудағы негізгі кедергілер – психологиялық сенімсіздік, әлеуметтік стигма, техникалық үйлесімсіздік, құрылғы мен интернеттің қолжетімсіздігі, тіл және ақпараттық қиындықтар, сондай-ақ оқыту мен қолдау жүйесінің жеткіліксіздігі. Алдағы уақытта бұл мәселелердің бәрі оң шешіліп, заманауи технологиялардың мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірін жеңілдете түсетіндігіне сеніміміз мол.
ТЕХНОЛОГИЯ ТАБЫС ТАБУҒА КӨМЕКТЕСЕ АЛА МА?
Интернет пен технологиялар мүгедектігі бар жандардың жұмыс табуына да шексіз мүмкіндіктер мен жаңа есіктер ашуда. Бүгінгі заманның цифрлық дәуірінде еңбек нарығы бұрынғыдан әлдеқайда өзгерді және бұл өзгерістер мүмкіндігі шектеулі жандарға үміт сәулесін сыйлауда. Әрине, дәстүрлі жұмыс орындарында мүгедектігі бар адамдар үшін әлі де кедергілер мен қолайсыздықтар баршылық, бірақ интернет арқылы жаңа кәсіп табудың жолдары көбейіп келеді. Мобильді қосымшалар, онлайн платформалар мен фриланс ресурстары олардың қабілеттерін жүзеге асыруға және өздерінің еңбегін бағалауға мүмкіндік береді.
Үйден шықпай-ақ жұмыс істеу – мүгедектігі бар жандар үшін үлкен жеңілдік. Бұл әсіресе физикалық қолжетімсіздігі бар адамдарға маңызды. Интернет арқылы білім алу, сертификаттар мен курстарды меңгеру – еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілікті арттырады. Онлайн курстар мен тренингтер мүгедектігі бар адамдарға жаңа мамандықтарды үйренуге, сол арқылы жұмыс табуға көмектеседі. Сонымен қатар әлеуметтік желілер мен кәсіби платформаларда жеке бренд құру, өз дағдыларын жарнамалау мүмкіндігі ашылады.
Фрилансер ретінде жұмыс істеу мүгедектігі бар жандарға уақытын, жұмыс көлемін және кестесін өз бетінше басқаруға мүмкіндік береді. Дизайн, аударма, бағдарламалау, контент жазу, онлайн кеңес беру секілді көптеген салаларда жұмыс жасауға болады. Мұндай жұмыс түрлері физикалық шектеулерге қарамастан, олардың кәсіби дамуына жол ашады. Сонымен бірге, бұл тәжірибе оларды қоғамға толыққанды қосуға септігін тигізеді.
Жастар арасында цифрлық дағдылардың дамуы жаңа кәсіби мүмкіндіктердің кілтіне айналды. Мүгедектігі бар жастардың көпшілігі интернет арқылы жұмыс іздеуде белсенді. Олар түрлі платформаларда өздері үшін лайықты жұмыс орнын табуға тырысады. Бұл үрдіс еңбек нарығында мұқтаж жандардың белсенділігін арттыруда, әлеуметтік интеграцияға септігін тигізуде. Сонымен қатар онлайн қауымдастықтарда тәжірибе алмасу, көмек сұрау, ынталандыру да кездеседі.
Интернеттің арқасында мүгедектігі бар жандар үшін өздерін көрсете алатын жаңа алаңдар пайда болды. Расында қазір видеоблогерлер, контент жасаушылар арасында мүгедектігі бар жандардың саны көбейіп келеді. Олар өз өмірінің ерекше тарихымен бөлісіп, қоғамның түсінігін арттырады. Бұл – жұмыс табудағы жаңа жолдың бірі әрі әлеуметтік желінің арқасында пайда болған жаңалық. Сонымен қатар бұл салада табыс табу мүмкіндігі өте мол.
Технология мұқтаж жандарға бизнесті бастауға да көмектеседі. Онлайн-дүкен ашу, қолөнер бұйымдарын сату, электрондық қызметтер көрсету – барлығы да интернет арқылы қолжетімді. Бұл өзін-өзі жұмыспен қамтуға жол ашып, тәуелсіздікті арттырады. Мемлекеттік және жеке сектордағы арнайы бағдарламалар да технологиялық мүмкіндіктерді пайдалану арқылы мүгедектігі бар жандарды жұмыспен қамтуға атсалысады. Әлеуметтік желілер мен онлайн платформадағы жұмыс іздеу құралдары да мүгедектігі бар жандарға бағытталған функциялар енгізіп жатыр. Мысалы, жұмыс берушілер мүгедектігі бар қызметкерлерге арналған бос жұмыс орындарын жариялайды. Сонымен бірге, онлайн кеңестер арқылы жұмысқа орналасу процесі жеңілдейді.
Дегенмен бұл мүмкіндіктерді пайдалану үшін мұқтаж жандарға қажетті техникалық жабдықтар мен интернетке қолжетімділік керек. Сонымен қатар цифрлық сауаттылық деңгейін арттыру да маңызды. Мектептер мен ұйымдарда арнайы курстар өткізу арқылы мүгедектігі бар жандардың технологияны меңгеруін қолдау қажет. Тек осы кезде ғана олардың еңбек нарығына кіруі жеңілдейді.
Облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған кітапханада қызмет ететін Ербол Бегімовтың жұмысы цифрлық дәуірде интернет пен технологиямен тығыз байланысты. Брайль қарпін меңгерген, көзі көрмейтін жандарға арналған кітаптарды басып шығарумен айналысатын маман 2008 жылдан бері осы кітапханада жұмыс істеп келе жатыр.
Ербол Аққайұлы қазіргі таңда 2000-ға жуық кітапты Брайль қарпіне аударып, жарыққа шығарған. Ол сонымен қатар «Брайлист» және «Зағип және компьютер» атты үйірмелерді ұйымдастырып, көзі көрмейтін жандарға Брайль жүйесімен оқуды, жазуды және компьютерді пайдалануды үйретуде. Оның еңбегі көп шыдамдылық пен табандылықты талап етеді. Дегенмен барлық қиындықтарға қарамастан, ол өзінің қажырлы еңбегі мен талпынысы арқасында үлкен жетістіктерге жетті. Оның бұл еңбегі көзі көрмейтін жандардың білім алуы мен мәдениетке қол жеткізуіне үлкен үлес қосуда.
Технология – тек құрал емес, тағдырды өзгертетін тетікке айналып келеді. Бұл жол ақпарат пен білімге, еңбек пен қоғамға жолдама ұсынған алтын көпір. Осы көпірден өту арқылы ерекше жандардың өмірі үмітке, жарыққа тола бастады. Экран артындағы үнсіз күрес, әр түймешікті басуға деген кембағал адамның тынымсыз талпынысы арманға жетелейді.
Әлеуметтік әділет – цифрлық әділеттілікпен өлшенетін заманға аяқ бастық. Егер бұл кеңістік бәріне бірдей қолжетімді болмаса, онда жетістікке жете алмағанымыз. Себебі, өркениеттің шынайы өлшемі – ең әлсізге деген қамқорлықта жатыр. Мүгедек жандарға жағдай жасау – тек көмек емес, адамгершіліктің көрінісі.
Сондықтан қоғамның әр мүшесі цифрлық әлемде өзін еркін сезінуі қажет. Бұл үшін мемлекет те, бизнес те, қоғам да жұмыла әрекет етуі тиіс. Арнайы интерфейстер, дыбыстық көмек, қолжетімді дизайн – бұлар жай ғана мүмкіндіктер емес, өмірге жол ашар кілт. Технология – мүгедектікті шектеу емес, оны жеңетін құрал болуы керек. Егер біз цифрлық әлемде мүгедектігі бар жандарды елеусіз қалдырсақ, онда оларды жоққа санап қойғанымыз болып есептеледі. Ал көрінбейтін адам – үнсіз қалуға мәжбүр. Ол үнсіздік – қоғамның жансызданған тұсы. Сол үнді естіп, жарықты көру, цифрлық әлемді сезіну – баршаға ортақ құқық.
Цифрлық болашақта әр адам өз қабілетін толық танытып, өз жолын таба алады. Мүгедектігі бар жандар да осы болашақтың белсенді кейіпкері болуға тиіс. Себебі, олар – қоғамның толыққанды мүшесі. Қолдау мен сенім – олар үшін үміттің шырағы, тірліктің тұтқасы. Ендігі мақсат – сол үміттің өшуіне жол бермей, оны әрбір жүрекке тұтатып, сенімнің алауына айналдыру. Технология жол ашса, адам жаны шексіз көкжиегін табары сөзсіз. Ендеше, цифрлық әлем – тек мүмкіндіктер мекені ғана емес, әділет пен теңдіктің бастау көзі болғай.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ