18 миллион теңге қазынаны толықтырды
Ел экономикасының тұрақты дамуы үшін монополиямен күрес — басты міндеттердің бірі. Бұл бағытта 2022–2026 жылдарға арналған бәсекелестікті қорғау және дамыту тұжырымдамасы іске асуда. Құжатта нарықтағы бәсекелестік ахуал талданып, оны жетілдіруге арналған негізгі шаралар мен шешімін күткен мәселелер айқындалған.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің облыстық департаменті 2022–2026 жылдарға арналған тұжырымдама аясында өңірдегі нарықтық тәртіпті қамтамасыз ету және экономикалық заңнама талаптарының сақталуын бақылау мақсатында тұрақты түрде кешенді талдау жұмыстарын жүргізуде. Бұл іс-шаралар ең алдымен заңсыз монополиялық әрекеттердің, бәсекелестікті шектеу фактілерінің алдын алуға, сондай-ақ нарық субъектілері арасындағы әділ және тең бәсекелестік жағдайын қалыптастыруға бағытталған.
Жыл басынан бері аталған департамент тарапынан жүргізілген сараптамалық-талдамалық жұмыстар көлік және байланыс салаларын, агроөнеркәсіп кешенін, отын-энергетика секторын және өзге де маңызды тауар нарықтарын қамтыған. Нәтижесінде анықталған заң бұзушылықтар бойынша жауапты нарық субъектілеріне қатысты тиісті шаралар қабылданып, 18 миллион теңгеден астам қаражат мемлекет пайдасына өндірілген.
Аталған департамент басшысының айтуынша, монополияға қарсы заңнаманың талаптарын сақтау – нарықтағы әділ бәсекелестік ортасын қалыптастырудың басты алғышарттарының бірі. Осы орайда, өңірлік департамент заң бұзушылықтың алдын алу мақсатында бірқатар нарық субъектілеріне алдын ала ескерту сипатындағы хабарламалар жолдаған. Бұл шаралардың мақсаты – кәсіпкерлік субъектілерінің әрекеттерін құқықтық алаңға түсіру және болашақта туындауы мүмкін заңға қайшы әрекеттердің жолын кесу.
Бұл – мемлекеттің нарықтағы әділдік пен ашықтықты қамтамасыз ету жолындағы дәйекті әрі жүйелі саясатының бір көрінісі. Бәсекелестікті қорғау агенттігі алдағы уақытта да кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтық сауаттылығын арттыру, заң талаптарын түсіндіру және бұзушылықтардың алдын алу бойынша жұмыстарды жалғастыра бермек.
М.ЖАМБЫЛҰЛЫ