Тақтайдай тегіс жол табысты еселейді
Бүгінде облыс аумағындағы автожолдардың жағдайы жылдан-жылға жақсарып келеді. Бұл өңірде көлік логистикасы қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді. Ашып айтқанда, жүк тасымалын реттеу, автожол желісін кеңейту, жол бойындағы сервистік қызмет сапасын арттыру жүйелі жолға қойылған. Өз кезегінде осы іс арқылы халық тозығы жеткен жол азабынан құтылып, алаңсыз жүріп-тұруға қол жеткізсе, облыс аумағын басып өтетін түрлі көлік қатынасына да айтарлықтай қолайлы жағдай жасалды.
Көлік логистикасының көші ілгері
Осындай жоспарлы жұмыстардың арқасында өңір экономикасының дамуына тың серпін беріліп отыр. Одан бөлек, қазіргі таңда кез келген елді мекенде тақтайдай тегіс жолдар мен жарықтандырылған көшелердің де қатары көбейген. Елді мекендердің ішкі көшелерінің жөнделіп, жарықшамдардың орнатылуы ауыл тұрғындары үшін ең негізгі қажеттіліктің бірі екені анық.
Облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықовтың айтуынша, аймақ бойынша жалпы пайдаланымда ұзындығы 10 084 шақырым болатын автомобиль жолдары бар. Оның ішінде республикалық маңызы бар жолдар – 1204 шақырымды, облыстық маңызы бар жолдар – 1697, аудандық маңызы бар жолдар 1451 шақырымды құрайды. Ал елді мекен көшелерінің ұзындығы 5732 шақырымға жеткен.
Сапаға баса мән берілуде
Облыста жол-көлік инфрақұрылымын дамытумен қатар жолдың қауіпсіздігі мен сапасына да ерекше назар аударылып отырғанын айта кетуіміз керек. Осы жылы жергілікті жолдарды күтіп ұстау мен ағымдағы жөндеу жұмыстарына 4 миллиард теңге бөлініпті. Бұл қаржы жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға, жол жамылғыларын жөндеуге, жол белгілерін жаңартуға және жол сапасын қадағалауға бағытталған. Атап айтқанда, жалпы көлемі 50 870 шаршы метр шұңқырлар қалпына келтірілсе, жол бойына 1 572 жаңа белгі орнатылып, 440-ы жаңартылған. Сонымен қатар 170 белгі беру бағандары қойылып, 301,5 шаршы метр жасанды тегіссіздік жасалған. Көлік ағыны тығыз учаскелерге 2 641 шақырым жол таңбасы сызылып, қауіпсіздікті арттыруға бағытталған 30 шаршы метр шулы жолақтар да орнатылыпты. Бұған қоса, жол жиегін автогрейдермен тегістеу жұмыстары 15 267,9 шақырымды қамтыған. Жол жабындысындағы 130 текше метр көлеміндегі ісінген жерлер, 770 шаршы метр көлеміндегі тапталған жол табандары ретке келтіріліпті. Шағалды жолдарды тегістеу 116 шақырымды, ал өртке қарсы минералданған жолақтарды жырту жұмыстары 474,3 гектар алқапты құраған.
«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалы тарапынан 257,7 миллион теңгенің жұмысына сараптама жасалып, 51 нысан бойынша 88 мәрте тексеру жүргізіліпті. Нәтижесінде 375 сынама алынып, материал сапасы мен жұмыс деңгейіне баға берілген екен. Жыл соңына дейін жергілікті маңызы бар жолдардың 99,5 пайызы, елді мекен көшелерінің 89 пайызы жақсы және қанағаттанарлық күйге жеткізіледі деген жоспар бар, қазір осы межеге қол жеткізуге күш салынуда.
Жалпы жол сапасын арттыру үшін қоғамда адам сенімін нығайтатын жүйелі әрі ашық бақылау болуы қажет. Осы мақсатта Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облысы бойынша департаментімен бірлесіп, «Жамбыл – сапалы жол» жобасы бекітілгенін айта кетуіміз керек. Аталған жоба өңірдегі жол құрылысы мен жөндеу жұмыстары барысында орын алуы мүмкін заңсыз әрекеттердің жолын кесуге және бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына бағытталған. Жоба аясында ең алдымен жол сапасын бақылау тетігі күшейтіледі. Мердігер ұйым мен техникалық қадағалаушы мекеменің жауапкершілігі арттырылып, кепілдік мерзіміндегі жолдардың жағдайы тұрақты қадағалауға алынады. Жөндеу барысында орын алған ақауларды мердігер өз есебінен қайта қалпына келтіретін болады. Бұған қоса, кепілдік мерзімі 2 жылдан 3 жылға ұзартылып, жол сапасына тоқсан сайын мониторинг жүргізу көзделпті. Сондай-ақ жөндеуден өткізу жоспарланған жолдар туралы ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдары арқылы алдын ала жариялау тәжірибесі енгізілмек.
Автомобиль жолдары ұзақ мерзімге шыдас беруі үшін алдымен жол сапалы салынып, одан кейін жолды күтіп ұстау мен шамадан тыс ауыр жүк көліктерінің жүктемесінің артуын болдырмау аса қажетті істің бірі. Осыған орай, өңірдегі автожолдарды мерзімінен бұрын бүлінуден сақтау мақсатында бүгінде облыс бойынша көліктік бақылау инспекциясының аумақтық бөлімдерімен бірлескен рейдтік шаралар ұйымдастырылып келеді екен. Бақылау іс-шараларының барысында ауыр жүк көліктерінің салмақтық және өлшемдік параметрлерге сәйкестігі тексерілуде. 2025 жылдың алғашқы 5 айында жылжымалы көліктік бақылау постарында 274 автокөлік құралы тексерістен өтіпті. Нәтижесінде 430 әкімшілік құқықбұзушылық фактісі анықталып, жалпы сомасы 60,2 миллион теңге айыппұл салынған. Оның ішінде 35,6 миллион теңгесі, яғни 59,2 пайызы мемлекет пайдасына өндіріліпті.
Елді мекендердің еңсесі биік
Жамбыл ауданы әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ербол Жайлаубековтің сөзіне сүйенсек, жол жөндеу, көше жарықтандыру секілді істерді атқаруда аталған ауданда да оңды іс көп. Әрбір елді мекендегі көшелер жыл сайын кезең-кезеңімен жаңғыртылып, жарықтандырылуда. Аудан бойынша биыл автомобиль жолдарын 1,2 миллиард теңгеге жөндеу және қалыпты жағдайда ұстап тұру жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Оның ішінде аудандық мәндегі 22,1 шақырым жол жөнделуде. Атап айтқанда, «Алмалы Ресорт», «Таскөл» туристік нысандарыың кіреберіс жолы, Қызылқайнар, Қапал ауылдарының кіреберіс жолы, «Айшабибі-Қаратау бөлімшесінің» жолы 584,5 миллион теңгеге қалпына келтіріліп жатыр екен.
Осы аудандағы Қарасу ауылдық округінде екі елді мекен бар болса, ондағы жолдардың жағдайы жақсы деуге тұрарлық. Бұл жөнінде Қарасу ауылдық округінің әкімі Айдын Масатов айтып берді.
Қарасу ауылдық округінде барлығы 352 үй, 2049 тұрғын бар. Екі ауылға да газ, ауызсу құбыры тартылған, көшелері түгел жөндеуден өткен. Аталған елді мекендерде «Шешімін таппаса болмайды» дейтіндей алып бара жатқан мәселе жоқ көрінеді. Десе де екі ауылдағы 11 көшенің 10-ы жарықтандырылғанымен, тек Ащыбұлақ ауылындағы Ә.Әлімбаев көшесі әзірге қараңғылық құшағында. Осы көшенің тұрғыны Серік Қыбыраев бұл мәселенің де өз шешімін табатынына сенімді.
Бұл ауылдық округтен «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 172 аула 2,5 пайыздық несиеге қол жеткізген екен. Осы орайда «Тараз әлеуметтік-кәсіпкерлік корпарациясы» акционерлік қоғамы тарапынан аталған 172 аула үшін ұсынылған несиенің көлемі 1 миллиард 95 ммиллион теңгені құрапты.
«Жомарт түлек» жобасы бойынша 2024 жылға Қ.Сартбаев атындағы орта мектебінің алдына 1 миллион теңге тұратын «Менің сүйікті мектебім» тақтайшасы орнатылыпты. Аталған ауылдық округте тұрғындардың ауызбіршілігі негіз болған осы тектес елге қажетті игі істер де көрініс табуда.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ