Саясат

Байыпты бастаманың лайықты нәтижесі

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүзеге асырып жатқан реформалары - ел дамуының жаңа кезеңіне жол ашатын маңызды бастамалар. Мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту, экономика мен әлеуметтік саланы жетілдіру, заң үстемдігін қамтамасыз ету және азаматтардың әл-ауқатын арттыру – бүгінгі күннің басты міндеттері болып табылады. Бұл өзгерістердің тиімді жүзеге асуы мемлекеттің тұрақтылығы мен өркендеуіне тікелей әсер етеді.

8 ІРІ ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ЖОБА ЖОСПАРЛАНҒАН

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның электр энергиясымен өзін-өзі толық қамтамасыз етуіне қол жеткізу және резервтерді қалыптастыру міндетін қойған болатын. Негізгі энергетикалық жобаларды жүзеге асыру – экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған стратегиялық қадам. Еліміздегі энергожүйенің тұрақты әрі болжамды жұмысы өнеркәсіптік өсім мен өңірлердің дамуына негіз болып, жаңа жобалардың іске қосылуына жағдай жасайды.

Энергетика министрлігінің деректеріне сүйенсек, қазіргі уақытта Қазақстанда 230 электр стансасы жұмыс істейді, оның 156-сы - жалпы қуаты 3 ГВт-тан асатын жаңартылатын энергия көздерінің (ЖЭК) объектілері. 2024 жылдың қорытындысы бойынша тұтыну көлемі 119,9 миллиард  кВт/сағат болса, электр энергиясын өндіру 117,9 миллиард  кВт/сағатты құраған.

Сондай-ақ, Түркістан облысында қуаты 1 ГВт болатын бу-газ қондырғысының құрылысын салу жөніндегі жоба жүзеге асырылуда.

«Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың айтуынша, нысанды TURAN арнайы экономикалық аймағының құрамына енгізу жоспарлануда. Бу-газ қондырғысы жобалық қуатына 2027 жылы шығады деп күтілуде.

«Самұрық-Энерго» холдингі де генерация қуаттарын жаңғыру бойынша бірқатар жобаларды қолға алған. «Самұрық-Энерго» басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтовтың сөзіне сүйенсек, холдинг генерация қуаттарын жаңғырту бойынша ірі бастамаларды  жүзеге асыруда. Екібастұз ГРЭС-2 стансасын кеңейту аясында жалпы қуаты 540 МВт болатын үшінші энергоблоктың құрылысы жүріп жатыр. Оны іске қосу 2028 жылға жоспарланған. Алматыда ЖЭО-2 және ЖЭО-3 орталықтарын газға көшіру көзделген. 2026 жылы жаңғырту аяқталғаннан кейін бұл стансалардың жалпы қуаты 1 ГВт-тан асады. Сондай-ақ Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жаңа ЖЭО-лар салуға дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Көкшетаудағы жоба бойынша мердігерлер анықталып, келісімшарт жасау рәсімдері басталған.   

Сонымен қатар, Президент тапсырмасын орындау аясында батыс аймақтың энергетикалық жүйесін елдің Біртұтас электр энергетикалық жүйесімен біріктіру және оңтүстік аймақтың қуатын арттыру жұмыстары барысында жалпы құны 356 миллиард  теңгеден асатын екі ірі бастама жүзеге асырылуда.

Ұлттық электр желісінің сенімді жұмысын қамтамасыз ету мақсатында «KEGOC» акционерлік қоғамы жалпы құны 2,3 триллион теңге болатын 8 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

 

ЖЫЛ СОҢЫНА ДЕЙІН 328 ЕЛДІ МЕКЕН ИНТЕРНЕТКЕ ҚОСЫЛМАҚ

Еліміздің экономикасын цифрлық трансформациялау үдерісінде де ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жобалар баршылық.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәліметінше,  қазіргі уақытта Қазақстанда 6 179 ауыл бар, оның 42 пайызы жоғары жылдамдықты деректерді тарату технологиясымен қамтамасыз етілген. Ауылдық елді мекендерді шыны-талшықты байланыс желілеріне (ШТБЖ) қосу жобасы аясында 2027 жылдың соңына дейін интернет 3781 ауылға жеткізіледі. Нәтижесінде желінің жалпы ұзындығы 160 мың шақырымнан асады және қамту деңгейі 90 пайызға дейін өседі.  

Сонымен қатар Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы цифрлық транзиттік хаб ретіндегі рөлін нығайту үшін 2026 жылдың соңына дейін елдің халықаралық деректер тарату үлесін арттыру жоспарлануда. Бұл мақсатта Транскаспий магистралі мен «Батыс – Шығыс» гипермагистралінің құрылысы жүргізілуде. Жалпы салынған қаржы көлемі – 30,7 миллиард теңге. 2027 жылдың соңына дейін республикалық және облыстық автожолдардың 40 мың шақырымын қоса алғанда, ел бойынша күре жолдарды мобильді байланыспен қамту деңгейін 99 пайызға дейін жеткізу жоспарлануда.

Сондай-ақ спутниктік байланысты дамытуға да баса назар аударылуда. 2025 жылдың соңына дейін қосымша  шалғайдағы 328 елді мекен интернетке қосылады. Қазіргі уақытта Қазақстан OneWeb, Starlink, Shanghai Spacecom Satellite Technology және Amazon Kuiper компанияларымен ынтымақтастық орнатқан. Бұл бағыттағы жалпы инвестиция көлемі 38,6 миллиард  теңгеден асады.  

Деректерді өңдеу саласында 2030 жылға дейін Қазақстанда жалпы сыйымдылығы 20 мыңға жуық IT-сөрелері бар Tier III деңгейінен төмен емес 10 деректер орталығын пайдалануға беру жоспарлануда. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, 2025–2030 жылдар аралығында ақпараттық-коммуникациялық технологиялар секторына жалпы көлемі шамамен 1,3 триллион теңге инвестиция тарту көзделіп отыр.

Тағы бір айта кетерлігі, аталған министрлік су ресурстарын реттеу және пайдалану саласына қатысты 3 мемлекеттік қызметті жүзеге асырған. Жалпы алғанда, 2024 жылы 8 050 қызмет толықтай онлайн форматта ұсынылыпты. Аталған қызмет түрлерін цифрландыру азаматтар мен заңды тұлғалар үшін рәсімдерді едәуір жеңілдетіп, өтінімдерді қарау мерзімдерін қысқартуға мүмкіндік берген.

Министр сумен жабдықтауды басқару процесіне нәтижелі реинжиниринг жүргізілуінің бір мысалы ретінде Шымкент қаласында енгізілген көпдеңгейлі мониторинг және басқару жүйесін атады. Мониторинг жүйесіне 31 990 су тарату торабы қосылып, 52 насос станциясы интеграцияланған. Енді келесі кезеңде 14 жинақтаушы резервуардың мониторингі жүзеге асырылмақ. Түнгі уақытта бұл резервуарларға қаланың болжаулы қажеттіліктеріне сәйкес анықталатын көлемде су жіберіледі. Барлық резервуарлар су деңгейі мен шығынды тіркейтін датчиктермен жабдықталған. Одан әрі қалалық су құбыры желісінің түрлі нүктелеріндегі қысымды бақылау үшін 206 арнайы датчик қолданылады. Бұл датчиктер нақты уақыт режимінде қысымның өзгеруін бақылауға мүмкіндік береді. Осы өзгерістерді ескере отырып, насос станцияларының жұмыс режимін өзгерту бойынша шешімдер қабылдауға болады.

Ал магистралды су құбыры желілерінде қашықтан басқарылатын электр жетегі бар ысырмалар орнатылған. Орнатылған датчиктерден келіп түсетін сигналдар мониторинг орталығына жолданады. Алынған мәліметтер негізінде су беруді жедел реттеуге және жабу арматурасын персоналды оқиға орнына жібермей-ақ басқаруға мүмкіндік береді. Жүйеде GSM желілері арқылы жұмыс істейтін 14 электр жетегі бар ысырма пайдаланылуда екен. Сонымен қатар, Astana Hub экожүйесінде осы салаға арналған цифрлық шешімдер әзірлейтін стартаптар мен компаниялар қалыптасып келеді.

Ведомство мамандарының айтуынша, бұл компаниялар су құбыры желілерін автоматтандыру мен мониторинг жүргізу, автокөліктерді жуу кезінде суды үнемдеу, сондай-ақ апаттардың алдын алу үшін нысандардың жай-күйін бақылау сияқты бағыттар бойынша жүйелер мен аппараттық-бағдарламалық кешендер әзірлеуде. 2024 жылдың қорытындысы бойынша аталған компаниялар 2 миллиард теңгеден астам табыс тауып, 100-ден астам жұмыс орнын құрды.

 

АГИС ЖҮЙЕСІНІҢ ТИІМДІЛІГІ МОЛ

Сондай-ақ коммуналдық инфрақұрылымды цифрландыру саласындағы цифрлық технологияларды енгізудің бір мысалы - сумен жабдықтау және су тарту желілерін автоматтандыруға арналған АГИС кешенді жүйесі. Бұған дейін су ресурстарын бақылау қолмен жүргізіліп, бұл үлкен шығындар мен апаттарға алып келетін. Алайда АГИС жүйесі енгізілгеннен кейін жағдай өзгерді. Ол төлемдерді есептеу, шот ұсыну және есепке алу, деректерді онлайн жинау мен талдау үшін биллингтік платформаны қамтиды. Жүйе сондай-ақ автоматты түрде диспетчерлік басқаруды, нысандар мен желілерді паспорттауды және тағы басқа қызметтерді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Коммуналдық инфрақұрылымды цифрландыру саласындағы тағы бір тиімді шешім – Connected Home жүйесі. Бұл - судың ысырап болуын бақылау және алдын алу жөніндегі интеллектуалды жүйе. Бұрын су ағулар тек апат орын алғаннан кейін ғана анықталатын, оның соңы ресурстардың шығынына және қымбат жөндеу жұмыстарына алып келетін. Connected Home жүйесінің арқасында проактивті тәсілді қолдану мүмкін болды. Ақылды датчиктер мен қалпақшалар су ағуын анықтаған сәтте суды бірден өшіреді. Мобильді қосымша арқылы нысан иелеріне хабарламалар жіберіледі, ал орталықтандырылған мониторинг апаттық жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді. Жүйе өзінің тиімділігін іс жүзінде дәлелдеді. Мәселен, 15 000-нан астам нысан іске қосылып, 48 000-нан астам құрылғы орнатылды. Аталған шешімді енгізу 5 786 апаттық жағдайдың алдын алуға және су тұтынуды 40 пайызға азайтуға мүмкіндік берді.

Ел Президентінің кез келген тапсырмасы мен бастамасы еліміздің дамуы үшін аса маңызды. Тапсырманы орындауда жауапкершілік жүгі жеңіл болмайды. Үкімет жүктелген әрі жүйелі жоспарланған жұмысты жедел әрі нәтижелі іске асырса, халық та еліміздің эконо­ми­касының дамуын сезінері сөзсіз.

Асан ТІЛЕМІСОВ