Жыраулық және ұлттық педагогика
Жыраулық – ықылым заманнан қазақ халқының қанына сіңген ең көне де қасиетті өнерлерінің бірі. Ол – бір ғана өнер емес, тұтас рухани әлем, қазақ болмысының жүрегі, ұлттық жад пен сана көшінің мәңгілік серігі. Кешегі Асан Қайғыдан бастап, Махамбетпен асқақтатқан, бүгінгі термешілер мен жыршылар арқылы жаңа дәуірге жеткен бұл дәстүр – ұлт рухының үзілмеген жібі, сарқылмаған бұлағы.
Қазақ тарихында жырау тек ақын ғана емес, ел мен жердің, хандығы мен халқының жыршысы ретінде орын алады. Олардың әрбір сөзі – халықтың үні, жүректің сыры, елдік мұраттың көрінісі. Жырау – көреген көсем, әділ кеңесші, халық пен хан арасындағы дәнекер болған. Қазақ руханиятының алтын өзегі болған бұл дәстүр ғасырлар бойы ұрпақ санасына елдік идеяны сіңіріп, қоғамдық пікір қалыптастырды.
Ғасырлардан тамыр тартқан жыраулық, кейіннен жыршы-термешілікке ұласқан бұл дәстүрлі сөз өнері бүгінгі күнде де өзектілігін жоғалтпай тәрбие құралына жарап тұр. Жалпы жыраулық, шешендік, термешілік сынды өнер түрлерінің басын біріктіретін мәдениет саласына мемлекетіміз көп көңіл бөліп отыр. Себебі ол да елдің еркін тыныс алуына, өркениет көшінен қалмай алға басуына қажет басты қағидаттардың бірі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың Бурабайда өткен төртінші отырысында мәдениетті жай ғана ғимараттар мен мекемелер емес, ол ұлттық сана-сезімді жаһандық ауқымда нығайта түсетін мықты тұғыр екенін атап өтті.
«Біз ЮНЕСКО-мен ынтымақтастық аясында Қазақстанның материалдық және материалдық емес мұраларын халықаралық тізімдерге енгізуге айрықша мән беріп жатырмыз.
Үкімет түрлі ұлттың барша адамзатқа ортақ білім қазынасына қосқан зияткерлік үлесін көрсететін «Әлем жады» тізіміне деректі мұраларымызды енгізу жұмысын жандандыру қажет.
Жаңа заманда біздің алдымызда жаңа міндеттер тұр.
Көптеген ел өзінің салт-дәстүрі мен қазіргі инновацияларды өзара үйлестіру арқылы дамудың даңғыл жолына түскенін тарихтан көріп-біліп отырмыз. Сол секілді біз де төл мәдениетімізді қазіргі әлемдегі шынайы жағдайға бейімдеуіміз қажет», деді Президент.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы 2023 жылы Республикалық педагогтер съезіндегі баяндамасында да тәрбие ісінде ұлттық педагогика бастауларын да назардан шығармаған жөн екенін айрықша атап өткен.
«Балаларымыздың бойына қазақтың салт-дәстүрі мен құндылықтарын сіңіру аса маңызды. Халқымыз қашанда үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білген. Қадір-қасиет, абырой, парыз секілді ұғымдарға атүсті қарамаған. Яғни, төл мәдениетіміз де жастар тәрбиесінде маңызды рөл атқарады», деген Қасым-Жомарт Кемелұлы ұлттық құндылықтар арқылы ұрпақ тәрбиесін байыта түсуге болатынын айтқан-ды.
Жалпы XV-XVIII ғасырлардағы жыраулардың шығармалары елдің тарихи жадын сақтап, болашаққа жол көрсеткен көркем рухани мұра болды. Асан Қайғы – жерұйықты аңсаған ел философы болса, Қазтуған, Доспамбет, Жиембет – жауынгер жыраулар еді. Бұқар – Абылай ханның ақылшысы, ал Махамбет – еркіндік үшін болған күрестің үні еді. Бұл жыраулардың жырлары халықтың мұңы мен үмітінің сөзге айналған бейнесі іспетті.
Бүгінгі таңда да жыраулық дәстүр жойылған жоқ. Қайта жаңғырып, жаңаша сипат алып келеді. Қазіргі заман жыраулары – Айгүл Елшібаева, Берік Жүсіп, Мұрат Шаймаран, Елдос Еміл секілді өнер иелері терме мен жыр арқылы ұлттық құндылықтарды насихаттап, жастарды рухани бағытта тәрбиелеп келеді. Олар тек көне дәстүрді жалғастырып қоймай, заманның да өзекті мәселелерін – тіл мен діл тағдырын, экология мен жаһандану, имандылық пен отансүйгіштікті жырларына арқау етіп жүр.
Жерлесіміз, марқұм Аяз Бетбаев та өзіндік үнімен, елден ерекше мақамымен жыраулықтың заңды жалғасындай болған жыршы-термешіліктің отымен кріп, күлімен шыққан өнер тұлғасы еді. Оның әрбір термесі бүгінде үлкеннің де, кішінің де жадында сайрап жатыр.
Жыр айтылатын орта да өзгерді: бұрын жырау хан ордасында, халық жиындарында, киіз үй ішінде сөз сөйлесе, бүгінде сахналарда, теледидар мен радиода, YouTube пен TikTok алаңында жыр тыңдалады. Бұл – дәстүрдің әлсірегені емес, оның бейімделуі, жаңғыруы. Жыраулық – тек өткеннің жәдігері емес, бүгінгі күннің де рухани қажеттілігі.
Сабақтастықтың көрінісі – мазмұндық үндестік пен рухани миссияның сақталуы. Бұрынғы да, қазіргі де жыраулар елдік, имандылық, бірлік, әділдік, адамгершілік сынды құндылықтарды жырлайды. Тілді, мәдениетті сақтау – екі дәуірдің де басты ұстанымы. Айырмашылықтар болса – айтыс пен терменің берілу формасында, аудитория мен тәсілде. Бірақ олардың түпкі мақсаты өзгермеген: ұлттық рухты сақтау.
Жыраулық өнер – қазақ әдебиетінің іргетасы ғана емес, этнопоэзия мен мәдениеттанудың өзегі. Бүгінде ол ғылыми еңбектерге арқау, оқу бағдарламасына енгізілуде. ЮНЕСКО аясында да жыраулық өнердің құндылығы мойындалуда. Демек, бұл өнер – тек мұра емес, ұлттық болмысты сақтаудың бірден-бір құралы.
Жыраулық – қазақ рухының мәңгілік үні. Кешегі жыраулар – елдің рухани көшбасшылары болса, бүгінгі жыршылар – сол көшті жалғастырып келе жатқан мұрагерлер. Олар өткеннің аманатын арқалап, болашаққа бағыт беріп жүр. Бұл дәстүрді сақтау – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Ұсыныс ретінде айтарымыз: жыраулық өнерді оқу орындарында пән ретінде оқытқан абзал; жас жыршыларға қолдау көрсету мақсатында байқаулар мен медиа-жобалар ұйымдастыру қажет; цифрлық архивтер мен платформалар арқылы жыр мұрасын кең таратудың маңызы зор; TikTok, Instagram, YouTube сияқты алаңдарда креативті форматтарда насихаттау уақыт күттірмеуі тиіс; ең бастысы жыраулық өнерді халықаралық деңгейде дәріптеудің елімізге берері көп.
Тоқ етерін айтсақ, жырау – ұлттың жүрегі. Ал сол жүрек соғып тұрған шақта дәстүр де тірі, елдің де еңсесі биік болмақ.
Сәрсенбай ӘБІЛҚАЙЫР,
облыстық айтыскер ақындар,
жыршы-термешілер орталығының
үйірме жетекшісі