«Балақайлар мектебі» – байыпты бастама
Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен елімізде бірінші сыныпқа баратын балаларға бірдей бастапқы мүмкіндік беру мақсатында мектепалды дайындыққа арналған «Балақайлар мектебі» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарлама балалардың оқу процесіне сәтті бейімделуі мен болашақта қажетті дағдыларын дамыту үшін жағдай жасауға бағытталған.
Оқу-ағарту министрлігінің мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры Манар Адамованың айтуынша, осымен екінші жыл қатарынан жүзеге асырылып жатқан бағдарлама аясында биылғы жазда қысқа мерзімді мектепалды даярлық курстарымен 90 мыңға жуық бала қамтылады.
«Бағдарлама мемлекеттік жалпыға міндетті мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту стандартына сәйкес әзірленген және мектепке дейінгі білім мен бастауыш мектеп арасындағы сабақтастықты қамтамасыз етеді. Баянды бастама балаларды мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасының барлық бағыттары бойынша мектепке дайындауға мүмкіндік береді. Бағдарлама мемлекеттік жалпыға міндетті мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру стандартына сәйкес әзірленді.
Жаз маусымының екі айында қысқа мерзімді мектепалды даярлық курстары шамамен 25 мыңға жуық баланы қамтыды. Тамыз айында шамамен тағы да 5,3 мың топ құрып, 65,2 мың баланы қамту жоспарлануда. Оқыту мерзімі бір айға есептелген. Сабақтар күн сайын 30 минуттан, 10 минуттық үзілістермен өтеді. Балаларға бастауыш сыныптың білікті мұғалімдері немесе мектепалды даярлық педагогтері сабақ береді. Әсіресе, балалардың физикалық, коммуникативтік, зияткерлік, шығармашылық және әлеуметтік-эмоционалдық дағдыларын дамытуға, сондай-ақ мектепке деген оң көзқарас қалыптастыруға баса назар аударылады», дейді Манар Адамова.
Ал облыс әкімдігі білім басқармасының мектепке дейінгі тәрбие, орта және жалпыға міндетті білім беруді ұйымдастыру бөлімінің басшысы Айдын Досыбаеваның айтуынша, жаңа оқу жылының басталуына дайындық ретінде облыстың барлық жалпы білім беру ұйымдарында тамыз айынан бастап «Балақайлар мектебі» өз жұмысын бастайды.
Ал Тараз қаласындағы №67 мектептің «Балақайлар мектебі» мектепалды даярлық сыныбының ұстазы Перизат Әкімжанова бағдарлама балалардың мектепке бейімделуін жеңілдетіп, педагогтердің болашақ оқушыларымен жақынырақ танысуына көмектесетінін айтады.
«Балақайлар мектебі» бағдарламасының тиімділігі жылдан-жылға дәлелденіп келеді. Себебі баянды бағдарлама тек білім беру ғана емес, балалардың тұлғалық дамуына үлес қосатын қолдау алаңы, жаңа оқу жылына жақсы көңіл күймен және дайындықпен қадам басуға берілетін үлкен мүмкіндік.
Сымбат ҚУАНЫШ