Денсаулық

Витилиго дерті жасарып барады

Витилиго – созылмалы, қайталанатын тері ауруы. Денеге ақ немес түссіз дақ түрінде шығады. Бұл дерт теріде пигмент өндіретін меланоцит жасушаларының жойылып кетуінен пайда болады. Салдарынан теріде түсі кеткен, ашық түсті, шекарасы анық дақтар пайда болады. Дақтар көбінесе бетте, қол мен аяқта, ауыз айналасында, сондай-ақ шаш түбінде байқалады. Ауру адамға физикалық ауырсыну тудырмағанымен, психологиялық тұрғыдан үлкен күйзеліс әкелуі мүмкін.

Бүгінде витилигоның балалар мен жасөспірімдер арасында жиілеп кетуі мамандардың алаңдаушылығын тудыруда. Ал дерттің кең етек жаюына экологияның нашарлауы, иммундық жүйенің әлсіреуі, гаджеттермен шектен тыс уақыт өткізу, тұрақты күйзеліс пен ұйқы режимінің бұзылуы сияқты қазіргі заманның өзекті мәселелері негізгі себеп болып отыр.

Жалпы аурудың нақты себебі әлі толық анықталмағанымен, дамуына ықпал ететін бірнеше маңызды фактор бар. Олардың қатарына тұқымқуалаушылық, яғни отбасында витилиго дертімен ауырған адамдардың болуы, аутоиммундық процестер, жүйке жүйесінің бұзылыстары, эмоциялық күйзелістер, сондай-ақ терінің жарақат алуы, химиялық заттармен жанасуы жатады.

Ауру кез келген жаста, кез келген адамда пайда болуы мүмкін. Бірақ 10-30 жас аралығында жиі анықталады. Ерекше бір әлеуметтік топқа немесе жынысқа тән емес. Аурудың алғашқы белгілері ретінде теріде түссіз, пигментсіз, ашық түсті дақтардың пайда болуын айтуға болады. Уақыт өте келе дақтар үлкейіп, дененің басқа бөліктеріне де таралуы ықтимал. Витилиго дақтары күнге өте сезімтал болады. Күн сәулесіне тез күйеді, бұл да қосымша жайсыздық туғызады. Аурудың жұқпалы еместігін де атап өткен жөн. Ол адамнан адамға ешбір жолмен таралмайды.

Витилигодан емделу мүмкіндігі шектеулі болғанымен, дерттің таралуын тоқтатып, терінің табиғи түсін қалпына келтіруге бағытталған емдеу әдістері аз емес. Емдеу ұзақтығы әр адамда әртүрлі. Кейде бірнеше айға, тіпті бірнеше жылға созылуы мүмкін. Бұл емнің тиімділігі көбіне адамның жасына, дақтың көлемі мен таралу деңгейіне, сонымен қатар науқастың емге деген ұқыптылығы мен табандылығына байланысты.

Дәрілік ем ретінде гормоналды немесе иммуносупрессиялық жақпа майлар жиі тағайындалады. Сонымен қатар, ПУВА-терапия (ультракүлгін сәулемен емдеу), 308 нм толқынды excimer лазер, кейбір жағдайларда тері трансплантациясы (қалпына келтіретін ота) ұсынылады. Косметикалық камуфляж, яғни арнайы бояу немесе макияж арқылы терідегі ақ дақтарды жасыру әдісі адамның өзін жақсы сезінуіне септігін тигізеді. Бұған қосымша психологиялық қолдау қажет.

Облыстық тері-венерологиялық диспансерінің терапевт дәрігері Ақмарал Құрманбектің айтуынша, витилиго тек теріге әсер ететін емес, адамның өз-өзіне деген сеніміне, өмір сапасына ықпал ететін дерт.

Аурудың алдын алудың нақты жолы жоқ. Бірақ ерте кезеңде анықтау – аурудың ауыр салдарын азайтуға көмектеседі. Ол үшін иммунитетті күшейту, теріні жарақаттан қорғау, жүйелі медициналық тексеруден өтіп тұру, дұрыс тамақтану және күйзелісті бақылауда ұстау қажет. Ерте басталған және көлемі кіші ошақты витилигоны емдеуде оң нәтижелер көптеп кездеседі. Тек маман кеңестерін мүлтіксіз орындаған жөн.

Ақмарал Әбдіқадырқызы емнің нәтижелі болуы үшін ең алдымен науқастың мотивациясы, ата-ананың қолдауы мен дәрігерге сенімі аса маңызды екенін айтады.

Күнделікті өмірде витилигомен өмір сүретін адамдарға белгілі бір шектеулер бар. Ең бастысы күн сәулесінен қорғану, SPF 50+ кремдерді қолдану, күн астында ұзақ жүрмеу, жеңі ұзын киім кию ұсынылады. Сонымен қатар теріні күтуде жұмсақ, аллергия туғызбайтын, табиғи құрамдағы өнімдерді қолдану керек. Дұрыс тамақтану, яғни ағзаға қажетті дәрумендер мен микроэлементтерді жеткілікті мөлшерде қабылдау терінің қалпына келуіне ықпал етеді.

Витилиго – өмірге қауіпті болмаса да, адамның психологиялық жай-күйіне елеулі әсер ететін дерт. Ерте жастан бастап баланың терісіндегі кез келген өзгеріске мән беру, дер кезінде дәрігерге қаралу, эмоциялық қолдау көрсету – витилигомен күрестегі негізгі қадамдар. Витилиго – жазылмайтын емес, басқаруға болатын дерт.

Айжан ӨЗБЕКОВА