Әлеумет

Қаржыландыру көлемі азайғанымен, жобалар жалғаса бермек

Сәрсенбі күні облыстық мәслихаттың кезектен тыс жиырма төртінші сессиясы өтті. Сессияны облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиев жүргізіп отырды. Жиынға аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев және облыс әкімінің орынбасарлары, қала мен аудан әкімдері, басқарма басшылары қатысты.

Сессияның күн тәртібіне сәйкес облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиева 2025 жылға арналған облыстық бюджетті нақтылау жобасына енгізілген өзгерістермен таныстырды.

Басқарма басшысының сөзінше, Үкімет қаулысына сәйкес, республикалық бюджеттен өңірге қарастырылған 465 миллиард теңге субвенция көлемін он пайызға дейін қысқарту міндеттелген. Алайда салалық министрліктермен жүргізілген тиімді жұмыстардың нәтижесінде аталған қаражат сомасы 13,9 миллиардқа қысқартылып, қайта қаралған.

Жиында облыстық мәслихат депутаттары қаржылық шығындардың азайтылуына байланысты салаларда қандай өзгерістер болатындығын сұрастырды. Мәселен, депутат Оралхан Дәуіт денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық базасын нығайтуға қатысты, депутат Керімқұл Бегалиев шаруалардың техникасын субсидиялауға қатысты шығындар туралы сауал жолдаса, тағы бір халық қалаулысы Серік Қойбақов кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы субсидиялау, жалға алуға шығындар туралы сауал жолдады.

Бұдан бөлек, сессия отырысында Тараз қаласының құрамдас бөліктеріне атау беру және қайта атау мәселесі қаралып, бірқатар қағидалар мен облыс әкімдігі жанындағы комиссия құрамдарына өзгерістер енгізілді. Айта кетейік, облыс орталығы аумағының кеңеюіне байланысты бүгінде шаһарда 177 көше атауына өзгеріс енгізілуде.

Сессия отырысында бірқатар депутаттардың ұсыныс-пікірлері тыңдалып, өңірдің экономикалық-әлеуметтік дамуына қатысты шешімдер қабылданды.

Жиын соңында облыстық мәслихат төрағасы Абдалы Нұралиев көтерілген мәселелер ұдайы депутаттар бақылауында екендігін тілге тиек етіп, жергілікті атқару органдармен бірлескен жұмыстың жалғаса беретіндігін жеткізді.

Нұрболат АМАНБЕК