Бүгін ауылшаруашылығы санағы басталды
Бүгіннен бастап елімізде Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы басталды. Ауқымды статистикалық шара барлық өңірді қамтиды.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, санақ екі кезең бойынша өтеді. Бастапқы бірінші онлайн кезең 1-31 тамыз аралығында, одан кейінгі екінші офлайн-кезең 20 қыркүйек-20 қазан аралығында өтеді. Осы уақыт аралығында барлық қатысушы sanaq.gov.kz сайтында онлайн форматта санақтан өте алады. Сайтта ауылшаруашылығы өндірушілері мен үй шаруашылықтарына арналған екі түрлі сауалнама парағы болады.
Өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы немесе балық шаруашылығымен айналысатын заңды тұлғалар, жеке кәсіпкерлер мен шаруа (фермер) қожалықтары 2-АШК/ШФҚ санақ парағын толтыруы тиіс. Бұл сауалнамада тоғыз бөлімнен тұратын 29 сұрақ қамтылған. Онда жер учаскелерінің көлемі, олардың қалай пайдаланылып жатқаны, суару тәсілдері, жердің меншікке немесе жалға алынғаны туралы мәліметтер көрсетілуі керек.
Сондай-ақ сауалнамада шаруашылықтағы мал, құс, балық саны, қолданылатын техника, құрал-жабдықтар, қоймалар, сақтау орындары мен басқа да қажетті нысандар туралы ақпарат сұралады. Қатысушылар тыңайтқыштарды, өсімдіктерді қорғау құралдарын қолдану, органикалық өнім өндіру, ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу, сондай-ақ жұмысшылардың саны мен олардың сипаттамасы жөнінде де мәлімет береді.
Егер шаруашылық бірнеше өңірде қызмет жүргізсе, әр өңір бойынша жеке бөлімді толтыру қажет. Бұл парақта жер учаскелерінің, егістік алқаптарының, мал мен құстың нақты орналасқан жері көрсетілуі тиіс.
Бақша егетін немесе мал мен құс ұстайтын үй шаруашылықтары да санаққа қатысады. Олар үшін 3-ЖҚШ сауалнама парағы қарастырылған. Бұл сауалнамада қандай дақылдар өсірілетіні, қанша мал мен құс ұстайтыны, жайылымдарды қолданатыны, мал ұстауға арналған құрылыстардың бар-жоғы, сондай-ақ өнімнің сатылатыны немесе жеке тұтынуға пайдаланылатыны туралы мәлімет беріледі. Үй шаруашылықтарына арналған сауалнама 8 бөлімнен және 22 сұрақтан тұрады.
Ұлттық статистика бюросы барлық ұсынылатын ақпараттың құпиялылығын сақтап, деректер «Мемлекеттік статистика туралы» заңымен қорғалатынын және салық немесе басқа мемлекеттік органдарға берілмейтінін мәлімдеді.
Жалпы санақ аясында Бюро еліміз бойынша шамамен 300 мың ауылшаруашылығы ұйымын және 2 миллион үй шаруашылығын қамтуды жоспарлап отыр.
Бүкіл ел бойынша сауалнама жүргізу үшін 3500-ден астам интервьюер тартылады.
Азаматтарға ыңғайлы болу үшін ауылдық әкімдіктер мен аудандық статистика бөлімдерінде интернетке қосылған өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары болады.
Сондай-ақ азаматтар 1446 байланыс орталығына хабарласып кеңес ала алады.
«AR-AI»-ақпарат