Алғашқы жартыжылдық: нәтиже қандай?
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кеңейтілген әкімдік мәжілісінде 2025 жылдың қаңтар-маусым айларындағы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен бюджеттің орындалу барысы қаралды.
Жиында алғаш болып сөз алған облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиева негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша егжей-тегжейлі баяндама жасады.
Басқарма басшысының айтуынша, бірінші жартыжылдықтың қорытындысымен облыстың қысқа мерзімді экономикалық индикаторы 113,8 пайызды құрап отыр. Бұл республика бойынша тіркелген орташа көрсеткіштен (109 пайыз) едәуір жоғары. Мұндай нәтижеге өнеркәсіп, ауылшаруашылығы, құрылыс, сауда, көлік, байланыс сияқты негізгі салалардағы қарқынды өсім есебінен қол жеткізілген. Өнеркәсіп саласында өндірілген өнім көлемі 627,6 миллиард теңгені құрап, 20,6 пайызға ұлғайған. Бұл көрсеткішке тау-кен өндіру саласындағы 45,7 пайыздық өсім, электрмен жабдықтаудағы 11,8 пайыздық және сумен жабдықтаудағы 5,1 пайыздық өсім айтарлықтай үлес қосқан. Жалпы өнеркәсіп құрылымында үлесі 64 пайызды құрайтын өңдеу өнеркәсібінде 401,9 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Бұл салада да оң серпін байқалады, яғни өсім 15,4 пайызды құрап отыр.
Ауылшаруашылығы саласында да тұрақты даму бар. Жалпы өнім көлемі 98,9 миллиард теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 104,3 пайызды құрайған. Өңірдің барлық аудандарында өсім тіркелген. Өсімдікшаруашылығында 4,6 миллиард теңгенің өнімі өндірілген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,5 есеге көп.
Биыл ауылшаруашылығы дақылдары 661,9 мың гектарға егілген, бұл жоспардан 102,9 пайызға артық. Оның ішінде дәнді дақылдар 372 мың гектарға, майлы дақылдар 40,7 мың гектарға, қант қызылшасы 5,6 мың гектарға егіліпті. Алайда 21 шілдедегі жағдай бойынша масақты дәнді дақылдардың өнімділігі 7,3 центнерді ғана құрап отыр. Бұл былтырғы 19 центнермен салыстырғанда айтарлықтай төмен көрсеткіш.
Малшаруашылығы саласында 94,2 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, 3,1 пайызға өскен.
Жалпы облыстағы инвестициялық ахуал да оң нәтиже көрсетіп отыр. Негізгі капиталға 301,8 миллиард теңге инвестиция тартылып, өткен жылмен салыстырғанда 48,1 пайызға артыпты.
Баяндаманы тыңдаған облыс әкімі Ербол Қарашөкеев алғашқы жартыжылдықтағы оң нәтижелерге тоқтала отырып, бірқатар мақсатты көрсеткіштердің орындалмағанын сынға алды.
Бұл сұраққа жауап берген Сандуғаш Абдралиева өз кезегінде экономикалық өсімге қатысты әрбір көрсеткіштің ай сайын тұрақты түрде талданып жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, Ұлттық экономика министрлігі аймақтарға жыл соңына дейін қол жеткізілуі тиіс нақты индикаторларды жолдаған. Осы негізде әр аудан мен сала бойынша көрсеткіштердің декомпозициясы жүргізіліп, жауаптыларға тапсырылған. Басқарма басшысы салалар бойынша талдау нәтижесінде кейбір көрсеткіштің жоспардан төмен деңгейде орындалу қаупі туындап отырғанын ашық айтты. Мәселен, сауда саласында жылдық меже 114,2 пайыз болса, салалық басқарма есебі бойынша бұл көрсеткіш жыл соңына дейін 103,2 пайыз деңгейінде орындалуы мүмкін. Ал көлік және қоймалау саласында жоспар 116,5 пайыз болғанымен, болжамды нәтиже 115 пайыз шамасында болады деп күтілуде.
Мұнан кейін облыс әкімдігі қаржы басқармасының басшысы Батырхан Әкек 2025 жылдың қаңтар-маусым айларындағы облыстық бюджеттің орындалуы туралы есеп берді.
Басқарма басшысының айтуынша, бюджет кірістері 386,1 миллиард теңгені құрап, жоспар 99,2 пайызға орындалған. Алайда республикалық бюджеттен бөлінуі тиіс 12,2 миллиард теңге трансферт уақытылы түспей, толық орындауға кедергі келтірген.
Соған қарамастан, меншікті кірістер жоспары 109,7 пайызға (102,1 миллиард теңге) орындалып, бюджетке 9 миллиард теңге артық түскен. Аудан, қалалардың барлығы жоспарды орындағанымен, Сарысу мен Талас аудандарында былтырғы кезеңмен салыстырғанда аздаған төмендеу байқалыпты.
Облыс бойынша бюджет қаражатының 96,3 пайызы (392,3 миллиард теңге) игерілген. 14,9 миллиард теңге игерілмей қалған. Ең көп игерілмеген сома Тараз қаласында – 3,2 миллиард теңге, Қордай ауданында – 1,3 миллиард теңге және Талас ауданында – 755 миллион теңге.
Сала бойынша да бірқатар басқарма бөлінген қаражатты толық игере алмаған. Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы тек 50,3 пайызды игеріп, 11,4 миллиард теңге жұмсалмай қалған. Құрылыс, ауылшаруашылығы, көлік және басқа да салаларда жалпы 16,2 миллиард теңге игерілмеген. Игерілмеудің негізгі себебі – трансферттердің түспеуі мен келісімшарттардың кеш жасалуы.
Қазіргі таңда республикалық бюджеттен 42,4 миллиард теңге әлі де түспеген. Бұл жағдай облыс бюджетіндегі қолма-қол қаражат тапшылығына алып келуде.
Жалпы облыс бюджеті жоспарлы әрі тиімді игеріліп жатқанымен, республикалық қаражаттың кешігуі әлеуметтік жобалар мен инфрақұрылым жұмыстарына кері әсерін тигізуде. Осыған байланысты облыс әкімі межені орындамаған аудан әкімдері мен басқарма басшыларынан есеп алып, ескерту жасады.
Жиында Шу ауданының әкімі Бақытжан Жәнібеков пен Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбековтің де есептері тыңдалды.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі қол жеткізілген нәтижемен шектелуге болмайтынын ескертіп, даму қарқынын күшейту қажеттігін қадап айтты.
Әсіресе, қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, заң аясында барлық қаржылық тетіктерді іске қосу қажеттігі айтылды. Аймақ башсысы инфрақұрылым, инвестиция тарту, құрылыс және білім беру салаларындағы басқа өңірлердің оң тәжірибесін зерделеуді тапсырды.
Сонымен бірге, орындалмаған немесе төмен көрсеткіштер бойынша жауапты басшылардың жеке жауапкершілігі қаралатынын атап өтті. Жыл соңына дейін барлық көрсеткіштерді орындауға ерекше назар аударылуы тиіс екенін де айтты.
Жиын соңында облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нартай Егеубердиевке сөз берілді. Ол облыс әкімдігінің сот шешімдері бойынша міндеттемелерді орындауға арналған резерв пен қаржы бөлуге қатысты қаулы жобасын таныстырды. Қаулы жобасы дауысқа салынып, бірауыздан қабылданды.
Айжан ӨЗБЕКОВА