Жамбыл жаңалықтары

«Тұрғындардың талап-тілегі – басты назарда»

«Тұрғындардың талап-тілегі – басты назарда»

Белгілі ақын Маралтай Райымбекұлы жырға қосқандай, «Жұлдыз аттас жалғыз шаһар жердегі» Тараз қаласы бүгінде жақұттай жарқыраған, жоғы бүтінделген, кем-кетігі түзелген әсем де көркем шаһарға айналды. Соңғы бірнеше жылда облыс орталығының сұңқардайын сыланып, тотыдайын таранып, түлеп-түрленіп сала бергені баршамыздың көз алдымызда. Биыл да Таразды түлету мақсатында аз жұмыс істелген жоқ. Ал келешектегі жоспарлар қандай? Таразды әлі қандай өзгерістер күтіп тұр? Қала күні қарсаңында Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековпен сұхбаттасып, алдағы жоба-жоспарлармен жан-жақты танысып қайтқан едік.– Бақытжан Әмірбекұлы, Қала күні құтты болсын! Сұхбатымызды осы мерекеге орай тұрғындарды қандай жағымды жаңалықтар, жақсылықтар күтіп тұрғанынан бастасақ...

– Рақмет. Біріншіден, барша Тараз қаласының тұрғындары мен қонақтарын Қала күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бүгінде Тараз қаласы өзінің даму динамикасында шын мәнінде сапалы сатыларға көтеріліп, өзіндік сән-сипаты қалыптасқан, дәулеті мен сәулеті келіскен қалаға айналды. Жаңарған саябақтар мен скверлер, абаттанған аулалар мен көшелер, әрленген әлеуметтік нысандар мен ескерткіштер қала көркіне көрік қосуда. Жыл өткен сайын заман талабына сай инфрақұрылым қалыптасып келеді. Жаңа ықшамаудандар, көшелер, спорт алаңшалары, тұрғын үйлер, мектептер мен балабақшалар салынуда. Әрине, бұл ең бірінші баянды жобалар мен жұмыла атқарған жүйелі жұмыстың жемісі екені анық. Алдағы уақытта да сүйікті қаламыздың экономикасы қуатты, еңсесі биік болып, өркендей түсуі үшін кешенді жұмыстарымыз жалғаса беретін болады. Ал Қала күнін жоғары деңгейде атап өту үшін бірнеше ай бұрын дайындық жұмыстары басталып, бүгінге дейін көптеген іс-шара өткізілді. Біріншіден, Қала күнін атап өтудің арнайы тұжырымдамасы әзірленіп, іс-шаралар өткізудің мақсаты мен міндеті және басты идеясы айқындалды. Тұжырымдаманың мақсаты – шаһардың сан саладағы жетістіктерін тұрғындарға насихаттау. Міндеті – Тараз қаласының әлеуметтік-экономикалық, туризм, мәдениет саласындағы әлеуетін арттыру, мереке аясында өткізілетін іс-шараларға жалпы қала тұрғындарын тарта отырып тәлімдік, тәрбиелік мәні бар ақпарат ұсыну. Жұртты қызықтыратын жаңа стильді, жаңа форматты іс-шараларды көбірек енгізу. Басты идея – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы шеңберінде халықтың ұсыныс-пікірлері аясында қаланы дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды насихаттау, таныстыру. Қала тұрғындарына жайлы орта қалыптастыру, мерекелік көңіл күй сыйлау. Жалпы Қала күні 5 блокқа негізделген іс-шаралар арқылы тойланатын болады. Атап өтер болсақ, «Төл өнерді төрге оздырған – Тараз» блогында қала мәдениетін қалыптастыруға, рухани құндылықтарды насихаттауға, талантты жастарды қолдауға басымдық берілді. Осы мақсатта қаладан шалғай орналасқан ықшамаудандар мен алқаптарда мерекелік «Көше күндері» өтті. Жас ұрпақ санасына ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптар негізін сіңіру, инабаттылық пен ибалылыққа тәрбиелеу мақсатында «Мен әжемін – ұрпағын әлдилеген» атты әжелер байқауы өтті. «Тараз туралы тоғыз сұрақ» атты әдеби круиз ұйымдастырылды. Аталған іс-шара аясында қоғамдық көліктерде, халық көп шоғырланған орындарда, саябақтарда қаланың өткені мен бүгіні, мың жасаған Тараздың тарихы мен мәдениеті туралы ақпараттарды, белгілі ақындардың өлеңдерін аудиожазба арқылы тыңдатып, қала туралы дәйек сөздерді орналастырып, өлке жайлы әдебиеттер ұсынылуда. Мұнан бөлек те көптеген іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Ал «Тараз – спорттық қала!» блогында бұқаралық және ұлттық спортты дамытуға, насихаттауға көңіл бөлініп, асық атудан, ләңгі тебуден, кіші футболдан, арқан тартудан, волейболдан, баскетболдан және басқа да спорт түрлерінен түрлі турнирлер өтті. Сондай-ақ «Тараз – дарынды жастар мекені», «Тараз – әлеуметтік қызметке бағдарланған аймақ» блогы бойынша да көптеген тағылымы мен тәлімі мол іс-шаралар жалғасын тапты. Бүгін «Жетістікке толы жылдар» атты қорытынды блог шеңберінде облыс әкімі Нұржан Нұржігітов қаламыздың дамуы мен өсіп-өркендеуі жолында аянбай еңбек етіп жүрген әр саланың үздік мамандарын марапаттайды. Сонымен қатар қала тұрғындары мен қонақтарына эстрада жұлдыздарының концерттік бағдарламасы ұсынылады. – Жыл сайын Қала күні әр күні аталып өтеді. Осы орайда қоғам белсенділері, қала тұрғындары тарапынан нақты бір күнді белгілеу туралы ұсыныстар жиі айтылып қалып жүр. Бұл ұсынысқа қалай қарайсыз? – Бірінші шақырылған Тараз қалалық мәслихатының және қала әкімінің 1997 жылғы 27 ақпандағы №2118 шешімімен «Тараз қаласының күні» болып қыркүйек айының ақырғы жексенбісі белгіленсін делінген. Дегенмен Қала күні мерекесі күз айларының әр уақытында аталып өтуде. Сондықтан көпшіліктің нақты бір күнді белгілеу туралы ұсынысы өте орынды. Қала тұрғындарының асыға күтетін мерекесін ауа райының салқын уақытына қалдырмай, нақты бір күнде атап өтуді дәстүрге айналдырсақ жақсы болар еді. – Жуырда Тараз Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне енді. Бұл айтулы оқиға Тараз қаласының тынысына қаншалықты әсер етеді? – Тараз қаласын қолөнершілер қалаларының Дүниежүзілік тізіміне енгізудің басты мақсаты – өңірдің танымалдылығы мен туристік имиджін арттыру, отандық қолөнершілерді халықаралық деңгейде танымал ету, жақын және алыс шетелдерден келген қолданбалы өнер шеберлері арасында тәжірибе алмасу, бәсекелестікке төтеп беру, жоғалып бара жатқан ежелгі қолөнер түрлерін сақтап қалу және қайта жаңғырту, танымал шеберлер мен қолөнер әлеміне енді қадам басқан жас мамандардың таланттары мен талғамдарына қолдау көрсету. Енді халықаралық қауымдастық алдындағы міндеттерді орындап, өзге қалалармен белсенді қарым-қатынас жасап, байланысты кеңейте түсеміз деген сенімдеміз. Негізі Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізімі 2014 жылдан бері құрылған. Бүгінгі таңда тізімге дүниежүзінің 59 қаласы енген. Тараз тізімге енген еліміздегі алғашқы қала. – Тараз қаласының екі тізгін, бір шылбырын қолға алғаныңызға бір айға жуықтады. Кез келген әкімнің халықтың алғысына бөленіп, артында жақсы із, игілікті іс қалдырғысы келетіні анық. Осы орайда алдағы жоспарларыңызбен бөлісе кетсеңіз. Таразды қандай өзгерістер күтіп тұр? – Әрине, бір ай көп уақыт емес. Дегенмен осы уақыт аралығында бірнеше мәрте халықпен кездесіп, жеке қабылдаулар өткізіп, ұсыныс-пікірлерге құлақ асып, шешімін күткен мәселелерге қанығуға тырыстым. Мәселен, қоғамдық көліктердің жүру кестесін ұзарту қала тұрғындары тарапынан өте жиі көтерілді. Қала тұрғындарын жылдар бойы толғандырып келген мәселе бұған дейін де аз айтылып, кем жазылған жоқ. Сондықтан биылғы 12 қыркүйектен бастап оқу жылының басталуына байланысты қалаішілік қоғамдық көліктердің қатынау уақыты ұзартылды. Қазіргі таңда №55, 30, 40 бағыты бойынша түнгі сағат 00:00-ге дейін, №16, 8, 9, 32, 12, 30, 11, 46, 19 бағыты бойынша 22:00-ге дейін, ал №1, 36, 33, 44, 47, 33, 7, 38, 34, 23, 27, 28, 29 бағытындағы автобустар түнгі сағат 21:00-21:30-ға дейін қатынауда. Одан бөлек аумақтық бас инспекторлардың жұмысы жандандырылды. Әр округте инспектор туралы толық мәлімет беретін ақпараттық брошюралар ілінді. Енді инспекторлар ай сайын атқарылған жұмыстар бойынша есеп береді. Тұрғындармен тығыз байланыс орнатады. Егер инспекторлар халықпен тонның ішкі бауындай араласып жұмыс істесе туындаған мәселелерді уақыт жоғалтпай дер кезінде шешуге мүмкіндік туады. Себебі инспекторлар – «халықтың көзі, құлағы һәм тілі». Сондай-ақ Тараз қаласының бас жоспарына толықтырулар мен өзгерістер енгізілді. Жалпы жобалау жұмыстары барысында қала аумағын дамыту мақсатында Байзақ және Жамбыл аудандарына қарасты 14 елді мекен және 2 саяжайды облыс орталығына қосу жоспарлануда. Бас жоспарға сәйкес, Байзақ және Жамбыл аудандары есебінен қала аумағы 11 755 гектарға ұлғаяды. Нәтижесінде Тараз қаласының жалпы аумағы 18 787 гектарды құрайды. Одан бөлек Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы 1993 жылғы 8 желтоқсандағы №2572-XII Заңының 2-бабының 5-тармағы негізінде Тараз қаласы тұрғындарының саны 400 мыңнан асуына байланысты облыс орталығының әкімшілік аудандарының шекарасы мен әкімшілік аудандарын бөлу ұсынылған. Әрбір әкімшілік ауданның саны кемінде 200 мың адамды құрайды. Осыған байланысты Бас жоспарда әкімшілік шекара және қаланы екі әкімшілік ауданға бөлу ұсынылды. Сонымен қатар Тараз қаласында жылыту маусымы жоспардан ерте басталғанын да айта кету керек. Ағымдағы жылдың 5 қазанынан бастап әлеуметтік маңызы бар мекемелерге (мектептер мен балабақшалар, емханалар мен ауруханалар) жылу берілді. 10 қазаннан бастап тұрғын үйлер кезең-кезеңімен қосылады. Қаладағы иесіз жатқан су құбырлары тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің балансына алынды. Қала орталығындағы тротуарларды жарықтандыру жұмыстарын қалпына келтіру жұмыстары басталды. – Қаламызда жыл басынан бері атқарылған жұмыстар аз емес. Қаланы аралап, тұрғындармен кездесу барысында кемшіліктердің де аз емес екенін байқаған боларсыз. Алдағы уақытта нақты қандай мәселелерге басымдық беріледі? Әсіресе еліміздегі ең үлкен ықшамаудан саналатын 15-ықшамауданда атқарылар жұмыс көп. Бұл жақтағы мәселелерді тұрғындар әлеуметтік желіде де жиі жазып, талқылап жатыр. – Біз үшін қала тұрғындары мен олардың талап-тілегі – басты назарда. Сол үшін әкімдіктің ең басты жұмысы жол жөндеу, жарықтандыру, ауызсумен қамтамасыз ету, қоғамдық көлік санын арттыру сынды мәселелерге бағытталады. Сондай-ақ алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары да – басты назарымызда. Облыс орталығының жасыл белдеуін дамыту бағытында да бірқатар істер қолға алынбақ. Бүгінгі таңда қаланы дамыту жоспары түзілді. Енді жоспарды жүйелі орындау арқылы тұрғындардың өмір сапасын жақсарту көзделуде. Тағы бір айта кетерлігі, имидждік жобаларға бөлінетін қаражат бұдан былай шаһардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға, қордаланған мәселелерді шешуге жұмсалатын болады. Ал 15-ықшамауданда тұрғындардың жанына батқан мәселелердің бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Аталған ықшамауданға арнайы барып, халықпен кездесіп, тұрғын үйлерді аралап көрген кезде де көптеген мәселеге қанықтым. Мәселен №25, 29 көпқабатты үйлердің тұрғындары пәтерлер мен кіреберістердегі түрлі ақауларға шағымданды. Осыған байланысты тиісті бөлімдердің жауапты басшыларына мердігердің кепілдік жұмыстарының негізінде барлық пәтерлер бойынша жеке ақау актісін жасап, тиісті жұмыстар жүргізу тапсырылды. Сол секілді жаңа ықшамаудан тұрғындары айтқан басқа да мәселелерді шешу үшін тиісті бөлімдерге тапсырма берілді. Бүгінге дейін берілген тапсырмалардың бірқатары орындалып та үлгерді. Жалпы ауданы 362 гектарды құрайтын 15-ықшамауданның егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына түзету енгізіліп, қараша айында қоғамдық тыңдауға ұсынылады. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Талғат НҰРХАНОВ