Жүрекке жылу мен үміт ұялататын акция
Жаңа оқу жылы – жаңа үміттің, тың серпіннің бастауы. Осы сәтте мектеп табалдырығын аттағалы отырған баланың бойында толқу мен қуаныш қатар жүреді. Алайда барлық отбасының жағдайы бірдей емес, кейбір бүлдіршінге білім әлеміне жол ашу – үлкен қолдауды қажет етеді. Осы ретте аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың оқушыларына көмек көрсету және әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке бармауының алдын алу мақсатында жыл сайын өткізілетін «Мектепке жол» акциясын айрықша атап өтуге болады.
Биыл облысымызда акция аясында тұрмыс жағдайы төмен отбасылар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған шамамен 44 000 жеткіншекке көмек көрсетілмек.
Облыс әкімдігі білім басқармасының психологиялық қолдау орталығының әдіскер-психолог маманы Тамара Раимбекованың айтуынша, «Мектепке жол» акциясы биыл 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында өтеді.
Асыл дініміз кедей, тұрмысы төмен жандарға материалдық тұрғыдан көмек көрсетуді мақұлдаған. Адами қасиеттердің ең қадірлісі –қайырымдылық. Осы орайда Тараз қалалық «Әулиеата» орталық мешітінің бас имамы Ержан Нұрмаханұлы да «Мектепке жол» акциясы жайлы ойын білдірді.
Жоғарыда айтқанымыздай, акцияны жоғары деңгейде өткізу үшін облысымызда қызу дайындық жүріп жатыр. Акцияға дайындық барысын білмек мақсатта Тараз қаласындағы №67 мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Саулет Бейсенбаймен сөйлесіп, атқарылып жатқан жұмыстарға қанықтық.
«Мектепке жол» акциясы жеткіншектердің алаңсыз білім алуына мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар, әрбір азаматтың бұл игі іске қосқан үлесі – бала жүрегіне үміт сыйлап, қоғамымыздың бірлігі мен қамқорлығын айшықтайды. Мұнда адамгершілік пен жанашырлықтың шынайы белгісі көрініп тұр. Қайырымдылыққа негізделген осынау игі іс әрбір балаға тек оқу құралдарын алып берумен шектелмейді, жүрекке жылу мен үміт ұялатады. Кішкентай қуаныш арқылы үлкен ұшқын мен бала бойында болашаққа деген сенім бекемделеді.
Бұл бастама – қоғамның мейірім мен жауапкершілікке толы екенін айғақтайтын жарқын мысал. Ұстаздар мен ата-аналардың, жергілікті билік пен демеушілердің бірлесе атқарған еңбегі – нағыз жанашырлықтың үлгісі. Сондықтан да әрбір жұмсалған қаржы, әрбір ұсынылған көмек – ертеңіміздің еңсесін тіктейтін сауапты іс. Қайырымдылық – жүректен жүрекке жететін ізгілік жолы, ал сол жолға шыққан әр адам – болашақтың шамын жаққан шырақшы іспетті.
Сымбат ҚУАНЫШ