Әлеумет

Электрлі арба – менің еркіндігім

Менің аты-жөнім –Жұмабек Күлетов. 1984 жылы Қызылорда облысы, Арал қаласында дүниеге келдім. Арал апатының зардабы менің өміріме де өз таңбасын қалдырды. Туылғаннан бастап балалар церебралды сал ауруымен (ДЦП) ауырамын. Жүре алмаймын, арбаға таңылған жанмын. Бірақ өмірге құштарлық мені ешқашан тастап көрген емес.

1987 жылы ата-анам экологиялық апаттың кесірінен денсаулығымды ойлап, Жамбыл облысы, Жаңатас қаласына көшіп келді. Осындағы Абай атындағы орта мектепте 1992 жылдан 2003 жылға дейін білім алдым. Үйден оқыдым, үздік оқушы болдым. Сол кездің өзінде білімге деген ықыласым мен алға ұмтылысым ерекше еді.

2007-2009 жылдары Қаратау технология, білім және бизнес колледжінде «Ақпараттық жүйелер» мамандығы бойынша білім алдым. Программист атандым. Бірақ алған диплом мен біліктілікке қарамастан, мүмкіндігім шектеулі болғандықтан, тұрақты жұмыс табу мүмкін емес арманға айналды. Ешкім жұмысқа қабылдамады.

Дегенмен де мен бұл үшін мойымадым. Үйден жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, компьютер жөндеп, бағдарлама орнатумен айналыстым. Өз-өзімді жұмыспен қамтыдым. Өмірді жақсы көрген адам – одан үмітін үзбейді екен. Қарапайым мүгедек арбаларына қол-аяғымның әлсіздігі кедергі келтіреді. Сондықтан 2009 жылы еліміздің сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жазып, электрлі арба сұрадым. 2010 жылы Сарысу ауданынан алғашқы электрлі мүгедек арбамды алдым. Бұл – менің өмірімдегі үлкен серпіліс еді. Жаңа тыныс ашылды.

2016 жылы сол кездегі «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалына өтініш жазып, екінші электрлі арбаға қол жеткіздім. Ал 2019 жылы көктемде Тараз қаласындағы «Жамбыл Тараз» газетінің бас редакторы Эльмира Мырза-Ғали менің Facebook парақшама жазған өтінішімді оқып, бейжай қалмай, демеуші тауып беріп, тағы бір арбаға ие болдым. Жақсылық бар жерде – үміт бар.

Алайда жылдар өтеді, техника ескіреді. Қазір бұрын сыйға алынған электр арбаларымның барлығы тозып, әрең жүріп тұр. Жөндеуге тырысамын, жамап-жасқаймын. Бірақ олар кез келген уақытта тоқтап қалуы мүмкін. Ал Тараз қаласындағы арба жөндеу орталықтары тек қарапайым арбалармен шектеледі. Электр арбаларға қызмет көрсетпейді. Сол себепті осы хатымды жазуға бел будым. Бұл – мұқтаж жанның емес, өмір сүргісі келетін азаматтың үндеуі.

Бізге көп жағдайда заң емес, жанашырлық керек. Түрлі бағдарламалар емес, нақты нәтиже қажет. Мүгедектерге жұмыс тауып беру – тек әлеуметтік міндет емес, адамгершіліктің де өлшемі. Әрбір мүмкіндігі шектеулі жан – бұл қоғамның мүшесі. Олар да өз әлеуетін іске асыра алады. Тек оларға мүмкіндік, яғни бір баспалдақ керек. Ол баспалдақты мемлекет беруге міндетті, ал қоғам көтеруге парыз.

Мүгедекті «ауру» емес, қоғам мүшесі деп қабылдайтын күн туса екен. Біз үшін ең құнды нәрсе – еркіндік. Еркін жүріп-тұру. Мен үшін еркіндіктің аты – электр мүгедек арбасы. Менің арманым – қарапайым ғана сынған арбамның орнын жаңасына алмастыру. Сол арқылы жұмысымды жалғастырып, қоғамға пайда келтіру. Бұл мен үшін – өмірдің жалғасы.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ