Еңбек адамы

Адал еңбек абыройға бастайды

Игілік ауылының тұрғыны, домбыра жасаудың хас шебері Балтабай Дәуірбековтің есімі ел-жұртқа етене таныс. Бұл күнде 75-тің жайлауына ат шалдырса да кейіпкеріміз шаршауды білмейді. Төл өнерімізді төрге оздыру жолында тынымсыз тер төгіп келеді.

Шебердің өзі де домбыра, қобыз тартады. Әйгілі өнер шебері Жаппас Қаламбаевтың жиені болып келетіндіктен, музыка жағынан тиянақты білім алуға мүмкіндіктері болған. Әуелі Жамбыл мәдени-ағарту училичесін тәмамдап, сосын Қазақ Ұлттық консерваториясында қобыз сыныбында оқыған. Кейіннен ұстаз болып, жүздеген шәкіртті музыканың, домбыра және қобыз аспаптарының қыр-сырына баулыды. Ол кезде Сарысу аудандық мәдениет бөлімін Мейрамбек Күздеубаев басқарып тұрған. Білікті басшы музыка маманы Балтабайға үйірме ашып беріп, жақсы қолдау көрсеткен. Қылқобыздан сабақ берген Балтабай ұстаздың алдынан Қазақстанның халық әртісі Дулыға Ақмолда, оның інісі Саян Ақмолда сабақ алған.

Шебер 25 жасынан бастап қазақтың ұлттық аспабы-домбыра жасаумен тұрақты шұғылданып келеді. Ақсақалдың алтын қолынан қаншама бағалы домбыралар жасалып, шеберлігіне қанша ел таңдай қақты десеңізші! Кейінгі жылдары қария қос домбыра жасаумен де ерекшеленіп жүр. Шеберді іздеп Түркістан, Қызылорда облыстарынан және өз өңіріміздің алыс аудандарынан келетіндер қатары аз емес.

Балтабай Бекболұлының отбасы «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңінің жүлдегері. Асыл жарының да жас ұрпақ тәрбиесіне сіңірген еңбегі көп. Балтабай Дәуірбековтің ұзақ жылғы еңбегі елеусіз қалған жоқ. Білім беру ісінің үздігі, ауданның Құрметті азаматы атанды.

Өнер өлкесінде жүрген өнерпаздар шебермен тығыз қарым-қатынас орнатуға құштар-ақ. Ал, киелі сахна төріндегі талантты жандардың талайы әйгілі «Аққу» домбырасының авторы дайындаған дүниелерді әлі күнге дейін қолданып келетіні ақиқат. Осы ретте «Қозықұйрық» және «Абай» деп аталатын қос домбыраның өлшемінен алынып, аққу құсына ұқсастырып жасалған дүниенің шығу тарихына аз-кем тоқталуды жөн көрдік.

Жалпы, егемен елімізде домбыра жасау өнерінде әр аймаққа тән өзіндік ерекшеліктер бар екені белгілі. Мәселен, батыс өңірлерде бұл аспап қозықұйрық пішіндес болса, Шығыс аймақта қалақ түрінде жасалады. Соған сәйкес пернелері де әртүрлі. Сонымен, алпыстан астам элементі бар ішекті аспаптың дыбысының тазалығы, үнінің кең тыныстауы, бір сөзбен айтқанда, домбыраның сапалы шығуы оны жасайтын қолөнершінің шеберлігіне тікелей байланысты.

Қасиетті Әулиеата өңірі он саусағынан өнер тамған дәл осындай шеберлерден кенде болған емес. Біздің өңірде ағаштан әрқилы дүние жасайтын шын таланттар қазір де жетерлік. Бірі мұны кәсіп етсе, өзгесі бұл өнерді хоббиіне балайды. Бүгінгі таңда ұлттық құндылығымызды жаңғыртып, мәдениетімізді дәріптеп жүрген алдыңғы буын өкілдерінің бірі- Балтабай Дәуірбеков. Мәдениет қайраткері, Мәскеуде өткен ІІ дүниежүзілік фестивальдің лауреаты Балтекеңнің шеберханасынан бұған дейін де түрлі ұлттық аспаптар жасалған еді. Алайда, «Аққу» домбырасының орны бөлек. Өйткені, осынау дүниенің авторлары: бейнелеуші Жұматай Сүйінбаев пен оны жасап шығарған Балтекең қазіргі қоғамның ащы шындығына айналған мәселеге де өзіндік үн қосуды қалаған.

Иә, қазақ халқы аққу құсын ежелден-ақ бақыттың бастамасы, жақсылықтың жаршысы, пәктік пен сұлулықтың символы әрі құстың төресі деп қастерлеген. Ықылас Дүкенұлының «Аққу» күйі, Сәкен Сейфуллиннің «Аққудың айырылуы» және мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» шығармасы қазақтың осынау тіршілік иесіне деген шынайы сүйіспеншілігінен туындаса керек. Ал, Үкілі Ыбырайдың «Гәккуді» қоңыр қаздай қаңқылдаттым деп жырлауы өз алдына бөлек әңгіме. Айтпақшы, хас шебер Балтабай Дәуірбековтің болашақта бұл тақырыпта ән жазу жоспарында бар.

Бақыт ЖАЛҒАС,

Жаңатас қаласы