Еңбек адамы

Тарихы терең, тағылымы ерен колледж

Ел болашағының жарқын, келешегінің кемел болуы жұмысшы мамандардың тынымсыз еңбегіне де байланысты. Сондықтан еңбек адамдарына құрмет ешқашан төмендемеуі тиіс. Бұл орайда сол мамандарды даярлайтын кәсіптік білім беру мекемелерінің де рөлі ерекше. Бүгінде елімізде жастарды жұмысшы мамандықтарына баулитын колледждердің қатары артып келеді. Солардың ішінде өзіндік орны бар – Жуалы ауданындағы №16 Жуалы колледжі.

№16 Жуалы колледжінің тарихы өткен ғасырдың елуінші жылдарының аяғынан бастау алған. 1957 жылы облысымызда ауылшаруашылығына жұмысшы мамандарды даярлау мақсатында Жуалы ауданында №57 Бурный ауылшаруашылығы механизаторлар училичесі болып ашылған. 1997 жылдың сәуір айында «Облыстық оқу өндірістік орталығы» мемлекеттік мекемесі №15 КТМ филиалы, 2003 жылдың қарашасында облыс әкімдігі білім басқармасының №16 кәсіптік мектебі, ал 2007 жылдың желтоқсанында №16 кәсіптік лицей болып қайта құрылған. 2012 жылдың шілде айында колледж мәртебесі беріліп, атауы №16 Жуалы колледжі болып өзгерген.

Білім мекемесі колледж болып құрылғанға дейін талай қиыншылықтарды бастан өткерген. Алғашқы ашылған жылдары қайта жабылып, тіпті тозығы жеткен мекемеде білім беруге мәжбүр болған. Кейіннен қызметкерлердің күшімен қайта жөндеуден өткен.

Колледжде бүгінде 250-ге жуық студент білім алуда. 6 мамандық бойынша мамандарды даярлайды. Атап айтсақ, автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану, дәнекерлеу ісі, тамақтандыруды ұйымдастыру, электржабдықтары, ауылшаруашылығын механикаландыру, тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу мамандықтары негізінде білімгерлерді қабылдайды.

Колледжің материалдық-техникалық базасын жаңарту бойынша оқу-тұрмыстық корпусына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, заманауи оқу стандарттарына сай құрал-жабдықтармен қамтылған.

Жоғарыда айтылғандай колледжде студенттер үшін барлық жағдай жасалған. Мәселен ыңғайластырылған жайлы, тегін жатақхананың өзі білімгерлер үшін біршама жеңілдік. Сонымен қатар толық емес отбасыларға арналған көмектер де қарастырылған. Колледж кітапханасы заманауи әлемдік әдеби кітаптар және мамандықтарға қатысты оқулықтармен қамтылған. Жақында ғана жөндеуден өткен мәжіліс залы, спортзал, тренажер залының есігі әруақыт ашық.

Тарихы терең, тағылымы мол білім ордасы алдағы уақытта да бағыттарынан тайқымай, білім беру саясатын жүзеге асыруда, жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу ісінде абыроймен еңбек етуді алдарына мақсат тұтып отыр.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ,

Жуалы ауданы