Сөз жан жарасын емдейді
Дүниеде сөзден көне, сөзден берік ескерткіш жоқ. Бірде тас, енді бірде бас жаратын сүйексіз сөздің тіпті аурудан айықтыратын құдіреті бар. Көңілсіздің көңілін көктем етіп, көкейден шыққан көрікті ойды жүректен-жүрекке жеткізіп жүрген жандар бүгінде жан жарасын сөзбен емдеп қана қоймай, болашағына жол салып, табыс та тауып отыр.
Жаныңды жадыратар жақсы сөздің жарым ырыс екенін ата-бабамыз бұрын айтып та кеткен. Сөз маржанын тізбектеп, айтқанына елітіп ала қояр шешендігінен бөлек, жан жарасын жазып, жұртқа танылғандар арасында ақын, мотиватор Асылзат Арыстанбек те бар. Белгілі ақын сөз киесінен нәсіп тауып жүрген жандардың бірі.
Сөзбен емдеу әдісін меңгеріп, психологиялық тұрғыдан адамның организм, сана, ой, жүрек, ми қатпарларын, толқыныс-толғаныстарын толыққанды зерттеп, әбден бүге-шігесіне дейін меңгеріп, өзі де жазылмайды деп саналатын қатерлі ісікті медициналық препараттардан бөлек, асыл сөздің қуатымен емдеп, құлан таза айыққан жан болғандықтан жұрт Асылзатқа сенеді. Қиналғанда қиылып алдынан шықпайтындары да сондықтан. Өзін-өзі сөздің шапағатымен емдеп жазған ақын бүгінде өзгенің де жанын емдеп жазып жүр. Әр сөзі – атылған оқ-дәрі. Ол «Егер науқас адам шын сауығамын десе, медицинаның түкке қатысы жоқ» деген түйінді тереңінен сезінген. Жабыққандар Асылзаттың ақылын тыңдап жұбанып, сөз саптауынан сауығып, жүрегіне жылылық жинап, мотивация алады. Жан семірткен жақсы нақылынан қолдау тауып, қанаттанады.
Асылзат сөз киесін қалай сезіне бастады? Ол сөз қадірін ұғынып, жеткізу мен жетілу барысында не істеді? Мұндай ой биігіне қалай қол жеткізді?
Асылзаттың ақылына құлақ салып тыңдаған адам да, мотивациялық жазбаларын оқыған жан да қанаттанып, тұла бойын қуат кернеп, өмірді қайта бастағысы келетіндей күй кешері анық. Соған дәлел ретінде мотивациялық жазбасын ұсынып отырмыз:
«Өмір үздіксіз қозғалыстан тұрады. Адамның өсуі үшін де қозғалыс керек. Бір орнында тұрып қалған адам рухани құлдырайды, тез қартаяды. Қозғалыс дегеніміз бейберекет жүріс емес. Белгілі бір мақсатқа ұмтылу. Мақсатқа жету үшін адамға қанаттандыратын арман керек. Ал арман шалқадан түсіп жатып қиялға батқандарды кешірмейді. Арманыңыздың соңынан жүгіріңіз. Денеңіз бен миыңыз үнемі айналып тұрсын. Бір сəтке де тоқтауға болмайды.
Алдымен бір парақ қағаз алыңыз да, армандарыңызды жазыңыз. Қорықпай, ұялмай, үлкен армандарыңыз болса, содан бастаңыз. Енді сол арманға жету үшін мақсат қойыңыз. Міндетті түрде уақытын белгілеңіз. Арманыңыз айқын, мақсатыңыз нақты, уақытыңыз дəл болуы маңызды. Жазып болсаңыз, қағазды күнде көретін жерге іліп қойыңыз. Міне, Сіз арманға жетуге бір қадам болса да алға жылжыдыңыз. Енді ми да, дене де, жаныңыз да, тəніңіз де бір минут тоқтамастан қозғалуы керек. Ол үшін оқыңыз, ізденіңіз, білмегеніңізді білетіндерден сұраңыз. Біліміңізді толықтыру үшін ақша аямаңыз.
Бір күн сүтсіз шай ішіңіз, оған бір кітап сатып алыңыз. Қозғалыс адамды орасан зор жетістікке жеткізеді. Өмірде екі аяғы жоқ адамдар бар. Олар да бір орнында отырмайды. Ал Сізге бір орында тапжылмай тұрып қалу ұят! Онда не тұрыс? Қозғаламыз! Бүгінгі жеңісіңіз үшін бізге қосылып билеңіз! «Өмір – күрес» деген сайын күресу керек нəрселер көбейе береді. Өмір – ол өмір. Сіз өз өміріңізбен тек үйлесімде болыңыз. Күреспеңіз. Жығылсаңыз – тұрыңыз. Жыласаңыз – күліңіз. Тоқтасаңыз – жүріңіз. Шаршасаңыз – демалыңыз. Ауырсаңыз – емделіңіз. Күреспеңіз. «Өмір қиын» деген сайын қинала бересіз. Өмір тамаша! Сіздің қиындық дегеніңіз өсу, өркендеу жолындағы тəжірибелер ғана. «Өмір қорқынышты» деген сайын қорқа бересіз.
Сізге жарықтың өзі қараңғы, жылудың өзі суық болып көрінеді. Қорқыныш – ол сіздің жеңе алмай жүрген жайсыз сезіміңіз. Оны өмірге танбаңыз. «Өмір күрделі» десеңіз шиеленісе береді. Өмірде күрделі ештеңе жоқ. Тек оны шешуге өзіңіздің жалқаулығыңыз жар бермейді. Күрделі деген сұрақтарға жауап табу үшін оқыңыз. Ізденіңіз. Оқыған сайын күрделі деген мəселелер күлкілі тіркестер ғана болып қалады. Өзімді қандай болсам да жақсы көрем! Құдай маған дерт берсе, оны жеңетін күш-қайрат, шипасы мен емін де берді. Достың қадірін білуге, дұшпанға таба болмауға үйрендім. Отбасым үшін жасаған құрбандықтарымның босқа кетпейтінін жəне мен үшін құрбан болуға дайын адамдардың бар екенін білдім. Əр қиналған сайын өстім, сүрінген сайын сағым сынбайтын жол іздедім. Əрбір істің қайыры болу үшін ізгілік жолымен жүруге талпындым. Əлдекімнің көңіліне қаяу түсірсем, əдейі немесе нақақ емес, білместік пен тəжірибемнің аздығынан болды.
Мені түсініп, əрдайым кешірген адамдарға алғысым шексіз! Мен Сіздерді жақсы көремін! Менен Сіздерге сейсебілік самал! Сіз осы өмірдегі ең маңызды адамсыз. Дүние Сіздің талантыңыз бен дарыныңызға, қызметіңізге мұқтаж. Сіз баршаға үлгісіз. Сөйлеген сөзіңіз, киген киіміңіз, жүрісіңіз, əрбір ісіңіз айналаңыздағыларды лəззатқа бөлейді. Сіз мықтысыз! Кедергілерді жеңіске бастар баспалдақ ете аласыз. Қиындыққа мойымайсыз. Сүрінгенге сүйеу, жығылғанға демеу бола аласыз», дейді ол.
Расында аяқ-қолсыз дүние есігін ашқан әлемге танымал Ник Вуйчич әлемді аузына қаратқан мотиватор екенін бәріміз білеміз. Ол мүмкіндігінің шектеулі екеніне ызаланып, суға батып, өз-өзін өлтірмекші де болған. Қанша тұншығып өлгісі келсе де, суға батпай қойыпты. Содан сабақ алып, өмірге деген құлшынысы артып, көзқарасын өзгерткен жігіттің бүгінде сұлу жары, сүйкімді төрт перзенті бар. Никті бір құшақтап, бауырына басу үшін дүниенің түкпір-түкпірінен келгендер алдына кезекке тұрады. Сонда аяғы мен қолы жоқ кісіден жұрт не алады? Әрине, қуат алады. Бұл – Ник Вуйчичтің ораторлығының, сөз қадірін білетіндігінің жемісі. Оның «Шет-шегі жоқ өмір» атты кітабы адамның өмірге деген құлшынысын арттырады. Ал әлемге танымал мотиватор Ник адамды қанаттандыру үшін не дейді?
«Әлемде мен кездестірмеген қиындық өте көп. Өзге көптеген жандардың өміріне қарағанда, өмірім мың есе жақсы екеніне сенімдімін. Көмек сұрауға болатынын және керек екенін өте ерте ұқтым. Денеңіз сау ма, емес пе, бәрібір, бірақ жалғыз өзіңіздің шамаңыз келмейтін істер баршылық. Өміріңіздің соңына көз тастап көруге тырысыңыз. Сосын сол межеге жеткенде, еш өкініш болмайтындай өмір сүріңіз. Сенің қолыңнан не келеді, не келмейді, кімсің, кім бола алмай жүрсің, ол мәселе махаббатты қызықтырмайды. Шын махаббат бірден жүрекке қарайды.
Кез келген қиындыққа тап болғанда, одан да бір шаттық табуға тырыс. Әлемге деген қарым-қатынасты қашықтықтан басқаратын құрылғы деп біліңіз. Егер көріп отырған бағдарламаңыз ұнамаса, басқару құрылғысын алып, жай ғана телеарнаны ауыстыра салыңыз. Өмірге деген қарым-қатынаста да солай. Нәтижеге көңіліңіз толмаса, қандай қиындыққа тап болғаныңызға қарамастан, сол мәселеге басқа қырынан қарап көріңіз. Өзін жолы болмайтын біреу деп ойлайтындар – қолын бір сілтеп, бас тартқан кезде жетістікке қаншалықты жақын болғанын түсінбеген жандар. Жүрегің жаралы болса, керемет сырт келбет түкке тұрғысыз.
Жақсылық жасау үшін ғаламат жоба құрастырудың қажеті жоқ. Өзге жан үшін тіпті титтей істің өзі маңызды болуы мүмкін. Өмірдегі ең керемет қуаныштың бірі – өз өмірің мен жеке тәжірибеңнен де артық үлкен бір нәрсенің бір бөлігі болу. Әл-дәрменің қалмаған күйзеліс кезінде сіз кезіккен жағдай мен ішіңізде болып жатқан жағдайдың аражігін ажырата білу маңызды. Өміріміз жақсы болуы мүмкін. Әрине, егер өзіміз соны таңдасақ. Тағы бір күн – тағы бір мүмкіндік» дейді Ник.
Сөз – адам жанын емдейтін шипа, жүрекке жеткенде ғажайып өзгеріс әкелетін қуатты құрал. Асылзат Арыстанбек өз тағдырын сөз арқылы түлетіп, өзгеге де үміт пен сенім сыйлап жүрген рухани жолбасшыға айналды. Оның әрбір мотивациялық жолы – өмірге жаңаша қарауға жетелейтін шамшырақ. Ал Ник Вуйчичтің ғұмыры – шектеулі мүмкіндіктің өзінен шексіз күш тудыруға болатынының жарқын дәлелі. Бұл қос тұлғаның тағылымы – сөздің де, сенімнің де ғажайыпқа жол ашатынын дәлелдейтін жанды шежіре. Ендеше, өмірдің ауыртпалығын жеңілдететін де, жүректі емдеп, жанға жылу сыйлайтын да – жүректен шыққан шынайы сөз бен сенімнің қуаты екенін ұмытпайық.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ