Қоғам

Балалықпен ерте қоштасқан тағдырлар

Балғын ғұмыр, балауса шақ. Еркеліктің исі аңқып, анаңа маңдайыңды тосып, әкеңнің аялы алақанынан тараған жылуды сезіну балалықтың өлшеміне саяды. Қыз баланың қыр басына шығып қуыршақ ойнап, ұл баланың асық атып ұтқаны, қыстың көзі қырауда қолғапсыз аққала соғып, жаздың шіліңгірінде су шашып ойнауы – бұл да балалықтың бір белесі. Бәледен ада, ұрысқа шорқақ, қызмет, бақ пен бақыттың құнын білмейтін, жеңіл һәм көңілді кезеңді балалық деуші еді.

Иә, қай уақытта болмасын балалық шақты еске алсақ, сондай бір ойынқұмар, аңғал, ерке кезіміздің еске түсері анық. Кім ата-анасының алдында асыр салып ойнап отырса, міне сол – бала, міне сол бақытты екені де рас. Иә, ойнап-күлу, қамсыз жүру, мұң сезбеу – бұл да балалықтың бір белгісі. Ата-әжесі мен ата-анасының алдында есік пен төрдей жерге ойыншығын шашып тастап, дамылсыз ойнап жүру – бұл да балалықтың биігі еді ғой. Ал сол бір періштедей пәк кезін облыс әкімдігі білім басқармасына қарасты балалар мен жасөспірімдердің арнаулы мектебінде өткізген балалар қай жерден қателесті? Қандай бұзақылық жасады? Кімнің көңілін қалдырды? Олар неге төрт дүниесі түгел бола тұра, ата-анасынан алшақта жүр? Осы сұрақтарға жауап іздеп, балалар мен жасөспірімдердің арнаулы мектебіне бас сұққан едік.

Адасқан балалардың тағдыры ауыр. Бір қызғалдақ он екіде бір гүлі ашылмай-ақ тәнін саудалап жүрген жерінен осында жөнелтілсе, бірі есірткіге әуес, тағы бірі – ұрлықшы. Ең бастысы, бұлар отбасында жылылыққа зәру балалар. Бәрінің жүрегінде батпандай мұң бар. Қайта айналып келмейтін өмірінің ең тәтті кезеңін бақылауда өткізіп жатқан балғындармен кездесудің жүгі тым ауыр. Өзекті өртеген өкініш жалын болып сыртқа шығып, жанға тиер ауыр сөз оқ болып атылды. Бұл ортадағы балалармен аз-кем тілдескен соң ұққанымыз мұнда бозала таңда бозөкпелік танытып, әке-шешесінен безініп жүргендердің қатары көбірек екен. Өмір жолы жаңа басталған жасөспірімдердің бала болса да дүниеден баз кешіп, көше кезіп, өз үйінен безініп, тентіреп кетуіне не себеп? Бұл сұрақты балалардың өзіне қойған едік.

Шашын қысқа етіп дөңгелете қиып, екіге бөліп қойған сары қыздың есімі – Назым. Ол өте пысық. Әңгімені беріліп айтады екен. Үнемі күлімдеп тұратын көздері өткір. Басын тік ұстап, ештеңеден қайтпайтын қайсар мінезді екенін аңғартып, әңгімені бастап та кетті.

Қатар отырған едік. Мені қапсыра құшақтаған қолдары жып-жылы. Кеудеме басын қойып, солқ-солқ етіп:

Көздері тұп-тұнық бала өзін Махмут деп таныстырды. Ол қазақша мен орысшаны араластырып сөйлейді екен. Оның да ерекшелігі сол – әңгімені күліп отырып айтады. Жасы 12-де.

Шашы беліне төгіліп, қара мойыл көздері өңменіңнен өтіп кетердей өткір қыз есіктен кіріп келді. Жүрісі әлдеқайда асыққандай ширақ. Қимылы дөрекілеу көрінді. Есімі – Балқадиша. Жасы 13-те.

– Мен үйге барғым келмейді. Ұрысқан екеудің дауысынан миым ашыды. Ол екеу – менің ата-анам. Әке-шешемнің тату-тәтті болып ойнап-күліп жүргенін көрмеппін. Тыныштық жоқ. Олардың ашу-ызаға толы үнінен көшеге шығып қана құтыламын. Ал көше мені бауырына басты. Түнімен далада жүруді әдетке айналдырдым. Көше ғана тыныш, көше ғана мейірбан сияқты.

Расында толықсыған айдай болып жетілген қыз 18-ден асқан бойжеткендерге ұқсап-ақ тұр.

Сол күні балалардың ішіндегі ең ақжарқыны Жарастың туған күні екен. 12-ге толып жатыр. Қолында кішкентай ойыншығы бар ол есіктен бар даусымен амандасып кіріп келді. Терең һәм нұрлы көздері қатал көрінді. Сайқымазақ ойыншығы Жарастың мұңлы жүзін кекетіп, күліп тұрғандай.

Түс мезгілі болып қалғанын аңғардық. Балалар ас үйге жиналды. Сапқа тұрып, қаздай тізіліп ас үйді бетке алды. Үлкен жарық бөлмені үнсіздік алып кетті. Тек әр жерден ыдыстың сыңғыры мен қасықтардың тықылы естіледі. Сәлден соң бұрышта отырған маған бойлары үйренейін деді. Сыбырлап өзара әңгімелесе бастады. Кейбірі теріс қараған күйі қозғалмады. Әне бір қыздың не ас ішіп отырғанын, не әлдене ойлап отырғанын біліп болмайды. Бет-жүзін кекілімен жауып алыпты. Бәрі тамақ ішіп болғанша, ешкім орнынан тұрмады. Бос ыдыстарын жууға өткізіп болған соң ғана хормен «рақмет» деп бірге айтқаны құлағымда жаңғырып қалды. Қайта сапқа тұрып, сыртқа бет алды.

Балалардың жасы әртүрлі. Олардың арасында үйірінен адасқан құлындай болып жүгіріп жүрген кішкентай қуыршақ қызға көзім түсті. Бұл 11 жасар Лена еді.

Сұхбатымызды сыртымыздан тыңдап отырған мекеме қызметкерлері он екіде бір гүлі ашылмаған бүлдіршін қыздың өксігіне шыдамай, қамқор үнімен: «Кеттік, сағынсаң, анаңа апарып келейік», деді.

Жүйткіген көлікке сағынышқа тұнған жұдырықтай сәби жүректің иесін салып алып, қала іргесіндегі «Шөлдала» алқабына жол тарттық. Терезеден сығалап, анасына апарар жолдан көз алмай, тағатсыздана күтіп отырған қыз ауық-ауық ауыр күрсініп қояды. Көзі жәудіреп, анда-санда орнынан шалт қозғалып: «Міне, мынау менің мектебім. Анау велосипед теуіп жүрген кісі – менің көршім. Әне анау менің сыныптасымның үйі» деп көздері бал-бұл жанып, әр көрінген төбе мен ауылының әр адамына қуанып отыр.

Әні-міне дегенше, Ленаның да үйіне келіп жеттік. Дарбазасы жабық тұрғанын көрген қыз көзді ашып-жұмғанша арғы бетке секіріп үлгерді. Есікті ашып, бізге жол көрсетіп, үйіне апаратын жалғыз аяқ жолмен жүгіре жөнелді. Қуанышы қойнына сыймай, «Мама» деп айқайлап қояды.

Сыртқы есікті ашып, үйге бас сұққанда темекінің көк түтінінен жан баласы көрінбеді. Сасық иіс қолқаны қабады. Асығып, ішке жадырап, жүгіріп кірген Лена анасын көре сала лезде қайта сыртқа атылды да, қабағына қар жауып, бұрышқа барып үнсіз тұрып қалды. Соңынан үстінен арақ исі аңқыған анасы ілесе шықты. Шешесінің бір «айналайынына» зәру боп, сағынып жеткен қыз бұл жолы анасын аймалауға асықпады. Алдына келген анасына алара қарап тұрды. Ол анасының ащы су ішіп алғанына өкпелеп тұр еді. Еріндері бұртиып, көзінен аққан жасы тарам-тарам болды. Ақыры сағынышы жеңді. Ол арақ мүңкіген анасының құшағына еніп кетті.

«Сіңілім қайда? Сабақта ма? Мен оны қатты жақсы көретінімді айта салшы. Мен оған наушник алып қойдым. Артымнан бір іздеп келмедіңдер ғой» деп кемсеңдей берді.

Аз-кем әңгімеден соң қайтуға айналдық. Анасының да қызын сағынғаны көрініп тұр. Айналып-толғанып жүгіріп жүр. Әрең айырылысып, қош айтысып, көлікке мінген Лена нәзік білектерін дамылсыз бұлғап, артымызда егіліп жылап қалған анасына терезеден көз алмай қарап тұр. Лена қара шаңырағы қара нүктеге айналып, көрінбей кеткенше өксігін баса алмады.

«Кім адасты? Анасы ма, қызы ма?» деген ой жүрегіме маза бермеді. Бұл сұрақтың жауабын 11 жасар Ленаның өзі айтты. «Бәріне кінәлі анам. Ол күнұзақ ішіп жүреді. Бізге қарауға да шамасы жоқ. Менің осындай болып кеткеніме шешем кінәлі»  деді үздіге сөйлеп.

Әр күн – жаңа мүмкіндік, әр қадам – өмірді жақсы жаққа өзгертуге бір мүмкіндік. Алдағы уақытта осы мекемедегі әр бала түзу жолдан таймай, елге пайдасын тигізетін азамат болса екен...

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ