Саясат

Қайтарылған активтер ел игілігіне жарауда

Президент бұлжымас заңдай ұсынған «Заң мен тәртіп» қағидаты елге біраз шапағатын тигізе бастады. Әсіресе байыған үстіне байи түскен олигаполиямен күрес шаралары айтарлықтай нәтиже көрсетіп келеді.

Мемлекет байлығын майшелпекке айналдырып алғандар халықтың қазынасы болуға тиіс қаражаттарды «қоржынына» салып, шетел асырғанымен, жымысқы жолмен иеленген дүние-мүліктерін жасырып жапқанымен тиісті органдар заңсыз табыс иелерін тәубесіне түсіріп жатыр. Мемлекеттің меншігіне қайтарылған активтердің алды бүгінде әлеуметтік маңызы бар нысандарға айналып үлгерді.

Заңсыз шығарылған активтерді қайтару бүгінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің негізгі міндеттерінің біріне айналған.

Оның үстіне бұл бағыттағы мылтықсыз майдан Мемлекет басшысының «Follow the money» қағидасы бойынша берілген тапсырмаларын іске асыру аясында жүргізіліп жатыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының көмекшісі әрі агенттіктің ресми өкілі Данияр Бигайдаровтың айтуынша, бұл жұмыстар қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімін арттыруға бағытталған сыбайлас жемқорлықпен күрес стратегиясының маңызды бөлігі саналады.

Елдің игілігіне жарай бастаған нысандарға тоқталсақ. Мәселен, Алматы қаласындағы «Maisat» бизнес-орталығы еліміздің «География және су қауіпсіздігі институты» акционерлік қоғамының меншігіне берілді. Ал құны 7,9 миллиард теңгеден асатын «KaisarTower» бизнес-орталығы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне тапсырылып, болашақ ұстаздардың қажетіне жарап отыр.

Сондай-ақ құны 800 миллион теңгеден асатын әкімшілік ғимарат Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының балансына өткізіліп, өнер оқыту ордасының да тынысы ашыла түсті.

Астана қаласында да мұндай жұмыстар қарқын алған. Құны 5 миллиард теңгеден асатын үш жеке тұрғын үй Астана қаласы әкімдігінің мүгедектігі бар балаларға арналған №1 «Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне берілді. Аталған кабинеттің әдіскері әрі педагог-психологі Бақытгүл Елубаеваның айтуынша, бұған дейін қатардағы қарапайым ғимаратқа қоныстанып, әупіріммен амалдап келген түзету орталығының қызметін алушылардың кезегі мәселесі де шешімін тауып отыр.

Сонымен қатар агенттік берген мәліметке сүйенсек, Білім инфрақұрылымын қолдау қорының жұмысы да бақылауда тұр екен. Оның арнайы шотына 153,3 миллиард теңге (немесе 329 миллион доллар) қаржы аударылған. Қордың қаражаты есебінен барлығы 100 мың оқушыға есептелген 89 мектептің құрылысы қаржыландырылған. Оның ішінде 61 мектеп пайдалануға беріліп қойған, жыл соңына дейін тағы 28 жаңа мектеп салу жоспарланыпты.

Қайтарылған активтердің қатарында әкімшілік ғимараттар, бизнес орталықтары, коммерциялық нысандар, аяқталмаған құрылыстар, эксклюзивті зергерлік бұйымдар, жер учаскелері, люкс үйлер, пәтерлер және автокөліктер, компаниялардағы акциялар мен қатысу үлестері, теміржол жолдары және шетелден қайтарылған ақшалай қаражаттар бар. Активтердің едәуір бөлігі шетелден қайтарылған. Мұндай активтердің жалпы құны 670 миллион доллардан асады (шамамен 300 миллиард теңге). Атап айтқанда, Аустриядан 82 миллион, Лихтенштейннен 260 миллионнан астам, Біріккен Араб Әмірліктерінен 14 миллион, Түркиядан 13,9 миллион доллар қайтарылған.

Жалпы қайтарылған активтер «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне беріледі. Аталған компанияға қазірдің өзінде Астана мен Алматы қалаларындағы жылжымайтын мүлік нысандары, Ресей мен Франциядағы пәтерлер, Түркиядағы жылжымайтын мүлік тапсырылған.

Осы ретте қаржыландырудың тағы бір көзі – «Арнайы мемлекеттік қордың» да бар екенін айта кеткен жөн. Ол мемлекет меншігіне қайтарылған мүліктің сатылымынан түскен қаражаттар мен басқа түсімдер есебінен толтырылып отырады.

Ал бұл активтерді іздеу, табу, қайтару жұмыстары да оңай іс емес. Шетелдік арналар мен күштік құрылымдардың да көмегіне жүгінуге тура келеді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында активтерді қайтару және келтірілген залалды өтеу бағытындағы жұмысты жалғастырып келеді. Жуырда ғана кезінде қыруар қаражат жымқырып, із суытып үлгеріп, 2022 жылдан бері халықаралық іздеуде жүрген және ақшаны заңдастыруға қатысы бар деген күдікке ілінген азаматтың ақшалай қаражаты мен мүліктік активтерінің қылмыстық жолмен алынғаны дәлелденді. Ол жылжымалы және жылжымайтын мүліктің қымбат нысандарын, оның ішінде жұбайының атына ресімделген нысандарды сатып алу үшін шамамен 1,5 миллиард теңге заңға қайшы ақшаны пайдаланған. Сөйтіп, олар Алматы қаласы мен Алматы облысында люкс автомобиль, пәтер, жер учаскелері, тұрғын үйлер мен құрылыс нысандарын меншіктеген. Өткен айда сот қаулысымен аталған азаматтан алынған ақшалай қаражат пен мүліктік объектілер мемлекет кірісіне тәркіленді.

Жалпы жыл басынан бері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге де мүлікті заңдастыру (жылыстату) фактілері бойынша отызға жуық қылмыстық істі тергеуді бастады. Істің бір бөлігі сотқа жіберіліп, айыптау үкімі шығарылды.

Кейінгі жылдары еліміздегі заңнамалық жүйе жаңғырып, экономиканың стратегиялық салаларында бірізділік пен айқындыққа бет бұра бастады. Әсіресе мемлекеттік саясат аясында қолға алынған реформалардың ішінде құрылыс саласының орны бөлек. Себебі құрылыс тұрғын үйден бастап әлеуметтік инфрақұрылымға, өндіріс ошақтары мен көлік желісіне дейінгі барлық тіршілік арнасының негізі болып отыр.

Жасұлан БАҚЫТБЕКҰЛЫ,

журналист