Мәңгілік рухани бағдаршам
Абай Құнанбайұлы - қазақ халқының рухани өмірінде терең із қалдырған кемеңгер ақын. Ол - ақын ғана емес, ойшыл, философ, қоғам қайраткері, ұлт ұстазы. Абай шығармаларында адамзаттың рухани болмысы, қоғамдағы өзекті мәселелер, білім мен өнердің мәні кеңінен көрініс тапқан. Соның ішінде эстетикалық талғам мен тұлғалық қасиет ұғымдары ақын мұраларында айрықша орын алады.
Эстетика - адам баласының сұлулыққа деген талғамын, табиғат пен өмірдегі көркемдікті қабылдау мен бағалауын сипаттайтын ұғым. Ақынның эстетикалық талғамы, ең алдымен, оның поэзиясындағы сұлулықты сүюден, табиғатты сезінуден байқалады. Мәселен, «Жаз», «Қыс», «Күз», «Жазғытұры» атты туындыларында ол тек табиғаттың көрінісін бейнелемейді, сонымен қатар адам мен табиғат арасындағы үйлесімді байланысқа назар аударады. Бұл өлеңдердегі көркемдік бейнелеу, тілдік өрнек ақынның сұлулыққа деген ерекше көзқарасының дәлелі. Табиғат көркемдігінің сипатталуында терең сыр, поэтикалық нақыш, бейнелі тіл арқылы Абай қазақ даласының сұлулығын ұлттық мақтаныш деңгейіне көтереді.
Ақынның эстетикалық ұстанымдары оның адамға, өнерге, білімге деген құрметінен көрінеді. Мысалы, «Ғылым таппай мақтанба», «Әсемпаз болма әрнеге»атты өлеңдерінде Абайдың адамның ішкі мәдениетіне, ой-өрісіне, дүниетанымына ерекше мән бере отырып, білім мен көркем мінезді жоғары бағалауы - эстетикалық тәрбиенің бір бөлігі. Ол шынайы сұлулықты ақыл мен жүректің үйлесімінен, адалдықтан, қарапайымдылық пен кішіпейілділіктен іздейді. Ол сыртқы сұлулықтан бұрын жан тазалығын, ой тереңдігін маңызды санайды.
Адамгершілік пен тұлғалық қасиет тұрғысынан Абай шығармаларынан еңбекқорлық, адалдық, сабырлылық, әділеттілік сынды ұстанымдар айқын аңғарылады.
Ақын шығармалары адам болмысының биігін іздеген, кемел адам идеясын насихаттаған рухани-тәлімдік мұра болып табылады. Оның басты мақсаты - «толық адам» тәрбиелеу. Бұл тұрғыда Абай адамның бойында ақыл, жүрек және қайрат үшеуі тең болуы керектігін айтады.
Абайдың қара сөздері - тұлғалық қасиеттерді саралап, адам болмысының терең мәнін ашатын философиялық трактаттар. Бұл шығармаларында ол ел ішіндегі кемшіліктерді сынай отырып, әрбір адам өзін-өзі түзетуге, жетілдіруге тиіс екенін алға тартады.
Тұлғалық қасиеттердің ішінде Абай ең алдымен білімге, еңбекке, әділетке, мейірімділікке мән береді. Оның «Интернатта оқып жүр», «Әке мен бала» сияқты туындыларында жас ұрпаққа үлгі боларлық адам бейнелері беріледі. Білім іздеу, тіл үйрену, ғылымға ұмтылу - Абай насихаттаған нағыз азаматтың басты қасиеттері.
Абайдың эстетикалық талғамы мен тұлғалық қасиет жайлы ойлары бір-бірімен тығыз байланысты. Оның түсінігінде сұлулық тек сыртқы емес, ішкі болмыстың көрінісі. Ішкі дүниесі таза, ниеті адал, ойы терең адам ғана нағыз көркем тұлға бола алады. Осы тұрғыдан қарағанда, ақын эстетикасы мен этикасы ұштасып, біртұтас дүниетаным жүйесін құрайды.
А.Құнанбайұлының шығармаларындағы эстетикалық талғам мен тұлғалық қасиет - қазақ әдебиетінің ғана емес, жалпыұлттық рухани қазынаның негізі. Оның поэзиясы мен қара сөздері бүгінгі күнге дейін маңызын жоғалтқан жоқ. Керісінше, қазіргі заман жастары үшін адамгершілікке, сұлулыққа, білімге, биік рухқа жетелейтін асыл мұра болып отыр. Абайдың мұрасы бізді биік талғамға, парасатты өмірге тәрбиелейді. Сондықтан ақынның эстетикасы мен тұлғалық философиясы - мәңгілік рухани бағдаршам.
Захира Шайхиева,
облыс бойынша
қазынашылық департаментінің
бас маман – бас қазынашысы