МӘМС: жаңа өзгерістер қалай жүзеге асады?
Жуырда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және медициналық қызметтер көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойған болатын.
Бұл өзгерістердің қарапайым азаматтар мен жалпы жүйеге қалай әсер ететінін кеше бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған баспасөз конференциясында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Ғайни Аймағанбетова жан-жақты түсініндірді.
Заңнамадағы өзгерістерге сәйкес, енді жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік әл-ауқат деңгейі төмен, яғни дағдарыстық және шұғыл жағдайдағы (D және E деңгейі) санаттарға жататын азаматтар үшін МӘМС жарналарын төлейтін болады. Сонымен қатар, ресми жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар да сақтандыру жүйесіне жергілікті бюджет есебінен қамтылады. Бұл бастама өңірлердегі жұмыспен қамту мен әлеуметтік қолдау шараларына қосымша серпін береді.
Бүгінде облыс бойынша 948 мың адам, яғни өңір тұрғындарының 80,8 пайызы сақтандырылған. Алайда, 225 мыңнан астам азамат МӘМС жүйесінен тыс қалып отыр. Олардың ішінде 70 мыңдай адам дәл осы D және E деңгейіндегі әлеуметтік осал топтарға жатады.
Сондай-ақ, 2026 жылдан бастап онкоскринингтер тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) тізіміне енгізіліп, барлық азаматтар үшін сақтандырылғанына қарамастан, тегін көрсетіледі. Бұған дейін тек туберкулез бен АИТВ бойынша ғана скрининг қарастырылса, енді олардың қатарына созылмалы вирусты гепатиттер, бауыр циррозы, қатерлі ісіктер, психикалық және мінез-құлықтық бұзылыстар, орфандық аурулар, жедел миокард инфаркті мен инсульт ауруларына күдік туындаған жағдайлардағы консультативтік-диагностикалық көмек те қосылады.
2026 жылдан бастап МӘМС-тің базалық пакетіне амбулаторлық диализ, сондай-ақ динамикалық бақылауды қажет ететін 13 түрлі созылмалы ауру бойынша кеңес беру, диагностика, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, жоспарлы стационарлық және стационарды алмастыратын көмек кіреді.
Жүйенің тұрақты жұмыс істеуі үшін қаржылық негіздің де мықты болуы шарт. Осыған байланысты 2026 жылдан бастап жарна мен аударымдарды есептеу үшін қолданылатын табыс көлемінің жоғарғы шегі өзгереді: жұмыс берушілер үшін – 40 ең төменгі жалақы (ЕТЖ), қызметкерлер үшін – 20 ЕТЖ. Бұл өзгеріс азаматтардың денсаулық сақтау жүйесіндегі қаржылық жауапкершілікті әділ әрі теңдей бөлісу қағидатына сай жүзеге асады.
МӘМС жүйесінде 15 жеңілдікті санат бар. Бұл топқа балалар, зейнеткерлер, жүкті әйелдер, мүмкіндігі шектеулі жандар және басқа да азаматтар кіреді. Олардың жарналарын мемлекет республикалық бюджет есебінен төлейді.
2025 жылы жарна мөлшері 2 пайыз деңгейінде сақталады. Бұл халықаралық стандарттармен салыстырғанда төмен көрсеткіш (шетелдерде 9-14,5 пайыз). Алайда біртіндеп жаңа міндеттемелерге сәйкес, мемлекет жарна мөлшерін арттыруды жоспарлап отыр: 2027 жылы – 2,2 пайыз ал 2037 жылға дейін – 4,7 пайызға дейін өседі. Бұл ретте жұмыс берушілер мен қызметкерлер үшін жарна мөлшері өзгеріссіз қалады.
Айжан ӨЗБЕКОВА