Шудағы мәселелер шешімін табады
Мемлекет басшысының «Барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Шу ауданы тұрғындарымен кездесті.
Мемлекет басшысының «Барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Шу ауданы тұрғындарымен кездесті.
Жиынға бірқатар басқарма мен құқық қорғау органдарының басшылары да қатысты.
Облыс әкімі аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне қысқаша тоқталып, алдағы мақсат-міндеттерді нақтылады. Ербол Қарашөкеев Шу ауданы – өңірдегі әлеуметтік-экономикалық әлеуеті жоғары аудандардың бірі екенін, бұл аудан инвестиция тартуға, өнеркәсіпті дамытуға қолайлы жағдайларымен ерекшеленетінін атап өтті.
Қазіргі таңда Шу ауданындағы «Jibek joly» арнайы экономикалық аймағында жұмыстар қарқын алды. Құны - 791,0 млрд. теңгені құрайтын 21 жоба бастау алды. Оның ішінде 4 кіші жоба іске қосылған, 5 жобаның құрылыстары жүргізілуде және 12 жоба бойынша жобалау жұмыстары әзірлену сатысында.
Сонымен қатар, ауылдық елді мекендерде экономикалық өсіміне оң серпін беріп отырған «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауданның 5 ауылдық округінде 5 бағытын іске асыруға 4,5 млрд.теңге қаржы бөлініп, 758 аула қамтылды.
Қайтарылған жерлер есебінен және босалқы жер қорынан 7 елді мекенге қосымша жалпы көлемі 26 000 гектарды құрайтын маусымдық жайылымдық жер телімдері қосылып берілді.
Жиында Ербол Қарашөкеев жауаптыларға мемлекеттік қолдаудың қарапайым шаруаларға, тұрғындарға жетуі қажеттігін баса айтты. Сонымен қатар аудан әкімдігіне кәсіпкерлік саласын дамыту, инвесторларға қолайлы жағдай жасау міндетін қойды.
Жиында аудан әкімі мен орынбасарлары атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді.
Сонымен қатар тұрғындар облыс басшысына өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ұсыныстарымен бөлісті.
Қазіргі таңда тұрғындар жиі көтеретін өзекті мәселелердің қатарында «Шу–Қайнар» автожолындағы аяқталмаған құрылыс жұмыстары, тұрмыстық қалдықтар мәселесі, жол мен жарықтың жайы, жайылымдық жер тапшылығы және әлеуметтік салаға қатысты түйткілдер бар.
Жиын соңында облыс әкімі егін, мал шаруалығында жаңа әрі озық технологияларды енгізу жұмыстарын жандандыруды, «Ауыл аманаты» жобасының бесінші бағытына басымдық беріп, кәсіп ашу шараларын аудан тұрғындарына кеңінен насихаттауды, жас мамандарға, жастарға әлеуметтік қолдау көрсетуді, азық-түлік қауіпсіздігін және жанар-жағар май, сұйытылған газ тапшылығын болдырмау мақсатында кәсіпкерлермен жүйелі жұмыс жүргізіп, бақылауға алуды тапсырды.
Бұдан соң, облыс әкімі азаматтарды жеке қабылдап, мәселелеріне құлақ асты.
Ербол Қарашөкеев Шу ауданына жұмыс сапары барысында Белбасар ауылындағы 100 орындық мәдениет үйінің ашылуына қатысты.
Жаңа клубтың құрылысы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып, оны «Ник Тараз» ЖШС салған. Жоба құны – 373 млн теңге.
Нысанда 13 қызметкер жұмыс істейді. Мұнда ән, би, мәнерлеп оқу үйірмелері жұмыс істейді.
Айта кетейік, өткен жылы өңірде 20 мәдениет нысаны салынып, оның 8-і пайдалануға берілді. Ал осы жылы жоспарланған 16 нысанның 3-і ел игілігіне тапсырылды. Жыл соңына дейін 8 нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Келесі кезекте аймақ басшысы жұмыс сапарымен Шу ауданындағы бірқатар құрылыс нысандарын, инвестициялық жобалар мен шаруашылықтарды аралап, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп салаларындағы басым жобалардың жүзеге асу барысымен танысты.
Балуаншолақ ауылдық округінде облыс әкімі құны 500 миллион теңгені құрайтын балық шаруашылығын дамыту жобасын жүзеге асырып жатқан «KazAquaAlliance» ЖШС-нің жұмысымен танысты. Кәсіпорынның өндірістік қуаттылығы жылына 500 тонна балық өндіруге есептелген. Жоба аясында 17 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда.
Шу қаласында Ербол Қарашөкеев Жеңіс саябағының күрделі жөндеу жұмыстарының барысын тексерді. Жаңғырту жұмыстары маусым айында басталған. Жоба аясында сахна, ойын және спорт алаңдарын салу, жарықтандыру, көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстары көзделген. Аймақ басшысы жұмыстардың сапасы мен мерзімін бақылауда ұстауды тапсырды.
Жұмыс сапарының келесі нысаны — күніне 2000-нан астам жолаушыға қызмет көрсететін Шу теміржол вокзалы болды. Қазіргі уақытта вокзал ғимараты күрделі жөндеуден өтуде, сонымен қатар іргелес аумақты абаттандыруға арналған жеке жоба дайындалған.
Облыс әкімі құрылыс мерзімінің қатаң сақталуын және орындалатын жұмыстардың сапасына ерекше көңіл бөлу керектігін ескертті. Инфрақұрылымды жаңғырту азаматтардың қолайлылығы мен өңірдің транзиттік әлеуетін дамыту үшін аса маңызды екенін де атап өтті.
Сонымен қатар, аймақ басшысы әлеуметтік желіде тұрғындар тарапынан түскен өтініштерді зерделеу үшін қант зауыты маңындағы шағын аллеяға барды.
Аталған аумақты аралаған Ербол Қарашөкеев саябақтың қазіргі жағдайы көңіл көншітпейтінін айтып, аудан басшылығына қысқа мерзім ішінде нақты абаттандыру жобасын дайындап, жөндеу жұмыстарын бастауды тапсырды.
Бұл күні аймақ басшысы «Qyzylsha Zher» ЖШС-не де барды. 3 277 гектарға қант қызылшасы, арпа, пияз және соя өсіріледі. Мұнда 50 адам жұмыс істейді, 150-ден астам ауыл шаруашылығы техникасы бар. Су үнемдеу технологиялары белсенді түрде енгізілуде. Облыс әкімі ауданда ірі жүгері өндейтін зауыт салынып жатқандығына назар аудартып, дәнді дақылдың осы түріне басымдық берудің маңыздылығын жеткізді.
Жұмыс сапарының соңғы нысаны – «Жібек жолы» арнайы экономикалық аймағында салынып жатқан жүгеріні терең өңдейтін зауыттың құрылыс алаңы болды. Құрылыс 2025 жылдың сәуір айында басталған.
Жоба биоферментация саласындағы әлемдік көшбасшы Fufeng Group компаниясы тарапынан жүзеге асырылуда. Бұл кәсіпорын Орталық Азиядағы ең ірі зауыттардың біріне айналмақ. Жоспарланған қуаттылығы – жылына 500 мыңнан 1 миллион тоннаға дейін жүгері өңдеу, кейін бұл көрсеткішті 3 миллион тоннаға дейін ұлғайту көзделіп отыр.
Ербол Қарашөкеев зауыттың іске қосылуы ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамыту, өңірдің экспорттық әлеуетін кеңейту және заманауи агротехнологияларды енгізу жолындағы маңызды қадам болатынын атап өтті.
Бүгінгі таңда «Жібек жолы» арнайы экономикалық аймағында жалпы құны 791 миллиард теңгені құрайтын 21 жоба тіркелген. Барлық қатысушыларға жер телімдері бөлінген. 2026–2030 жылдары жобалар толық қуатында іске қосылғаннан кейін 5 000-нан астам жаңа жұмыс орны ашылады.
Ауданның инвестициялық тартымдылығын арттыру және инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында АЭА аумағын кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін аймақ 2 800 гектарға ұлғайтылатын болады.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі