Мәдениет

Ұлттық құндылықтар ұлықталды

Өткен жылдан бері шілде, тамыз айларын ауыл тұрғындары асыға күтетін болды. Өйткені, 2024 жылы аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ықпал етуімен, әл-Фараби атындағы мәдениет үйінің үйлестіруімен, ауылдық округ әкімдерінің ұйымдастыруымен «Ауыл кеші көңілді» атты мәдениет және өнер фестивалі қолға алынған болатын. Биыл да атаулы мәдениет күндері жалғасын тауып, тұрғындарға ұмытылмастай әсер сыйлауда.

Өткен аптаның жұмасында Көктал ауылдық мәдениет үйінің алаңында Мырзатай мен Сазтерек ауылдық округтерінің мәдениет күндері «Тұсау кесер» рәсімімен ашылды. Белгілі ақын-сазгер, ауданның Құрметті азаматы Қасқырбай Нарбатыр кішкентай сәбиге ақ жол тілеп, тұсауын кесті.
Мұнан соң гір тасын көтеру, қол күресі, 25 келі қант көтеру сынды спорттық ойындарға қыз-келіншектер де қатысып, мықтылықтарын көрсетті. Ер азаматтар қол күрестіріп, білек күштерін сынасты. Жартылай тігілген киіз үйлерде ақжаулықты аналар халық әндерін шырқай отырып, жүн түтіп, кілем тоқыды. Күбі пісіп, диірмен тартты. Киізге түр салып, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеді. Өзге этнос өкілдері ұсынған ұлттық тағамдар, қос ауылдық округтің қолөнер шеберлерінің туындылары көпшіліктің қызығушылығын тудырды.

Концерттік бағдарлама аясында  Мырзатай ауылдық округінен келген «Балауса» би ансамблі «Шаттық», «Стиляги» билерін мың бұрала билеп, өнерлерімен тәнті етті. Әншілер Жанар Еркінбек «Попурри», Дина Сайлаубай «Көк жигули», Раяна Жамбыл «Билеші, биле»,  Толқын Бауыржан «Толқын, толқын»,  Асланбек Жамбай «Ауылға барам» әндерін әуелете шырқаса, жергілікті күйші  Абилсейт Момбаев өзінің туындысы «Тәуелсіздік» күйін күмбірлете тартып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Абай ауылынан келген өнерпаздар да өнерлерімен ел есінде қалды. Мұхтар Мудрашовтың орындауындағы «Сүйгім келеді», Көпшіл Ертаевтың әуелете салған «Әдемі қыз», Айдын Тілебалдиеваның шырқаған қырғыз әні «Таң сыры» әндері жұртшылықтың құлақ құрышын қандырды. ХХ «Жұлдызай» республикалық балалар шығармашылығы фестивалінің «Хореография» аталымының І-орын иегері Інжу Тілеужан белгілі күйші Əбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйіне қойылған биді керемет орындады. Сондай-ақ, «Тақиялы періште» фильміндегі басты рөлдерді  сомдаған аудандық «Екі жұлдыз» байқауының жеңімпаздары Нұрбек Дуралиев пен Динара Диханбаеваның өнеріне деген құрмет те ерекше болды.

Мәдина Еркінқызы,

журналист,

Байзақ ауданы