Әлеумет

Құрақ құраудың қыр-сыры көп

Қазақ халқының ертеден бүгінге өшпей жеткен қолөнерінің бірі – құрақ құрау. Астарында үлкен тәрбие жатқан бұл өнер түрі әлі күнге ел санасынан өшкен жоқ. Керісінше соңғы жылдары халықтың қайта қызығушылығын оятып, күнделікті қолданысқа кеңінен ене бастады. Өресі биік, өрісі кең қазақ халқының құрақ құрау өнерінің тарихы тереңде. Әрі берер мағынасы да түрлі мән мен тәрбиеге толы.

Құрақ құрау қолөнерімен кез келген адам айналыса алмайды. Өйткені бұл қолөнердің де өз қиындығы бар. Алдымен, өнерді түсінетін, ұшқыр ой мен бояу сырын білетін танымы бар адам ғана істің көзін таба біледі. Сондай-ақ түс пен түсті сәйкестендіру жоғары шеберлікті қажет етеніні анық. Құрақ өнерімен айналысудың пайдасы адамды шыдамдылыққа, үнемділікке, төзімділік пен әсемдікке баулып, жан дүниесін байытады. Ерте заманда қыз балалар кішкентайынан құрақ құрауды біліп, үйренуге тиіс болған. Ал қазір бұл қолөнерді ісмер келіншектер мен көнекөз әжелеріміз ғана    ермек қылады.

Солардың қатарында 75 жастағы қарт әжей Дарихан Сыдықова да бар. Өзбекстан Республикасы Хорезм облысы Хиуа ауданының Тахияташ ауылында дүниеге келген ол 2004 жылы атажұртқа біржолата қоныс аударады. Жуалы ауданының орталығы Б.Момышұлы ауылына тұрақтаған кезден бастап күні бүгінге дейін өңірдің қоғамдық өміріне белсене араласуда. Жастайынан адал еңбек еткен кейіпкеріміз бүгінде зейнет демалысында.

Еңбек демалысына шыққан әжей үйінде қол қусырып бос отыруды қош көрмейді. Қиынды маталардан құрақ құрап, қонақтың астына төсейтін түрлі көрпешелер мен жастанатын жастықшалар тігуді ермекке айналдырады. Үйінің жабдықтарын өзі тігіп, өзі құрап, тұрмыстық бұйымдар, оның ішінде, қыз жасауы, кесте түрлерін тігумен қатар, ел өміріндегі белгілі бір даталарды, атаулы күндерді және танымал тұлғалардың мерейтойларын матаға кестелеп бейнелегенді ұнатады.

Жалпы тоқыма өнері үлкен шыдамдылық пен ептілікті қажет ететін қол өнер түрі. Көздің майын алып, шыдамыңды тауысатын тірлік екенін осы салада жүрген жандар жақсы біледі. Ілмек іліп, қос таяқшалармен жұмыс жасай отырып, жіп түстерінен әдемі композиция құрау – нағыз фантазиясы мықты жандардың қолынан келетін дүние. Әжеміздің осы бағытта жұмыс жасауы – қиялы мен ойының жүйріктігінің дәлелі болса керек.
Әжейді әңгімеге тартып, еңбегінің қыр-сырын білу мақсатында қара шаңырағына іздеп бардық. Құшақ жая қарсы алып, сүйікті ісі жайлы біраз сыр шертті. Жүзі жылы, жанары нұрлы әженің күн ұзаққа ермегі осы.

Иә, «Ел іші – өнер кеніші» деп бекер айтылмаса керек. Міне, 75 жастан асып тоқыма өнерінің шебері атанып, еңбек жолында жарқын жетістікке жеткен әжейдің ісі көпке үлгі болатынына сенім мол.

Аида ТҰРҒҰМБЕКОВА,

журналист,

Жуалы ауданы