Берекелі отбасы – мемлекетіміздің берік тірегі
Байзақ ауданында отбасы құндылықтарын насихаттауға бағытталған мазмұнды семинар өтті. «Әйел және отбасы» тақырыбында өткен іс-шараны аудан әкімдігі жанындағы әйел-қыздар секторының меңгерушісі Жанат Әмірханқызы ұйымдастырды.
Семинар отбасылық институтты нығайту, әйелдердің рөлін арттыру, жастар арасында жауапты неке мәдениетін қалыптастыру сынды өзекті тақырыптарды қамтыды. Іс-шараға Байзақ аудандық «Байзақ баба» мешітінің наиб имамы Бақытбек Бауыржанұлы арнайы шақырылып, «Әйел – отбасы шамшырағы» тақырыбында мазмұнды уағыз-насихат айтты. Наиб имам өз сөзінде отбасылық бақыттың негізі жауапкершілік пен өзара құрмет екенін атап өтті.
Имам өз насихатында асыл дініміз Исламда ер мен әйелдің отбасындағы рөлі нақты белгіленгенін, әр тараптың өзіне тиесілі құқықтары мен міндеттері бар екенін түсіндірді. Оның айтуынша, жарасымды неке – тек сезімге емес, сенімге, құрметке, ортақ жауапкершілікке негізделген болуы шарт.
Семинар барысында елімізде жиі көтерілетін маңызды әлеуметтік мәселе – ажырасу оқиғаларының жиілеуі де сөз болды. Имам бұл мәселеге де тоқталып, жастардың некеге немқұрайды қарауы, жанұядағы рөлдерді дұрыс түсінбеуі сынды түйткілдер ажырасуға алып келетінін айтты.
Семинарда тек уағыз ғана емес, қатысушылардың ой-пікірлері де тыңдалды. Әйел-аналар мен жас келіншектер өзара пікір алмасып, отбасындағы әйелдің орны, бала тәрбиесіндегі жауапкершілік, сабыр мен шүкірдің маңызы сияқты тақырыптарда ой қозғады.
Семинардың басты идеясы – отбасы құндылығын қайта жаңғырту, ұлттық тәрбиенің алтын діңгегін сақтау. Себебі отбасы – тек әлеуметтік бірлік емес, ұлттың рухани өзегі, мәдениет пен тәрбиенің алғашқы мектебі.
Іс-шара соңында қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыс айтып, мұндай көпшілікпен еркін сұхбат құратын, дін мен дәстүр үндестігін дәріптейтін кездесулер жиі болса деген тілектерін білдірді.
Айжан ӨЗБЕКОВА