Дін

Ислам сенім жүйесін бекемдеген ұлы ойшыл

Имам Матуриди – ханафилік мәзһабтың сенім мектебін, яғни «ақида» ілімін ғылыми тұрғыда дамытқан ірі ойшыл. Соңғы уақытта бұл тұлға туралы жастардың, мешіт жамағаттарының, жалпы көпшіліктің арасында қызығушылық артып, тереңірек танып-білуге деген сұраныс көбейіп отыр.

Ұлы ғалымның толық аты-жөні – Әбу Мансур Мұхаммад ибн Мұхаммад ибн Махмуд әл-Матуриди. Ол қазіргі Өзбекстан аумағындағы Самарқанд қаласының іргесінде орналасқан Матурид елді мекенінде дүниеге келген. Туған жылы нақты көрсетілмегенімен, кей зерттеушілер оның 844-854 жылдар аралығында өмірге келгенін айтады. Қайтыс болған уақыты шамамен 944 жыл деп көрсетіледі.

Әдебиеттер мен тарихнамаларда Ислам ғалымдарының есімдері көбіне туған жері немесе шыққан руымен байланысты аталып отырғаны белгілі. Сол себепті Имам Матуриди де туған елді мекенінің атымен аталған. Кейбір деректерде ол Әбу Мансур әл-Матуриди ас-Самарқанди деген атпен де танымал болған.

Имам Матуриди Пайғамбарымыз Мұхаммедтен (с.ғ.с.) кейін өмір сүрген көрнекті ғұламалар жолын жалғастырған. Ол Ханафи мәзһабының негізін қалаған Имам Әбу Ханифаның ілімін терең меңгеріп, ақли (ақылға негізделген) және нақли (аят-хадиске сүйенген) дәлелдер арқылы дамытқан. Оның ғылымдағы ұстанымы – тек аят-хадиске ғана емес, сонымен қатар ақыл мен қисынға да ерекше мән беруді көздеген. Бұл – Ислам ғылымында жаңашыл, әрі терең көзқарастың қалыптасуына жол ашты.

Имам Матуридидің ұстаздары жайлы деректер түрліше болғанымен, бәрінің тізбегі Әбу Ханифаға барып тіреледі. Демек, ол – ханафилік сенімнің сенімді мұрагері, жүйелеп дамытушысы.

Тарихта Әбу Ханифаның фиқһи (құқықтық) көзқарастары кеңінен таралып, мәзһаб деңгейіне жеткені белгілі. Ал сенім (ақида) саласындағы көзқарастары мен теологиялық тұжырымдарын Имам Матуриди бір арнаға түсіріп, ғылымилықпен бекемдеген. Ол ақида саласында Әбу Ханифаның идеяларын негізге алып, жаңаша дәлелдеумен қатар, бүкіл мұсылман әлеміне таратқан.

Көпшілік Имамның есіміндегі «Әбу Мансур» тіркесін көріп, оның «Мансұр» есімді ұлы болды ма деп қызығушылық танытады. Бірақ тарихи деректерде ондай ұл туралы мәлімет жоқ. Керісінше, кейбір еңбектерде оның қызы болғаны ғана айтылады. Ғалым өзі жазған «Тәуиләт әл-Құран» атты тәпсір еңбегінде ұлды болуды армандағанын, ол дүниеге келсе есімін «Мансұр» деп қойғысы келетінін айтқан. Дегенмен бұл арманның орындалған-орындалмағаны белгісіз күйінде қалған.

Ислам тарихында сүнниттік сенімге негізделген екі ірі ақида мектебі қалыптасты. Бірі – Имам Әбу Мансур Матуриди негізін салған «Матуридилік», екіншісі – Имам Әбу Хасан әл-Ашғари бастаған «Ашғарилік» мектебі. Бүгінде Орта Азияның көптеген елдері, соның ішінде Қазақстан да Ханафи мәзһабын және Матуриди ақидасын ұстанатын мемлекет.

Матуриди мектебі әсіресе иман мен ақылдың арақатынасы, үлкен күнә, сенім мен амалдың айырмашылығы сияқты мәселелерде терең, қисынды, ғылыми түсіндірулермен ерекшеленеді. Ол – ақида ілімінде әдіснама (усул) тұрғысынан үлкен жаңашылдық әкелген реформатор. Діни мәтіндерді тарихи, әлеуметтік, саяси және логикалық тұрғыдан қарастырып, тұтас жүйе қалыптастырған.

Ұстазы Әбу Насыр әл-Иязи Имам Матуридидің дәріс алқасына ерекше құрметпен қарап, ол келмейінше ешкімге сөз бермейтін болған. Ол Матуридиді көрген сайын Құрандағы «Раббың қалағанын жаратады да сұрыптайды…» (Қасас сүресі, 68-аят) деген аятты тілге алып, таңданысын жасыра алмаған.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дүние салғаннан кейінгі кезеңдерде мұсылмандар арасында түрлі пікір қайшылықтары, сенімге байланысты таластар белең алды. Иман, амал, күпір, тағдыр, үлкен күнәлар сияқты мәселелерде түрлі ағымдар өз ойларын алға тартып, үммет ішінде алауыздық туғызды.

Осы сәтте Имам Матуриди сенім мәселелерінде ақыл мен нақылдың тепе-теңдігін сақтай отырып, теріс сенімдердің алдын алды. Ол әрбір пікірін дәлелдермен, оқиғалармен, аят-хадистермен және ақылға қонымды тәсілдермен негіздеп отырған.

Мәселен, Алланың бар екенін ақыл арқылы былайша дәлелдейді: «Өсімдіктер жаңбырға, күннің жылуына мұқтаж. Табиғаттағы әрбір жаратылыс сәйкестікпен орналасқан. Бұл – бір Ұлы Жаратушының бар екенін дәлелдейді. Егер бірнеше Құдай болғанда, бұл үйлесімділік бұзылар еді».

Бұл пікірін Құрандағы «Рахманның жаратылысында ешқандай қайшылық көре алмайсың» (Мүлк сүресі, 3-аят) деген аятпен қуаттайды.

Имам Матуриди сенімге қатысты көзқарастары арқылы бүгінгі мұсылман қоғамының сенім негіздерін қалыптастырған. Оның сенім жүйесінің негізгі тұжырымдары мынадай:

1. Иман – Аллаға және Алладан келген нәрселерге жүрекпен сеніп, растау.

2. Үлкен күнә жасаған адам діннен шықпайды.

3. Иман мен амал – бір-бірінен бөлек ұғым. Иман – жүректің ісі, ал амал – иманның жемісі.

4. Иманда «истисна» болмайды. Яғни «Алла қаласа мүмінмін» деген күмәнді сөйлем емес, «Аллаға шүкір мүмінмін» деп айту қажет.

5. Иман мен ислам – тілдік тұрғыда бөлек болғанымен, діни тұрғыда бір-бірін толықтыратын тұтас ұғым.

Имам Матуриди өз дәуірінде тәпсір, ақида, фиқһ, мәзһабтар тарихы, Құран ілімдері сияқты түрлі салаларда мол мұра қалдырған. Ғалымның жалпы саны 14-15 шақты еңбегі болғанымен, бүгінге дейін «Китаб әт-Таухид» пен «Тәуиләт әл-Қуран» атты екі негізгі еңбегі ғана жетіп отыр.

«Китаб әт-Таухид» – Имам Матуридидің ақида саласындағы негізгі көзқарастары жинақталған еңбек. Онда басқа мәзһабтар мен ағымдарға ғылыми сын айтылады. Бұл шығарма – Матуриди мектебінің негізін қалаушы басты еңбегі ретінде қабылданады. Кітаптың жалғыз толық нұсқасы Кембридж университетінің кітапханасында сақтаулы.

«Тәуиләт әл-Қуран» – Имамның шәкірттері тарапынан құрастырылған тәпсір еңбегі. Дегенмен ондағы барлық мазмұн Имам Матуридидің өзіне тиесілі екені дау тудырмайды. Бұл шығарманың қырыққа жуық қолжазба нұсқасы Түркия, Мысыр, Сирия, Англия, Германия елдерінде сақталған.

Имам Әбу Мансур әл-Матуриди – ислам сенім жүйесін бекемдеген, әһли сүннет уәл-жамағаттың ақида мектебін ғылымилықпен негіздеген, түрлі теріс ағымдарға дәлелмен қарсы тұрған кемеңгер ғалым. Оның туғанына шамамен 1160 жыл толуына орай, қазіргі таңда Орта Азия елдерінде, соның ішінде Қазақстанда да бірқатар ғылыми іс-шаралар ұйымдастырылуда.

Бүгінде еліміз Ханафи мәзһабын және Матуриди сенім жүйесін ұстанатын мұсылман мемлекеті ретінде осы ілімнің берік іргетасын жалғастыруда.

Үмбет САБЫРХАНОВ,

«Әл-Хақ» мешітінің имамы,

Т.Рысқұлов ауданы