Әлеумет

Ерекше қажеттіліктері бар 110,9 мың адам жұмыспен қамтылды

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды (МӘЖ) төлеуге республикалық бюджеттен 327,5 миллиард теңге жұмсалған. Бұған қосымша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу бойынша шамамен 44,8 миллиард теңге сомасына әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылыпты.

2025 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша мүгедектікке байланысты МӘЖ алушылар саны шамамен 541,7 мың адамды, асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты шамамен 198,3 мың адамды құрады.

Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері мүгедектіктің тобына және себебіне, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» Заңда белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасына байланысты болады.

Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері қайтыс болған асыраушының асырауындағы адамдардың санына, қайтыс болу себептеріне және ең төмен күнкөріс деңгейіне байланысты болады.

Бұдан басқа, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда МӘСҚ-дан әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылады. Мәселен, 2025 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 94,4 мың адам еңбек ету қабілетінен айырылу бойынша әлеуметтік төлем, ал 64,8 мыңға жуық отбасы асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем алған.

Төлемдердің мөлшері жеке белгіленеді және мыналарға байланысты: соңғы 2 жылдағы МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табыс, еңбекке қабілеттілігінен айырылу коэффициенттері, асырауындағы адамдар саны, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі және табысты ауыстыру.

Бұл төлемдер республикалық бюджеттен төленетін ұқсас жәрдемақыларға қосымша жүзеге асырылады.

Мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төмен күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты 6,5 пайызға өсті. Үкіметтің шешімі бойынша еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу бойынша МӘСҚ-дан төленетін төлемдердің мөлшері де 6,5 пайызға артты.

Мәселен, осы жылы жалпы аурудан мүгедектігі бойынша МӘЖ мөлшері 1-топ үшін – 101 702 теңгені, 2-топ үшін – 81 362 теңгені, 3-топ үшін – 55 474 теңгені құрайды.

1 шілдедегі жағдай бойынша еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша әлеуметтік төлемдердің орташа мөлшері 70 574 теңгені, асыраушысынан айырылу бойынша – 72 528 теңгені құрайды.

Сонымен қатар 2025 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің түрлі шараларына 15 мыңнан астам мүгедектігі бар адам (МбА) тартылған. Бүгінгі таңда барлығы ерекше қажеттіліктері бар 110,9 мың адам жұмыспен қамтылған (30 пайыз).

Жалпы Қазақстанда мүгедектігі бар 743,9 мың адам тұрады, ол халықтың жалпы санының 3,7 пайызын құрайды, олардың 375,7 мыңы еңбекке қабілетті жаста.

Әлеуметтік кодекске сәйкес жергілікті атқарушы органдар мүгедектігі бар адамдар үшін ауыр жұмыстардағы, еңбек жағдайлары зиянды, қауіпті жұмыстардағы жұмыс орындарын есепке алмағанда, жұмысшылардың жалпы санының 2-ден 4 пайызына дейін (жалдамалы жұмыскерлердің жалпы саны кемінде 50 адам болған кезде) көлемде жұмыс орындарына квота белгілейді. 2025 жылдың 1 тоқсанында квота бойынша мүгедектігі бар 4,8 мың адам жұмысқа орналастырылыпты.

Сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар адамдар жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тартылуда. Мәселен, 1 шілдедегі жағдай бойынша тұрақты жұмысқа 1,8 мың адам, «Жастар практикасына» – 141 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына – 271 адам, қоғамдық жұмыстарға – 3,8 мың адам, «Күміс жас» жобасы бойынша – 484 адам, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша – 28 адам, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы бойынша 3 адам жұмыс тапқан.

Қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен 88 адам, «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытумен 2,9 мың адам қамтылған.

Халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтарға өз бизнесін ашу үшін 400 АЕК-ке дейінгі (1,6 миллион теңге) мөлшерінде мемлекеттік гранттар беріледі. Бүгінгі таңда 666 мүгедектігі бар адам осындай қолдауға ие болыпты.

Сондай-ақ, 2018 жылдан бастап халықаралық тәжірибені ескере отырып, мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орнын жарақтандыруға байланысты жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау тәртібі енгізілді. 2025 жылы осындай 49 арнайы жұмыс орны құрылған.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ