Әлеумет

Шынайы сезімнің шырағын жаққандар

Махаббат – адам баласының ең терең, ең нәзік әрі ең берік сезімі. Дәлірек айтқанда өмірдің өзіне айналған болмысы. Ол адам бойында тыныстап тұрған тірі материя секілді. Оны ұстау мүмкін емес, бірақ жүрекпен сезу – міндет. Сондықтан адам шынайы махаббатқа жолыққанда ғана ішкі әлемі шын мәнінде ояна бастайды. Сол сәттен бастап өмірі өзгеріп кетпесе де, оған қарайтын көз өзгереді. Ал бұл – ең үлкен төңкеріс.

Әсіресе, бұл сезім шынайы болса адамды асқақ та биік етеді. Бірі сынақпен бетпе-бет келгенде бірінші дауылда-ақ шытынап сынып кетеді. Енді бірі керісінше қиындық кездескен сәттен бастап шыңдала түседі. Бірге болуға мүмкіндік азайған сайын жанұшыра ұмтылады. Құзға құлап бара жатса тартып алады, тұншықса батырмайды. Өзінің ақ адал махаббатымен-ақ емдеп, жазып алатын жандар бар. Әлдебір күн туа қалса қамқорлық танытады. Өзін ұмытып, өзге үшін өмір сүре бастайды. Сүрінгенде сүйеп, жылағанда жұбатады. Махаббаттың құдіреті шексіз екенін дәлелдейтіндер де солар.

Сезім сынақсыз шыңдалмайды. Аяқасты келген қиындық – махаббаттың айнасы. Сол айнаға қарап отырып, өзіңді танисың. Расымен сүйесің бе, әлде сүйіп жүргендей көрінесің бе? Сұрақтың жауабы – әрекетіңде. Махаббатта таңдаудан бұрын – табандылық керек. Сен таңдаған адам қиындыққа тап болғанда, таңдауыңның шын екенін дәлелдеу ғана. Ол дәлел сөзбен емес, іспен көрінеді. Бақытты сәтте бірге болуды кез келген адам атқара алады. Ал қиын сәтте бірге қалатын шын сүйгендер ғана. Сүйген адам – дәрігер емес, бірақ ол сенің тірі қалуыңа себеп болады. Адам дәрімен емес, себеппен жазылады. Ал махаббат – ең үлкен себеп.

 

АЗАМАТ ПЕН АЖАР: РУХ ЖЕҢІСІНІҢ АЙНАСЫ

Азамат Оразбектің тағдыры рух жеңісінің айнасы іспетті. Қызылорда облысы, Жаңақорған топырағында 1994 жылы дүниеге келген Азамат 6 жасында ауыр жағдайға тап болады. Ауылдас ақсақалдың өтінішімен мал қарап жүрген бір топ баланың арасында болған ол биік трансформатордың үстінде ойнап жүргенде қатты тоқ соғып, есінен танып қалады. Сол оқиғадан соң екі қолынан айырылып, өмірі мүлде басқа арнаға бұрылады.

Азамат бір жарым жыл бойы комада жатады. Кішкентай жүрегі өмір мен өлімнің арасында күресіп жатқанда, анасы ұлының болашағы үшін ел көзінен жырақ кетіп, Алматыға көшіп келеді. Бұл шешім – жалғыз ұлын жасқанбай қайтадан өмірге баулудың алғашқы қадамы еді. Алматы қаласындағы арнайы түзету мектеп-интернатында білім алған Азамат кейін Спорт және туризм академиясын тәмамдайды.

Тағдырдың қиындығы Азаматты мойыта алмады. Қайта сол қиындықтың өзі жігерлендіріп, биік белестерге жетеледі. Екі қолының жоқтығына қарамастан жүзу спортына ден қойып, Қазақстан чемпионы атанады. Тіпті 2009 жылы Токиода өткен Азия чемпионатында екінші орынды иеленіп, елдің үмітін ақтайды.

Азамат тек спортшы ғана емес, өнерге де етене жақын жан. Қазіргі таңда 15-ке жуық әннің авторы. Бірнеше қалада шығармашылық кешін өткізіп, сахнада өз жанын, өз тағдырын ән арқылы баяндайды. Ән – оның жан дауасы, жүрек тынысы.

Өзінің айтуынша, бұл жеңістер мен шабыттардың артында жақындарының қолдауы тұр. Ең әуелі анасы ұлының еш қиындықсыз еркін жетілуіне ықпал етсе, одан кейін жарының махаббаты оны көп қиындықтан қорғап, жүрегіне ұлы махаббат сыйлады.

Жары Ажар Тұрсынова – Азаматтың жансерігі ғана емес, ең сенімді тірегі. Жастар отау құрмақ болған кезде Ажардың туыстары уайымдап, болашағына алаңдаған екен.

Азаматтың өміріндегі ең үлкен күрес – тек дене кемшілігімен емес, қоғам көзқарасымен болған күрес. Ол елімізде мүгедек жандарға деген құрметтің әлі де қалыптаспағанын ашына айтады.

Азамат Оразбектің өмір жолы – жүрекпен көрудің, жанмен сезінудің және ешқашан берілмеудің үлгісі. Азамат пен Ажар қоғамға «мүмкін емес» деген ұғымның адам рухы алдында әлсіз екенін дәлелдеп келе жатқан жас жұбайлар.

 

БАҚДӘУЛЕТ ПЕН ҚҰРАЛАЙ: СЕНІМ МЕН ҮМІТТІҢ ЖЕҢІСІ

Бақдәулет Әмірхановтың тағдыры 19 жасында күрт өзгерді. Достарымен бірге Алматыға донер жеуге шыққан бозбала жол апатына ұшырап, салдарынан омыртқасындағы жұлыны үзіліп кетеді. Осыдан кейін Бақдәулет арбаға таңылды. Тек қозғалу ғана емес, сөйлеу де мүмкін болмай, бір жарым жыл бойы үнсіз күй кешіп, кеңірдегіне арнайы түтік қойылады. Бұл – әр адамға ауыр тиетін сынақ.

Бірақ сол қиындықтың арасынан сәуле шашқан жан табылды. Бақдәулеттің түнекке айналған әлеміне жарық сыйлаған Құралай Зейт еді. Құралай мен Бақдәулеттің таныстығы 2016 жылы басталған. Сол жылы ҰБТ тапсырып жатқан сіңлісін күтіп тұрған Құралай Бақдәулетпен алғаш рет жүздеседі. Тағдыр сол бір сәтте олардың жолын тоғыстырды. Кейін көп уақыт байланыс үзілгенімен, екеуі қайта жолығады. Араға жылдар салып, бұл таныстық шынайы сезімге ұласты.

Құралай Бақдәулеттің сөйлеуіне көмектесіп, жалпы болашаққа үмітпен қарауына қолынан келгенше қолдау білдірді.

Олардың махаббат хикаясы – тек махаббат туралы ғана емес. Бұл – үміт пен сенім, жанқиярлық пен адалдық жайлы оқиға, шынайы күрестің, мызғымас махаббаттың, өмірге деген шексіз іңкәрліктің дәлелі.

Қарапайым ғана қазақ қызы мен жігітінің тағдыры бүгінде мыңдаған адамның жүрегін жылытты. Әлеуметтік желіде тараған Бақдәулеттің үйленуге ұсыныс жасаған сәті – миллиондаған көрерменге мотивация сыйлады. Құралайдың өз сөзімен айтқанда: «Әрбір сүйген адамына тұрмысқа шыққан адам – бақытты».

Ал нағыз махаббат – дәл осындай сындардан өткеннен кейін ғана мәңгілікке айналады.

 

ЕРКІН МЕН НҮРГҮЛ: ТІРІ ЖҮРЕК – МАХАББАТТЫҢ МЕКЕНІ

Жамбылдық Еркін Мұхамбетов 13 жасында көру қабілетінен айырылған. Қос жанары семген соң шетелде емделген, бірақ одан еш нәтиже болмапты. Ал оның қараңғы қос жанарын нұрландырып, бар ғұмырына шуақ құйған жан – жары Нұргүл Тілеуқабылова.

Оның қараңғы әлеміне әуелей жеткен әсем музыкаға енді Нұргүлдің нәзік үні қосылды. Тау бұлағындай нәзік үнімен жігіттің жүрегін жаулап алған қыз Еркіннен 13 жас кіші еді. Бірақ жас қыз да жігітті бірден ұнатып қалғанын жасырмайды.

Алғашында екі жастың да туыстары олардың шаңырақ көтерулеріне қарсы болып, сынақтарға төтеп беретіндеріне күмәнданыпты. Бірақ, ғашықтар барлығына өз ісімен дәлелдеген.

Адам баласы өзінің ауыр тағдырына осыншалық төтеп беруге қалай бейімделеді? Төзім мен қайсарлықты, махаббат пен мейірімнің сарқылмас күшін қайдан алады?

Азамат пен Ажар, Бақдәулет пен Құралай, Еркін мен Нұргүл де ғашықтардың ерік-жігерінің, махаббат пен сенімінің жеңісі.

Әр оқиға қоғамға мүгедектік – үкім емес, ал шынайы махаббат – шекараны білмейтін сезім екенін дәлелдеді. Бұл жұптар бақыт дене кемелдігінен емес, жан жарасымынан басталатынының растығын көрсетті. Олардың хикаясы – махаббаттың мәңгілігіне сендірер шынайы өмірдің айнасы.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ