Табиғатты аялау – адамзаттың борышы
Табиғатты аялау, қоршаған ортаны таза ұстау – бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Осы орайда жақында Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен еліміздің барлық аймағында «Қоғамдық эко-бақылау» республикалық акциясы өтті. Бұл бастама қоршаған ортаға немқұрайды қарамайтын қоғам өкілдерінің белсенділігін арттырып, табиғи мұраны сақтауға тың серпін берді.
Осыған орай облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Дүйсенәлі Бықыбаевтың жетекшілігімен жұмыс тобы құрылып, өңірде аталған акция шеңберінде жүйелі жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасымен бірлесіп жер қойнауын пайдалану, көгалдандыру, тазалық, экологиялық ахуал мәселелеріне байланысты қоғамдық мониторинг жүргізілді.
Облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметіне сәйкес, өңірдің кең таралған пайдалы қазбалары бойынша жер қойнауын пайдаланушылармен барлығы 127 келісімшарт жасалған. Аудандар үлесіне тоқталсақ, Жамбыл ауданында – 35, Мойынқұмда – 19, Байзақта – 14, Таласта – 13, Қордай ауданында 12 келісімшартта жер қойнауын пайдаланушылардың нақты міндеттемелері айқындалған. Осыған орай, кеңес мүшелері мен басқарма мамандары бірлесіп Жамбыл және Талас аудандарындағы 9 жер қойнауын пайдаланушының келісімшарт бойынша алған міндеттемелерінің орындалу барысына мониторинг жүргізді.
Мәселен, Жамбыл ауданында «Мырзабаев» жеке кәсіпкерлігі 2010 жылы «Ақтас-7» кен орнынан құмшағал қоспасын барлау және өндіру мақсатында келісімшарт жасасса, «Байелі» шаруа қожалығы «Айша бибі-1» кен орнын игеру үшін 2013 жылы келісімге отырған. Сондай-ақ, «AR Sity-Stroy» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Майда» кен орнымен (529-шақырым) 2013 жылы, ал «Игілік-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Жұлдыз» кен орнын пайдалану бойынша 2007 жылы келісімшарт жасасқан. Аталған жер қойнауын пайдаланушылардың келісімшарттық міндеттемелерінің орындалу деңгейі мен сапасына қатысты толыққанды зерделеу жұмыстары жүргізіліп, тиісті қорытындылар шығарылды.
Мониторинг барысында белгілі болғандай, аталған жер қойнауын пайдаланушылар Аса өзенінің арнасына өте жақын орналасқан. Сонымен қатар елді мекендерге жақын жерде болғандықтан тастарды майдалау, араластыру жұмыстары кезінде шаң-тозаң, экологиялық зиянды қоспалар өзен арнасына түседі. Бұл өз кезегінде қоршаған ортаны ластауға, ауаға зиянды заттардың таралуына әкеп соғады. Нәтижесінде адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Су кодексінің 125-бабына сәйкес су қорғау белдеулері шегінде жекелеген учаскелерді шалғындандыруға, егін егуге және ағаш отырғызуға арналған жерлерді өңдеуді қоспағанда, топырақ және өсімдік қабатын бұзатын жұмыстар жүргізуге тыйым салынады.
Жер қойнауын пайдаланушылармен жасалған келісімшарттардың аяқталу мерзімі 2032-2038 жылдарға дейінгі аралықты құрайды. Жоғарыда аталған мәселені шешудің бірден бір жолы – облыстық жер ресурстарын басқару департаменті және «Шу-Талас» бассейндік инспекциясы тарапынан тексеру жүргізу арқылы белдеуде орналасқан жер учаскелерінде қазба жұмыстарын жүргізуге тыйым салу керек.
Ал Талас ауданы бойынша жер қойнауын пайдаланушылар саны 13-ке жетіп отыр. Ауданда табиғи ресурстарды игеруге бағытталған жұмыстар бірнеше жылдан бері жүйелі жүргізіліп келеді. Жер қойнауын пайдаланушылар қатарында «Құрылыс-Жанар», «Азмина-Мрамор», «Тараз-Мрамор», «Кұмтас», «Қазфосфат», «Қаратау-Мрамор» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, «Шарипбаев (Ют-Цемент)» жеке кәсіпкерлігі, «Атамекен-Мрамор-Коктал», «Кара-Тау-Цемент», «Жамбыл Недр» және «Alina Holding» ЖШС сынды кәсіпорындар бар. Аталған компаниялармен жасалған келісімшарттардың мерзімі 1998 жылдан басталып, 2042 жылға дейінгі аралықты қамтиды. Бұл келісімдер аудан аумағындағы пайдалы қазбаларды барлау, өндіру және өңдеуді көздейді. Олардың әрқайсысы келісімшарттық міндеттемелерге сәйкес жер қойнауын ұтымды әрі экологиялық талаптарға сай пайдалануға жауапты.
Табиғи ресурстарды игеруде аудан экономикасына серпін беріп отырған кәсіпорындардың бірі – «TalasInvestCompany» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Аталған серіктестік жылына 1,5 миллион тонна натрий цианидін өндіреді. Бұл өндіріс көлемі ауданның ғана емес, облыстың да экономикалық әлеуетін арттыруға елеулі үлес қосуда. Қазіргі таңда 60 адам жұмыс істейтін кәсіпорынға арнайы көлемді жер бөлініп, оның құжаттары толық рәсімделген. Бүгінде зауыттың екінші кезеңінің құрылысы басталып, 2026 жылдың ортасына таман толықтай іске қосылғанда 600 адам жұмыспен қамтылады. Сол секілді өндіріс ошағында 30 мың тонна натрий цианидін өндіру, 300 адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Мониторинг барысында экологиялық қауіпсіздік шараларының тұрақты түрде жүргізілетіні және экологиялық заңнама талаптарына сәйкестігі анықталды.
Аудандағы ірі өндірістік жобалардың бірі «Қаратау-Химикалс» кәсіпорны алдағы тамыз айында іске қосылады. Мұнда жылына 25 мың тонна натрий персульфатын өндіру жоспарланған. Қазіргі таңда зауытта 60 адам тұрақты жұмыс істеп жатыр.
Сондай-ақ «Жамбыл-Недр» компаниясына 60 гектар жер телімі бөлініп, қазір онда қытайлық инвесторлардың қатысуымен құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Аталған жоба аясында 2026 жылы жылына 1,5 мың тонна өндірістік әктас шығаратын жаңа кәсіпорын іске қосылады деп күтілуде. Бұл ретте «Жамбыл-Недр» «Сүлейменсай» карьерінен әктас шикізатын өндірумен де айналысады. Ал «Қаратау-Жанар» серіктестігі «Мрамор» карьеріндегі қазба байлықты құрылыс материалдары ретінде пайдалануда. Ауданның минералдық ресурстарын тиімді игеру және өңдеу бағытындағы бұл жобалар Талас ауданының экономикалық даму қарқынын арттырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына сеп болмақ.
Жер қойнауын пайдалану нысандарында қауіпсіздік талаптарының сақталуына мониторинг жүргізу мақсатында құрылған жұмыс тобы өндіріс орындарын аралады. Топ құрамындағы Архабек Төлебаев пен Пернебек Оспанов жұмысшылардың еңбек қауіпсіздігіне қатысты қағидалар мен нормаларды сақтауын, сондай-ақ өндірістік апаттардың алдын алу және оларды жоюға бағытталған шаралардың жүзеге асырылуын мұқият бақылап шықты. Бұдан бөлек, мониторингтік топ мүшелері өндірісте төтенше жағдайлар туындаған жағдайда жұмысты дереу тоқтату, қызметкерлерді қауіпсіз аймаққа көшіру және қауіптің нақты себептерін анықтауға арналған әрекеттердің қалай жүзеге асырылып жатқанымен де танысты. Кеңес мүшелері кәсіпорын басшылығына жер қойнауын пайдалану барысында өнеркәсіптік және экологиялық қауіпсіздік талаптарының қатаң сақталуы қажеттігін ескертті. Қойылған талаптар жұмысшылардың денсаулығы мен қоршаған ортаның қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты алғышарты екені атап өтілді.
Сонымен қатар, облыстық қоғамдық кеңестің мүшелері Талас ауданында «Қоғамдық эко-бақылау» акциясының екінші онкүндігі аясында да мониторинг жүргізіп, өңірде атқарылып жатқан экологиялық бастамалардың барысымен танысты. Ауданда қоршаған ортаны қорғауға бағытталған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Акция аясында ауданда санитарлық тазалық жұмыстарын ұйымдастыруға 14,8 миллион теңге бөлінген. Бей-берекет жиналған қоқыс пен құрылыс қалдықтарын шығару жұмысын «Игілік» көпсалалы кәсіпорны жүзеге асыруда. Қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған алаңдарға 4,6 миллион теңгеге жаңа қоқыс жәшіктері орнатылған.
Табиғатты көркейту бағытында да игі істер атқарылуда. Атап айтқанда, жасыл желектерді суару үшін қосымша 2 су сорғы қондырғысы орнатылып, 1,6 миллион теңгеге 10 600 түп қараағаш, 3,8 миллион теңгеге 225 аққайың, бозарша, арша секілді ағаштар мен гүлдер егілген. Қаратау қаласындағы саябақтар мен аллеяларды күтіп-ұстауға 13,1 миллион теңге қарастырылса, көгалдандыру жұмыстарына бөлінген 15,2 миллион теңгеге 5 ұңғыма қазылған. Ауданның «Жасыл белдеу» аумағында 10 мыңнан аса ағаш отырғызылған. Сонымен қатар, «TazaLike» және «Әр ауылдық округке 2000 тал егу» акциялары аясында жалпы 39 мыңға жуық көшет егіліпті. Сол секілді 27 маусым күні Талас аудандық қоғамдық кеңестің мүшелері мен Қаратау қаласы әкімдігінің қызметкерлері «Тамды әулие» бұлағына арнайы барып, сенбілік ұйымдастырды. Іс-шара барысында қатысушылар бұлақ маңын тұрмыстық қалдықтар мен қоқыстардан тазартып, табиғатты аялау ісіне өз үлестерін қосты.
Сондай-ақ экобақылау тобы туристік және тарихи-мәдени нысандарға мониторинг жүргізу мақсатында 5 маусым мен 15 маусым аралығында Тараз қаласы мен Жамбыл ауданында орналасқан ескерткіштерді аралады.
Республикалық акцияның екінші онкүндігі аясында Тараз қаласы мен бірнеше ауданда экобақылау жүргізілді. Тексеру барысында облыс орталығы мен аудандардағы елді мекендердің абаттандырылуы, көгалдандыру жұмыстары, жасыл желектерді суару мен күтіп-баптау, сондай-ақ қоқыс орындарын жинау және тасымалдау жұмыстары жан-жақты зерделенді. Зерделеу кезінде бірқатар мәселе анықталды. Мәселен Тараз қаласы бойынша қоғамдық экобақылауды кеңес мүшелері Рүстем Рахманбердиев, Сәбит Сейітбеков және Әбдімәлік Зәуірбеков жүргізді. Бақылау барысында қала әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінен алынған ақпаратқа сәйкес, 2023 жылы 1 миллиард теңгеге 7 ықшамауданда, 2024 жылы 4 ықшамауданда арық жүйелерін жаңартуға бағытталған құрылыс жұмыстарының сапасыз орындалғаны белгілі. Соның салдарынан суару жүйелері іске қосылмай, абаттандыру мен көгалдандыру шаралары толыққанды жүзеге аспай қалған. Сондай-ақ «Ұлы Дала» ықшамауданы аумағына отырғызылған 1 560 көшеттің, сондай-ақ Көшек батыр көшесі бойындағы саябақ пен №64 мектеп жанындағы сквердегі ағаштардың ағын сумен жеткілікті қамтамасыз етілмегені мәлім болды. Сонымен қатар, өскіндер жер бедері тегістелмеген аумаққа отырғызылған, тамшылатып суару жүйесі іске қосылмаған, су ұңғымалары жеткіліксіз, эстетикалық абаттандыру жұмыстары мүлде жүргізілмеген. Бұдан бөлек, су ағатын лотоктардың құрылыс қалдықтары мен тұрмыстық қоқысқа толып кеткені де сынға ілікті.
«Қызыл абад» тұрғын алқабындағы жалпы көлемі 80 гектарды құрайтын «Жасыл белдеу» аймағы үш жыл қатарынан көгалдандырылып келеді екен. Әр жылы 20 гектарға 20 мың көшеттен егілген. Алайда, қоғамдық бақылау барысында 2023 жылы отырғызылған көшеттердің түгелге жуығы өнбей қалғаны белгілі болды. 2024 жылы отырғызылған жасыл желектердің 80-90 пайызы жақсы өсіп тұрса, 2025 жылдың көктемінде егілген 10 мың көшеттің тек 20 пайызы ғана тамыр жайғаны анықталды. Бақылау барысында жауапты мекеме – «Жасыл ел – Тараз» мекемесінің өкілі бұл жағдайдың басты себебі ретінде «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалы тарапынан ағын сумен қамтамасыз етудегі қиындықтарды алға тартты. Экобақылау нәтижесінде анықталған кемшіліктерді жою бойынша тиісті уәкілетті органдарға нақты ұсыныстар әзірленіп, жолданатын болды.
Ата-бабаларымыз жердің құнарын сақтап, аң-құсты да аялай білген. Ал бүгінде адамзаттың табиғатқа жасаған немқұрайдылығы экологиялық апаттарға әкелуде. Қоршаған ортаны ластау, орман-тоғайларды кесу, аң-құстарды шектен тыс аулау – орны толмас зиян келтіреді. Сондықтан да әрбір азамат экологиялық мәдениет қалыптастыруы тиіс.
Есембек ОШАҚБАЕВ,
облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі