Емхана қызметі мінсіз болуы тиіс
Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек Тараз қаласындағы «Almaz Medical Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барып, тыныс-тіршілігімен танысты. Басқарма басшысы емхананың материалдық-техникалық базасын, диагностикалық және емдік кабинеттердің жабдықталуын, сондай-ақ медициналық қызмет сапасын зерделеді. Мамандармен пікір алмасып, көрсетілетін қызметтердің халыққа қолжетімділігі мен сапасына ерекше назар аударды.
«Almaz Medical Group» – өңірдегі жекеменшік медициналық мекемелердің бірі. Мұнда терапиялық, педиатриялық, гинекологиялық көмекпен қатар, зертханалық және ультрадыбыстық қызметтер көрсетіледі. Тіпті, Сарысу, Жуалы, Талас аудандарының пациенттері мұнда МРТ (магниттік-резонанстық томография) секілді тексерілулерге келеді.
2025 жылдың алғашқы 6 айындағы деректерге сәйкес, емханаға тіркелген халық саны – 69 005 адам.
Мекемеде 92 дәрігер жұмыс істейді, бұл әр 10 мың тұрғынға шаққанда 13,3 дәрігерден келеді деген сөз. Орта буын медицина қызметкерлерінің саны – 224. Күндізгі стационар жылына 923 науқасқа қызмет көрсетеді, онда 50 төсек-орын қарастырылған.
Сапар барысында Сержан Назарбек бірқатар кемшілікті анықтады. Атап айтқанда, кейбір кабинеттердің жабдықталуы қазіргі талаптарға сай емес, қабылдау уақытының ұзақтығы мен жазылу жүйесіндегі кідірістерге байланысты тұрғындардан шағымдар тіркелген. Сонымен қатар, пациенттердің кері байланыс беру және шағым айту арналарының тиімсіздігі де сынға алынды. Дәрігер кадрлардың тапшылығы мен жүктемесінің жоғары болуы, сондай-ақ қызмет көрсету сапасындағы бірізділіктің жоқтығы да назардан тыс қалмады.
Басқарма басшысы медицина ұйымдары үшін пациенттермен тиімді кері байланыстың маңыздылығына ерекше тоқталып, қызмет сапасын арттыру және тұрғындардың өтініш-шағымдарына жедел әрекет ету жүйесін құру қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, медициналық мекеменің жұмысын жақсарту және халықтың медициналық қызметке қанағаттануын арттыруға бағытталған бірқатар нақты ұсынысын жеткізді.
Басқарма басшысы емхана жұмысын жолға қою үшін жан-жақты қолдау көрсетілетінін, соның ішінде материалдық-техникалық базаны жақсарту, мамандарды толықтыру (емханада 1000 тұрғынға бір ғана дәрігер қызмет көрсетеді), қызмет көрсету сапасын арттыру және пациенттердің кері байланыс механизмдерін жетілдіру бағытында нақты көмек шаралары қолға алынатынын атап өтті.
Облыс әкімдігі денсаулық сақтау
басқармасының баспасөз қызметі