Сергіткіш сусын сергелдеңге салып жүрмесін...
Таяуда баспасөз беттерінде Алматы қаласындағы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында елімізге белгілі ғалым-кардиохирург Ю.Пияның жетекшілігімен 43 жастағы Дәурен есімді науқасқа жүрек алмастыру отасы сәтті аяқталғаны жайлы мәлімет тарады. Науқас диагнозы – «Дилитациялық кардиомиопатия», яғни жүрек бұлшық еттерінің созылып-жиырылу қызметі нашарлаған. Дәурен энергетикалық сусындарды шектен тыс мөлшерде 5 жыл бойы үзіліссіз ішіп келген. Уақыт өте келе жүрек ақауы байқалып, 50 метр жер жүрсе ентігіп, әлсіздік мазалап, тынысы тарылатын жағдайға жеткен. Дәрігерлер жүрек әлсіздігінің себептерін зерттей келе, оның емі тек жүрек алмастыру деп шешкен. Сәті түсіп донар табылмаса, ағза алмастыру сәтті өтпесе Дәуреннің өмірі қалай аяқталары белгілі.
Иә, энергетикалық сусындар және олардың адам денсаулығына тигізетін зияны жайлы аз айтылып, аз жазылып жүрген жоқ. Қазір Қазақстан нарығында «DIZZY», «Red Bull», «Monster Energy» секілді энергетикалық сусындар ашықтан-ашық сатылуда. Жастар да, мектеп оқушылары да осы бір «сиқырлы сусынға» құмар-ақ.
Энергетикалық сусындарды белгіленген мөлшерлемеге сай тұтыну қатаң талап етіледі. Максималды мөлшер – күніне 2 құты. Одан асыру – қан қысымының немесе қан құрамындағы қант деңгейінің көтерілуіне әкеп соғуы мүмкін. Өйткені оның құрамына кофеиннен бөлек, таурин, инозит, аминқышқылдары, рибоза және дәрумендер секілді микроэлементтер кіреді.
Сергектік сыйлайтын сусындарды жиі пайдаланатын мектеп жасындағы балаларды тексеріп көретін болса, олардың бауыры 35 жастағы маскүнемдікіндей болып тұрады. Бұл улағыш сұйықтықты жасөспірімдер көп ішсе, олар түрлі ауруларға шалдыққыш келеді. Жүрек дертіне, жүйке жүйесі, асқазан, бауыр, тіпті қатерлі ісікке ұласады. Сондықтан балалар мен жүкті әйелдерге және қарт адамдар мен гипертониясы бар жандарға бұл сусынды ішуге мүлде болмайды.
Энергетикалық сусындар ағзаны күш-қуатпен қамтамасыз етеді деген тұжырым – дәлелсіз. Сусында ондай қасиет жоқ, ол тек энергия қоздырушысы. Яғни, біз өз бойымыздағы қорымызды пайдаланамыз, қысқаша айтқанда, энергияны өзімізден «қарызға» ала тұрамыз. Алайда ерте ме, кеш пе, бұл «қарызды» шаршағандық, ұйқысыздық, ашушаңдық түріндегі пайызбен қайтаруға тура келеді. Бір сөзбен айтқанда, ағзадағы өмір бойына жететін күш-қуатты тез арада сыртқа айдап шығаруға бағытталған сусын оны сарқа тауысып, әлсіздікке ұшыратып, тез қартаюға себеп болады.
Жуырда облыстық көпсалалы аурухананың кардиология бөлімшесінде емделіп жатқан 23-25 жастағы жігітті кездестірдім. Ол сәулетші мамандығы бойынша жұмыс істеп, түнімен отырып сызба сызады екен. Ұйықтап қалмас үшін күніне энергетикалық сусынның екі-үшеуін ішеді. Сол жігіт бас-аяғы бір жарым айдың ішінде қандай күйге түскенін білесіз бе? Түнімен ұйықтай алмай, ауырып шығатын болған. Содан кейін дәрігерлер оның талдамасын алып, онкологиялық сараптамаға жібереді. Белгілі болғандай, бауыр, асқазан, ішектің ішкі қыртыстарының бәрін энергетикалық сусынның зәрлі қуаты алып кеткен. Бір жарым айдың ішінде осындай қиын күйге түскен жігітті көріп, жаның ауырады. Өлуге жақын қалған жігіттің өмірі үшін дәрігерлер әбден арпалысты. Оның болашағы немен бітетіні, не болатыны белгілі жай ғой... Мұндай жағдайлар қазіргі беймаза мына өмірде аз болса да кездесіп тұрады. Ауырып, жаны сыздағанда ғана олар дәрігерге келеді. Оған дейін елемей жүре береді.
Бірде алдыма «Сoca-Сola» сусынын көп ішетін студент жігіт келді. Емделгісі келеді. Тамаққа тәбеті жоқ. Не ішсе де шөлі қанбайды, түнімен аяқ-қолы сыздап, ұйықтай алмай шығады. Жігітте артрит, артроз сырқатының белгілері жоқ. Ол үнемі отырып жұмыс істейтіндіктен қимыл-қозғалыс өте аз. Не тамақ ішсе де, артынан тұрақты түрде «Сoca-Сola» ішеді. Мамандар қараған соң, ішкі ағзасын екі-үш реттен тазаладық. Нақты айтсақ, зиянды қоспалар адам ағзасындағы ұйқы безін, бауырды, бүйректі оңай бүлдіреді. Бұл сусындар түрлі химиялық жолмен жасалады. Мысалы, қазір көп жастар көлік айдап, адам тасып ақша табуға тырысады. Түнімен смартфон шұқылап, не болмаса түні бойы компьютерде отырып жұмыс істейді. «Ұйықтамау қажет» деп тағы да энергетикалық сусын ішеді. Ал оның зияны мынада. Мұндай қуатты залалды сусындар алдымен миды улайды, есте сақтау қабілеті жоғалады, адам үнемі шаршап жүреді, жүректің соғуын нашарлатады, тіпті кейбіреуінің тілі күрмелетін жағдайға жетеді. Сондықтан мұндай зияны көп сусынды ішуден бас тартқан дұрыс.
2009 жылдың қазан айында Пенза қаласының студенті осы сусындарды шектен тыс пайдаланғанның кесірінен көз жұмды. Міне, содан да болар, Франция мен Германия елдерінде бұл сусындарды өндіруге мүлде тыйым салған. Біздің елде де Парламент депутаттары бұл мәселені бірнеше рет көтерді. 2024 жылы 21 жасқа толмаған азаматтарға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салынды. Тиісті заңға президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды. Жаңа шаралар тәуелділік қаупін азайтуға көмектеседі деп күтілуде. Бірақ әзірше одан еш нәтиже жоқ. Бізде энергетикалық сусындар кез келген адамға қолжетімді болып отыр.
Осы тұста шөл қысқанда қандай сусын ішкен жөн деген сұрақ туындайтыны белгілі. Қарапайым ғана тәсіл, күнделікті қолданатын жай су ішу керек. Ол үшін суды фильтрленген құбырдан алып, мұздатқышқа салып қойыңыз. Мұз болып қатқан суды мұздатқыштан шығарып қойыңыз. Бөлме температурасында ішіндегі мұз ериді. Мінекей, сол суды ішсеңіз, өте пайдалы.
Адамның денсаулығы, ең алдымен, оның өзіне, бала-шағасына керек. Халықтың денсаулығы – ел дамуының аса маңызды тұтқасы, болашағымыздың кепілі. Сондықтан ата-бабамыз «Бірінші байлық – денсаулық» деп бекер айтпаған. Сол себепті әрбір адам денсаулықтың маңызын, қадірін ерекше ұғынғаны дұрыс деп ойлаймыз. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демекші, түрлі сырқаттың алдын ертерек алған абзал. Дұрыс тамақтану мен дәрумендерді ұтымды пайдалану да ағзаның сыр бермеуіне ықпал етеді. Денім сау болсын десеңіз, «сиқырлы» энергетикалық сусындардан аулақ болған жөн.
Толқын АЙМАХАНОВА,
«Тараз-Болашақ» жоғары медициналық
колледжінің оқытушысы