Денсаулық

Дәрігерлерді қорғау – ұлттың денсаулығын қорғау

Соңғы жылдары елімізде медицина қызметкерлеріне жасалатын шабуылдар тым жиілеп, дабыл қағарлық деңгейге жетті. Ақ халатты абзал жандарға көрсетілетін агрессия, қорлау, тіпті физикалық зорлық-зомбылық қоғамдағы үлкен мәселеге айналды. Бұл тек дәрігерлердің ғана емес, тұтас денсаулық сақтау жүйесінің қауіпсіздігіне төнген қатер.

Ресми деректерге сүйенсек, 2019-2023 жылдар аралығында Қазақстанда 158 медицина қызметкері қызметтік міндетін атқару барысында әртүрлі деңгейдегі шабуылдарға ұшырап, зардап шеккен. 2022 жылы – 46 оқиға, 2023 жылы 80 дерек тіркелсе, 2024 жылдың алғашқы жартыжылдығында 9 оқиға орын алған. Бұл сандардың артында жанын шүберекке түйіп, адамның өмірін арашалауға тырысып жүрген жандардың тағдыры жатыр.

Жуырда Жамбыл облысының Байзақ ауданында 25 жастағы Салих Теміралы мен 24 жастағы Дәулет Марат дефибрилляторды дені сау адамға қолдану жөнінде дауласып қалған. Даудың аяғы жанжалға ұласып, фельдшер Жасұлан Бостанұлы дефибриллятордың адам өміріне қауіп төндіретінін айтқанда, Марат оған сенбей, тәжірибе жасап көруді ұсынады. Ашуға бой алдырған Марат травматикалық қарумен фельдшерге оқ атады. Қазіргі таңда Жасұлан Бостанұлының жағдайы тұрақты. Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Сол секілді Қарағанды қаласында 42 жастағы азамат жеке клиникада жұмыс істейтін мейірбикеге бейнебақылау камерасының алдында шабуыл жасап, дене жарақатын салған. Жәбірленушінің миы шайқалып, саусағы сынған. Күдікті психоневрологиялық орталыққа жатқызылды.

Ал Қостанай облыстық ауруханасында кезек күткісі келмеген науқас хирургты соққыға жыққан. Хирург есінен танып, жансақтау бөліміне түсті. Басынан қатты соққы алған дәрігердің жағдайы ауыр.

Соңғы оқиғалардан кейін Мәжіліс депутаты, тәжірибелі дәрігер Гүлдара Нұрым «Facebook» әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазба жариялап, дәрігерлерге жұдырығын ала жүгіретіндерге қатысты жазаны қатаңдатуды сұрады.

«Елімізде соңғы жылдары дәрігерлерге жұдырық ала жүгіретін жағдайлар жиілеп кетті. Ақ халатты абзал жандарға агрессияға толы физикалық зорлық-зомбылық көрсету – қылмыс.

Күні кеше Қарағандыда жеке клиникада әйел азаматша соққыға жығылды. Ал Қостанай облыстық ауруханасында урологиялық бөлімнің хирургына шабуыл жасалды.

Күрделі операциядан кейін хирург пациенттерді қабылдауға барғанда соққы алып, салдарынан есінен танып құлады. Ауыр соққы алған медицина қызметкері жансақтау бөлімінен бір-ақ шықты. Бүгінде жағдайы ауыр деп бағалануда.

Адам өмірінің арашасы болып жүрген жанға қол көтеру – сана төмендігін көрсетеді. Орынсыз әрекет, оспадар қылықтың айқын көрінісі.

Бір дәрігерге агрессиялық мінезбен бару – бүкіл денсаулық сақтау жүйесіне жасалған шабуыл. Тұтас ұлттың денсаулығына жасалған қастандық. Науқастардың өміріне қарсы қиянат деп білемін.

Дәрігерлердің онсыз да азаматтар денсаулығына алаңдап күнделікті күйзелісте жүретінін жұрт жете бағалай бермейді. Медицина мамандары басқаларға қарағанда моральдық шаршауға көп ұшырап, үйіне қысыммен қайтатынынан хабардарсыз ба?

Дәрігерлердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіру, қолсұғушылық деректеріне қатысты қатаң заң бабы қажет. Қылмыстық мінез көрсеткендерге қатысты бұрын-соңды болмаған қатаң жаза қолдану керек деп санаймын. Айыппұлдар көлемін де арттыру керек.

Дәрігерге қатысты зорлық-зомбылыққа бару, ол – тұрмыстық жанжал емес, бұл қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндірудің нақ өзі. Мен дәрігер ретінде мұндай сорақылыққа соққы беретін, мұндай қылмысқа қалқан болатын заң бабын, жаза түрін тағайындауды белгілейтін кез келді деп есептеймін», деді Г.Нұрым.

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов те мұндай әрекеттерді полиция қызметкерлеріне шабуылмен теңестіріп, жазаны күшейту қажет екенін атап өтті.

Дәрігерлердің қауіпсіздігі қоғамда қызу талқылана бастаған соң Денсаулық сақтау министрлігі Ішкі істер министрлігімен бірлесе отырып, медицина мекемелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жаңа тұжырымдама әзірлеуде. Құжат медицина мекемелерінің қызмет көрсету деңгейіне және науқастар ағынына қарай қауіпсіздік талаптарын жүйелеуді көздейді.

«Медицина қызметкерінің өмірі мен денсаулығына қауіп төндірген әрбір адам заң аясында қатаң жазалануы тиіс. Ешбір жағдай мұндай әрекетті ақтай алмайды. Әрбір дәрігер, фельдшер, мейіргер – біз үшін қымбат. Біз – бір командамыз. Әрбір маман өзін қауіпсіз сезінуі қажет», деп мәлімдеді жуырда Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Қарағанды қаласында орын алған оқиғадан кейін.

Осы ретте облыстық инфекциялық аурухананың бас дәрігері Сағыныш Нұрғабылова да өзекті мәселеге байланысты ойымен бөлісіп, бұл мәселеге ерекше мән беру керек екенін жеткізді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та медицина қызметкерлеріне шабуыл жасап, күш қолданып және қатыгездік танытқан әрекеттерге қатысты жазаны қатаңдату мақсатында ұлттық заңнамаға өзгерістер енгізу туралы Парламент депутаттарының, денсаулық сақтау саласы өкілдерінің және белсенді азаматтардың ұсынысын қолдайтынын мәлімдеді.

Дәрігерлердің денсаулығына нұқсан келтіріп, өміріне қауіп төндіретін мұндай келеңсіздіктерге «Заң және тәртіп» қағидатына сәйкес құқықтық тұрғыда батыл түрде тосқауыл қойылуы керек.

Президент Үкіметке тиісті заңнамалық түзетулер әзірлеуді тапсырды. Бұл бастама Парламентте азаматтық қоғам өкілдерімен бірге талқыланады.

23 шілде күні Премьер-министр Олжас Бектенов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың медицина қызметкерлерін қорғауды күшейту және денсаулық сақтау мекемелеріндегі қауіпсіздікті арттыру жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысы туралы жиын өткізді.

Денсаулық сақтау министрі хабарлағандай, дәрігерлерге жасалған шабуылдарды құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жеке басына қауіп төндіру әрекетімен теңестіру, сондай-ақ медиктерге смарт-бейнежетондар беру, ауруханаларда кешенді күзет жүйелерін енгізу және қабылдау бөлімшелерінде тәулік бойғы полиция бекеттерін орналастыруды көздейтін бірқатар заңнамалық түзетулерді дайындау басталған.

Олжас Бектенов медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығына назар аударды.

Ішкі істер министрінің мәліметінше, ауруханалар мен перинаталдық орталықтардың қабылдау бөлмелерінде тәулік бойғы полиция бекеттері қойылған. Барлығы 115 денсаулық сақтау нысаны қорғауға алынды. Кикілжіңдерге жедел ден қою мақсатында маршруттық патрульдер көрсетілген мекемелерге жақын орналастырылды. Қазіргі уақытта медициналық мекемелерде қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жекелеген шаралар қабылданды.

Бұдан бөлек, халық арасында профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын күшейту тапсырылды.

Дәрігер – адамның өмірі мен денсаулығы үшін күреседі. Оған қол көтеру – тек бір тұлғаға емес, тұтас жүйеге, қоғамға, ұлт болашағына қарсы қастандық. Мұндай әрекеттерге заң жүзінде қатаң тосқауыл қойылуы тиіс. Біз дәрігерлерді қорғау арқылы өзімізді де қорғаймыз.

Айжан ӨЗБЕКОВА