Білім

Кітапхана – білім мен руханият ордасы

Кітапхана – оқырман мен кітап арасындағы алтын көпір іспетті. Ал, кітап пен кітапхананың тіршілігіне жан беретін, ұлттық құндылықтар мен оқырмандар арасын жалғастырушы – кітапханашылар.

Кітапхана – оқушылардың шығармашылық жұмыстармен шұғылдануына көп ықпалын тигізіп қана қоймай, оқырманның талап-тілектерін қанағаттандырып, оқумен тәрбиелеп, қажет болған жағдайда тиімді шешімдерді қабылдауды үйретеді. Әр кітапхана оқырманның жеке басының дамуын, қызығушылығын арттыруды көздейді. Қазір цифрлық технология дәуірі болғанымен рухани азық іздеген, көзі ашық, көкірегі ояу әрбір адамның баратын қасиетті шаңырағы – кітапхана.

Осы орайда бүгінгі оқырман талғамының қайда ауғанын өз көзімізбен көріп, цифрландыру салтанат құрып тұрған кезеңдегі кітапханалардың тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасына ат басын бұрдық. Тарихи терең кітапханада орын алып жатқан өзгерістермен, іске асырылып жатқан жобалармен кітапхана директоры Эльмира Абдинова таныстырды.

Тарих қойнауына тереңдеп бармай-ақ, бүгінгі күннің биігінен қарағанның өзінде кітапханаларда көзіқарақты оқырманның көптеп жиналып жүргенін жақсы білеміз. Ең бастысы, тек қана кітап оқып қана қоймай, кітапхана қабырғасында болып жатқан іс-шараларға ынта-ықыласпен белсене қатысып жүргендері байқалады.

Кітап – бар рухани қазынаның әлемі. Оқырмандарды сол әлемге жетелеу үшін кітапханада сауалнамалар жүргізіліп, қызықты ойындар жүргізетін кітапханашылардың еңбегі зор.

Кітапхана – жастар үшін тәрбие мектебі, үлкендер үшін – даналық мекені. Мұнда өткен мен бүгін тоғысады. Әр оқырман өзіне қажеттісін табады. Бірі әдебиет оқып ой түйсе, екіншісі ғылыми кітапқа үңіліп, білімін арттырады.

Сымбат ҚУАНЫШ