Термопанель – табыс көзі
Жұмысшы мамандықтары – қоғам тіршілігінің тірегі. Қай кезеңде де ел экономикасының алға басуына үлес қосып келе жатқан еңбек адамдарының орны айрықша. Бүгінде дәстүрлі мамандықтармен қатар, заман талабына сай жаңаша бағыттағы жұмыс түрлері де пайда болуда. Солардың бірі – ғимараттарды термопанельмен қаптау ісі. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Талғат Бекниязов- осы кәсіпті меңгеріп тәп-тәуір табыс тауып жүрген азамат.
Талғат Бекниязов – Тараз қаласының тұрғыны. Жастайынан еңбекке бейім болып өскен ол кез-келген жұмысқа жауапкершілікпен қарап, өз ісін асқан қызығушылықпен атқарады. Қоғамға таңсық болып көрінген кәсіп түрімен де айналысуға да осындай қасиеті жетелегені сөзсіз.
Расында қоғамға енді танымал бола бастаған жұмыспен айналысу, таңсық дүниені тірлікке айналдыру төзім мен тұрақтылықты қажет етеді. Кейіпкеріміз бір кәсіпті ашу жолында бірнеше сыннан өткенін, қиыншылықтар туындап, алғашында көкейіне қорқыныш ұялағанын да жасырмады.
Термопанель жасау және оны орнату оңай шаруа емес. Көптеген жастар мұндай жұмысқа бара бермейді. Талғат Амантайұлы да мұны жасырмай, жастар туралы сөз қозғап, алдағы жоспарларымен де бөлісті.
Көргенін кәсіп, еңбегін нәсіп қылып жүрген Талғат сынды азаматтар өзінің ғана емес өзгелердің де мол табыс табуы жолында тынымсыз тер төгуде. Береке бейнетпен келеді. Еңкейіп еңбек еткенде ғана еңсеміз тік болады. Біз байыпты бастамасымен көпке үлгі бола білген кәсіпкер жұмысының алға баса беруіне тілектеспіз.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ